Accessibility links

1936 жылы Алматы түбінен қайтқан АҚШ ғалымының зерттеуі


"Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!" кітабының мұқабасы
"Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!" кітабының мұқабасы

Сталиндік қуғын-сүргін тұсында Қазақстанға келген Америка ғалымы Альфред Хадсонның еңбегіне Азаттық 1972 жылы шолу жасайды. Шолуды жинаққа жариялаған медиа-зерттеуші Рахима Нұриден мен осы еңбекке сілтеме жасаған тарихшы Мақсат Алпысбес монографияның маңызын талдайды.

«Тәшкенде және Петерборда оқыған бұл қазақ ғалымының маған берген ақыл, пікіріне борыштармын...» 1936 жылы, қызыл репрессия тұсында Қазақстанға сапарлап, зерттеу жасаған америкалық ғалым Альфред Хадсон (1904-1956) биыл туғанына 135 жыл толатын мемлекет қайраткері, тарихшы Санжар Асфендияровқа (1889-1938) осындай ықылас білдірген. Зерттеушінің бұл сапардағы еңбегі Kazakh Social Structure - «Қазақтың әлеуметтік құрылымы» деген атпен 1938 жылы АҚШ-тағы жекеменшік Йель университетінің баспасында жарық көреді.

Подкасты тыңдаңыз:

АҚШ ғалымының қазақтар туралы "буржуазиялық еңбегі"
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:02 0:00

Осы кітап туралы деректерде оны қазақтардың әлеуметтік институттары туралы жақсы құжатталған, бастапқы және қосымша дереккөздерге негізделген этнологиялық зерттеу деп сипаттайды. Хадсон барлық әлеуметтік топтардың негізгі бірлігі болып табылатын қазақ табиғатын тектік жағынан зерттеп, әлеуметтік топтардың сипатын ашады. Және олардың экономикалық өмірге, отбасыға, некеге, таптық айырмашылықтарға және саяси сәйкестіктер мен топаралық қатынастарға қатысын саралайды.

«ҰДАЙЫ ПОЛИЦИЯ БАҚЫЛАҒАН» ЗЕРТТЕУ

Азаттықтың Альфред Хадсонның еңбегіне жасаған шолуы былтыр, 2023 жылы Рахима Нұриден мен Әбілбашар Ілиясұлы шығарған «Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!» жинағында жарық көрді. Шолу жасаған – Хасен Оралтай. Мезгілі – 1972 жылдың 24 ақпаны. Азаттық эфирінде Альфред Хадсонның еңбегі «Қазақтың қоғамдық құрылысы» деп аударылған. Эфирге берілген дауыс сақталмағандықтан, оның жазбаша нұсқасы мәтіннің емлесін сақтай отырып өзгеріссіз беріліп отыр.

«Қазір біздің алдымызда «Қазақтың қоғамдық құрылысы» деген жүз он беттен тұратын бір кітап жатыр. Америка Құрама Штаттарындағы Yale университетінің антропология саласындағы жиырмасыншы кітабы ретіндегі 1964 жылы Құрама Штаттарында екінші рет басылған бұл кітап белгілі зерттеуші Alfred E. Hudson жағынан жазылған.

Аталған кітаптың алғысөзінде берілген автордың мәліметіне қарағанда, бұл кітапты жазу үшін автор 1936 жылы Қазақстанға барып зерттеулер жасапты. Бірақ оның кітабының алғысөзінде ерекше атап көрсетуінше, авторға Қазақстанды аралап, қазақ халқының қоғамдық өмірі және ұлттық мәдениеті мен тарихы жайында көлемді зерттеу жасау мүмкіншілігі берілмеген. Керісінше, қазақ халқы жөнінде оған берілген мәліметтер мейлінше бұрмаланып, марксистік көзқарасқа сәйкестендірілген.

Бұл турасында кітабының алғысөзінде автор былай дейді: «Менің Қазақстандағы зерттеулерім ұдайы полиция бақылауы астында болды. Мен Қазақстанның шетелдіктердің баруына тыйым салынған жерлерге бара алмадым. Атап айтқанда, Алматыдан 20 км қашықтан ұзап кете алмадым. Мәліметтің көбін маған Калинин [Қазіргі Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылы - Азаттық] колхозында тұратын 75 жастағы Өмірзақ Қарғабайұлы мен 23 жастағы Нұрмұқан Тіленшіұлы жағынан берілді. Бұлар Алматыдан 20 км қашықтықта тұрушы еді. Ұлы жүздің қазақтарынан тұратын Өмірзақ Қарғабайұлы ақсақалдың ақындығы да бар еді. Нұрмұқан Тіленшіұлы оған тәржімандық етуші еді. Оның берген мәліметтерін марксистік пәлсапаға сәйкестіруші еді», - дейді Азаттық шолушысы Хасен Оралтай 1972 жылғы хабарда.

Бәрінен марксизм белгісін іздеген әпербақан қызыл науқанның әрекесі бірден көзге ұрады.

«ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫНЫҢ АҚЫЛ, ПІКІРІНЕ БОРЫШТАРМЫН»

Азаттық радиосының Альфред Хадсон еңбегіне шолуы одан әрмен былай жалғасқан.

«Кітабының сегізінші бетінде америкалық зерттеушінің білдіруінше, өзінің Алматыда болған кезінде қазақтың көрнекті ғалымы Санжар Аспендиярұлымен де ұшырасқан. «Тәшкенде және Петерборда оқыған бұл қазақ ғалымының маған берген ақыл-пікіріне борыштымын» деп атап көрсеткен. Сонымен бірге ол кітабының бес беттен тұратын алғысөзінде бұл кітапты жазу үшін қандай еңбектерді пайдаланғандығы жайында баяндаған. Осымен байланысты кептеген ғалымдар мен олардың еңбектерінің аттарын көрсеткен.

Альфред Хадсонның 1938 жылы шыққан Kazak Social Structure кітабының мұқабасы.
Альфред Хадсонның 1938 жылы шыққан Kazak Social Structure кітабының мұқабасы.

«Мен 19-ғасырдың орта шеніндегі мәліметтерді көбірек пайдаландым. Мұның тысында пайдаланған мәліметтерімнің бұлақтарын көрсетіп отырдым. Жалпы алғанда, Атырау теңізі мен Алтай тауының арасын мекендеген қазақтар саны 1926 жылғы жалпыхалықтық санаққа қарағанда 3 миллион 959 мың кісіден тұрады. Қазақтар түркі тілінде сөйлейді. Deniy деген ғалымның «Les Langues turques» делінген кітабының 202-бетінде көрсетуінше, қазақ, қырғыз және башқұрт тілі түркі тілінің «батыс диалектісі» болып саналады» дейді. Автор «Қазақтың қоғамдық құрылысы» деген кітабының он екінші бетіндегі «Қазақ тарихы» деген бөлімінде Радловтың «Сібірден» делінген кітабында көрсетуінше, белгілі Иран жазушысы Фирдауси мың жыл бұрынғы бір қазақ ханымен қазақ руынан сөз қозғапты дейді. Кітабының бұл бөлімінде одан әрі автор жалпы қазақ тарихы жөнінде баяндай келіп, қазақтың хандары турасында тоқталады. Бұл турасында бірқатар белгілі ғалымдардың пікірлерімен таныстыра келіп, Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашиди» атты еңбегінен үзінділер келтіреді.

Мәселен былай дейді: «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін өзбек ұлысы зор күйзелді. Дағдарысқа душарласты. Олардың көбі Керей хан мен Жәнібек ханға қосылды. Олардың жалпы саны 200 000 шамасында еді. Олар Өзбек-Қазақ деген ат алды. Қазақ сұлтандары 1465 жылдан бастап, Өзбекстанның дара билеушісі болды. Олардың бұл салтанаты Өзбекстанда 1533 жылға дейін үздіксіз ұласты. Керей ханның орнына Бұрындық хан болды. Оның орнына Жәнібек ханның баласы Қасым хан болды. Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың, яғни Атырау теңізінің солтүстік және шығыс жағын биледі. Ол зор әскери күшке ие болды».

Kazak Social Structure кітабының мазмұны.
Kazak Social Structure кітабының мазмұны.

Қазақтар,- деп жалғастырды автор одан әрі, - Өзбектерден айырылып шыққаннан кейін жүз жылдың ішінде зор күшке ие болды. Қыпшақ, найман, қоңырат, жалайыр және қаңлы сияқты түрік-моңғол тарихында ірі орын тұтатын рулардан құралды. «Бабыр-намеде» көрсетуінше, 1483-1530 жылдарда қазақтар зор күшке ие халық болған. Ал 1558 жылы Cenkensin атты саяхатшы Орта Азияға барғанда, Тәшкен қаласы мен бүкіл Түркістан өлкесі қазақтардың қол астында болған. Бірақ,- дейді автор. - Осыншама күш-қуатқа ие қазақтардың өз арасында да бөлінушілік басталды. Дәлірек айтқанда олар, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып жіктелді. Санжар Аспендиярұлына көре, - деп жалғастырады «Қазақтың қоғамдық құрылысы» делінген кітабында автор одан әрі. - Қазақтардың бұл бөлінуінің себебі тек олардың шаруашылық жағдайына ғана байланысты болған. Атап айтқанда, жайлау және қыстау мәселелері сияқты істердің талабына сай осылай аталған. Автор кітабының «Қазақ тарихы» делінетін бұл бөлімінде одан әрі ноғайлардың да, қарақалпақтардың да қазақтардан саналатындығын көрсетеді», - деп аяқталады Азаттық радиосының 1972 жылғы 24 ақпандағы шолуы.

«ШОЛУДЫ ЖАРИЯЛАУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕН ТУЫНДАДЫ»

Осы шолудың мәтінін алғаш «Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!» кітабына жариялаған медиа зерттеуші Рахима Нұриденге хабарластым. Зерттеуші аталған еңбектің маңызы жайында тоқталды.

- Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған Азаттық радиосының 1972 жылы 24 ақпанда шыққан «Қазақтың қоғамдық құрылысы» деген мақаласы менің назарымды ерекше аударды. Бұл шолудың эфирден берілгеніне қазір 50 жылдан асып кетті. Онда америкалық ғалым Альфред Хадсонның кітабы жайында айтады.

Шетелдегі қазақ тілінде хабар тарататын радиоларды зерттеуші ғалым Рахима Нұриден. Ұлттық академиялық кітапхана. Астана, 7 қыркүйек, 2022 жыл.
Шетелдегі қазақ тілінде хабар тарататын радиоларды зерттеуші ғалым Рахима Нұриден. Ұлттық академиялық кітапхана. Астана, 7 қыркүйек, 2022 жыл.

Бұл кітаптың құндылығы сонда, тарихшылар үшін дерегі мол. Менің байқауымша қазақтың ғалымдары шетел ғалымдарының кітаптарын аса қатты біле бермейді. Бұл – тауып, оқуға тұрарлық кітап. Альфред Хадсон Санжар Аспендияровпен де кездесіпті. Бұл да біз үшін қажет дерек деп ойлаймын. Сол үшін осы еңбекке жасаған Азаттықтың шағын шолуын әбден назар аударуға тұрарлық деп есептеп, «Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!» деген кітапқа енгіздім. Шолуды жариялау осындай қажеттіліктен туындады, - дейді медиа зерттеуші Рахима Нұриден.

Америкалық ғалым Альфред Хадсонның бұл еңбегіне Азаттықтың шолу жасау себебін Рахима Нұриден былай шамалайды.

- Хасен Оралтай бұл шолуды 1972 жылы берді десек, қазірдің өзінде 50 жылдан асты. Ал Альфред Хадсонның қазақтар туралы зерттеу кітабының алғаш шыққанына да 80 жылдан асыпты. Сонда бұл құндылығын жоймайтын мәлімет қой. Соның бәрін біз енді ғана қарастырып отырмыз. Шын мәнінде мұны көптеген ғалымдар білуге тиіс деп ойлаймын, - дейді Рахима Нұриден Азаттыққа.

«БУРЖУАЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ»

Азаттық 1972 жылы шолу жасаған Альфред Хадсонның еңбегіне тоқсаныншы жылдардың соңында қазақ шежіресі тақырыбында ғылыми жұмыс қорғаған Мақсат Алпысбес сілтеме жасаған екен. Біздің білуімізше, Мақсат Алпысбес әзірге осы зерттеуге сілтеме жасаған бірінші әлде жалғыз ғалым. Соған көз жеткізу үшін тарихшының өзіне хабарластым. Сұхбат төмендегідей болып шықты.

- Қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылыс, туыстық қатынастар, ру-тайпалық жүйе, олардың қызметі жайында америкалық ғалым Хадсонның еңбегінде жақсы баяндалған. Бірақ біздің зерттеушілердің осы еңбек жайында хабары аз. Бірақ олар осы еңбекке ұқсас, көп қолданылатын Аристовтың, Радловтың, жалпы айтқанда революцияға дейінгі ресейлік зерттеушілердің еңбектерін өте көп пайдаланады. Олардың Америкада, батыста шыққан еңбектерге, монографияларға көп сүйене қоймайтынын байқадық.

Мақсат Алпысбес, тарихшы. Сурет жеке архивінен алынды.
Мақсат Алпысбес, тарихшы. Сурет жеке архивінен алынды.

- Өзіңіз Хадсонның еңбегін қалай таптыңыз?

- Қазақстанда қазақ шежірелерін зерттеуге идеологиялық себептермен рұқсат етілмеген. Біздің ұстазымыз Болат Көмеков көрсеткендей, 1970 жылдары қазақ шежірелерін зерттеу жөнінде талпыныс болған екен. Бірақ оған тосқауыл қойылыпты.

1999 жылы Қазақстанда алғаш рет, Қарағанды мемлекеттік университетінде мен шежірелер тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Одан кейін осы зерттеуді жалғастырып, 2007 жылы тарих ғылымдары докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. Ғылыми жұмыс барысында ресейлік немесе еліміздің аумағында кең таралған мәліметтерден бөлек, алыс шетелде жарық көрген еңбектерге де назар аудардық.

Сол кезде Хадсонның еңбегін пайдаландым. Бұл – ғылыми тұрғыдан мазмұны мәнді бірден бір еңбек. 19-ғасырда Батыс Еуропа және Америка елдерінде антропологиялық зерттеуге көп мән беретін болған. Соның ішінде америкалық әлеуметтік, мәдени антропологиялық зерттеу мектебінің өкілдері өзіндік мектеп қалыптастырған.

- Хадсонның кітабын қайдан алдырдыңыз?

- Бұл кітапты біздің кітапханалардан таба алмайсыз. Осы жерде менің тағы бір ұстазым, шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминовқа алғысымды айтқым келеді. Ол кісі жинаған әртүрлі ғылыми зерттеу еңбектерінде Хадсонның кітабының көшірмесі бар екен. Соны ол кісі маған оқып, зерттеуге мүмкіндік берді.

- Альфред Хадсон өзі де кіріспесінде келтіргендей, Алматыдан 20 шақырым жерден ұзамаған сияқты. Бір жерде ғана отырып, бірнеше адаммен ғана тілдескен ол қаншалықты толық, қанық мәлімет ала алған?

- Америкалық ғалымдардың зерттеу жүргізуі өте тиянақты деңгейде. Олар бір жерде отырса да барынша көп мәлімет жинауға тырысады. Мен бұл кітаптың мазмұнымен бас-аяғына шейін таныспын. Хадсон қазақтың жүздік, рулық құрылымы, тайпалары, жерлері, қалыптасуы, әлеуметтік құрылысын егжей-тегжейлі сипаттап жазған. Бірақ оның пайдаланған басқа да дереккөздері көп болған. Қазақстанның өзінде бұған ұқсас еңбек кейін академик Әлкей Марғұланның тапсырмасымен 1950 жылдары ғана жазылды. Сол кезде қазақтың этникалық территориясы, адамдардың қоныстануы, этникалық құрамы, ру-тайпаларын зерттеген үш ғалым болған. Олар: әйгілі қазақ этнографы Халел Арғынбаев, Марат Мұқанов және Вениамин Востров деген зерттеушілер. Олар 1960 жылдардың ішінде «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец XIX - начало XX в.)» деген орыс тілінде үлкен монографиялық зерттеу жазды. Бұл зерттеудің қазақша нұсқасы 2000 жылдары шықты. Марғұланның тапсыруымен жазылған осы зерттеу мен Хадсонның монографиясын бірін-бірі толықтыратын, бір-біріне пара-пар еңбектер деуге болады.

- Хадсонның қазақтардың әлеуметтік құрылымы туралы еңбегі неше рет жарық көрген? Мендегі деректер дұрыс болса, алғаш 1938 жылы Йель университетінің антропологиялық сериясымен жарық көрген, одан кейін 1964 жылы Америкада екінші рет тағы да шыққан...

- Мен Хадсонның еңбегінің екі басылымын көрген жоқпын. Менің қолымда бір ғана 1938 жылы шыққан алғашқы басылымы болды. Оның өзінде де ксерокөшірме еді.

- Хадсон еңбегінің кіріспесінде Санжар Асфендияровты атап, алғыс, ықыласын білдіреді. Солай ма?

- Батыс ғалымдарына 1920-1930 жылдары жазылған Мұхамеджан Тынышбаевтың және Санжар Асфендияровтың қазақ тарихы, қазақ ру-тайпалары құрылымы туралы жазған зерттеулері әсер еткен. Сондайда олардың «Сана» журналына шыққан материалдарын атай кетуге болады.

- Қазақстан тарихшылары, жалпы Орталық Азия тарихын зерттеушілерінің Хадсон еңбегін елемеу себебі неде деп ойлайсыз?

- Советтік дәуірде ғылыми еңбектерді, монографияларды жазған кезде ең алдымен марксистік-лениндік тұжырымға сүйене жазу керек деген ұстаным болды. Маркстің, Лениннің, Энгельстің еңбектерін келтіре отырып жазу керек болатын. Одан кейін компартия басшылары мен совет ғалымдарының еңбектері аталуға тиіс еді. Шетелдік зерттеушілерді «буржуазиялық ғалымдар» деп айыптады. Олардың еңбектерін капиталистік елдердің Совет одағына қарсы дұшпандықпен жазылған кітап деп бағалап, қабылдамаған.

- Бірақ тәуелсіздік алғалы да 30 жылдан асып кетті емес пе?..

- Совет үкіметі кезінде бір жақсылық пен бір жамандық болды. Сол кезде билік ғылымның дамуын қолдағанымен, идеологиялық тұрғыдан қатты қыспақ көрсетті. Ал тәуелсіздік жылдары идеологиялық қыспақтан шыққанымызбен, ғылымды қолдау тоқтап қалды ғой...

- Қазақстанда көбіне батыс тілдеріндегі, жалпы шет тілдеріндегі дереккөздермен жұмыс істеу жетіспейді. Әдетте орыс тіліне аударылған еңбектерге ғана сілтеме жасалады. Хадсон еңбегінің орыс тіліне аударылмауы оның танылмауына себеп бола ала ма?

- Жалпы менің байқағаным – Германия, Франция, Ұлыбритания және Америка елдерінде жарық көрген түркі халықтарының тарихын шынайы түрде жазған еңбектерді орыс тіліне аудармауға тырысқан. Ал керісінше түркі халықтарын жабайы, мәдениеті төмен, тарихы жоқ халық сипатында көрсеткен еңбектер ғана орыс тіліне аударылған. Мысалы, Доссонның Шыңғыс ханды қаралайтын еңбегі – сол қатардағы жұмыс. Ал Германиядағы түркі-моңғол халықтарын, Алтын Орда дәуірін зерттеген неміс тіліндегі мықты еңбектер әлі күнге орыс тіліне аударылмаған...

ХАДСОННЫҢ ЕҢБЕГІ ШЫҚҚАНДА АСФЕНДИЯРОВ ТА АТЫЛДЫ

АҚШ-тағы алғашқы университеттердің бірі, 320 жылдан астам тарихы бар Йель университетінің ғалымы Альфред Хадсонның бұл кітабын Қазақстан кітапханаларынан да сұрастырып көрдік. Әлбетте, бұл еңбек біз сұраған кітапханалардағы сөрелерден де, кітап қоймаларынан да шықпады.

Хадсонның өз кітабының кіріспесінде Санжар Асфендияровқа ықылас білдіруі – назар аудартатын жайлардың бірі. 1935 жылы, яғни, америкалық ғалым Алматыға келерден бір жыл бұрын ғана Санжар Асфендияровтің лениндік-маркстік тұжырымдама тұрғысынан жазған «Қазақ тарихының очерктері» жарық көрген еді.

Ал Хадсонның «Қазақтың қоғамдық құрылысы» зерттеуі ол еліне оралған соң екі жыл өтіп, Йель университетінің антропологиялық жинағының 20 санында жарық көреді.

Бұл 1938 жыл болатын. Сол жылы қаңтар айында Альфред Хадсонның зерттеуі жарық көрсе, 25 ақпан күні мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, дәрігер Санжар Асфендияров ату жазасына кесілді. Сол түні үкім орындалады...

«Азаттық радиосына – 70 жыл» подкасының бүгінгі 67 эпизодында біз Альфред Хадсон еңбегіне 1972 жылы Азаттық радиосы шолу жасағанын білдік. Медиа-зерттеуші Рахима Нұриден мен тарихшы Мақсат Алпысбестің пікірлерінен хабардар болдық.

Бұл эпизодта Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған Хасен Оралтайдың жеке қорындағы материалдар пайдаланылды.

«Азаттық радиосына - 70 жыл» аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG