Accessibility links

Орамал тартқан оқушыны сабаққа кіргізу туралы сот қаулысын мектептер неге орындамайды?


Қазақстанның бірнеше өңірінде сот мектеп әкімшілігінің басына орамал тартқан шәкіртті сабаққа кіргізбей, оқудан шығаруын заңсыз деп тапқан. Бірақ сотта жеңіп шыққан ата-ана мен мектеп арасындағы тартыс тоқтар емес. Неге?

СОТ ҚАУЛЫСЫНА ҚАРАМАСТАН, ОҚУШЫ МЕКТЕПКЕ КІРЕ АЛМАЙ ЖҮР

Қарағандының 13 жастағы тұрғыны Әнел Мусинаның ата-анасы қызын сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарып жіберген мектеп әкімшілігін сотқа беріп, жеңіп шықты. Мектеп әкімшілігі 7-сынып оқушысын басына тартқан ақ орамалын шешпеді деп сабаққа кіргізбей қойған.

Әнелдің әкесі қызын оқуға қайта қабылдау туралы сот қаулысын алып, мектепке барған. Ол бір жыл бойы оқу бағдарламасынан қалып қоймас үшін жеке мұғалімдерден сабақ алған қызын мектепке қайта қабылдауды сұрап өтініш жазған. Бірақ мектеп әкімшілігі Болат Мусиннің өтінішін қабылдамаған.

– Қызымды мектепке неге қабылдамағанын түсіндіріп, маған жазбаша жауап беруін сұрадым. Олар бас тартты. Сотта дәлел болсын деп, бәрін видеоға түсіруге тура келді. Мектеп әкімшілігі баламды мектепке алмай, әрі қарай да мәселе туғызатын сияқты. Онысы өкінішті. Сот шешімі бар, бірақ одан пайда жоқ, – дейді Болат Мусин.

Қарағандылық оқушы Әнелді басына орамал тартқанына бола мектептен шығарып жіберген.
Қарағандылық оқушы Әнелді басына орамал тартқанына бола мектептен шығарып жіберген.

Оқу жылы аяқталғаннан кейін маусымның аяғында, Қарағандының әкімшілік соты Болат Мусиннің арызын қанағаттандырған. Болаттың қызын 2023 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарып жіберген. Оқудан шығармас бұрын, мектепте діни сипаттағы киім киюге болмайды деп, Әнелге тәртіптік жаза қолданған. Ата-анасы мектеп әкімшілігінің Әнелді сабаққа кіргізбей қойғанын видеоға түсіріп, полиция шақырып, акт толтырған.

Сот қыздың киіміне, басындағы орамалына қарап, ата-анасының арызын орынды деп тапқан. Судья Әнелді мектептен шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тауып, оның күшін жойған. Сондай-ақ мектеп әкімшілігін оқушыны қайта қабылдап, 8-сыныпқа көшіруге міндеттеген. Сот бұл шешімін Конституцияда тегін орта білімге кепілдік берілген деп түсіндірді. Ол білім беру ұйымына оқу формасы талабын бұзған оқушыны оқу процесінен шеттету құқығы берілмеген деді.

"Іс материалдарына қарағанда, оқушы Әнел Мусинаны орамал тартқаны үшін оқудан шығарып жіберген. Мектеп әкімшілігінің әрекеті оқушының орта білім алу құқығын бұзған", – деп жазылған сот қаулысында.

Сот Конституцияның 14-бабы 2-тармағына сүйенген. Онда азаматтарды діни көзқарасына бола кемсітуге болмайды деп көрсетілген. Судья Қазақстан халықаралық құқық субъектісі ретінде 1989 жылғы 20 қарашада қабылданып, 1994 жылы Нью-Йоркте қол қойылған "Бала құқығы туралы" Конвенцияға сәйкес, кез келген жағдайда бала мүддесін жоғары қоюға міндеттеме алғанын ескертті.

Қарағанды сотының шешімінде оқушыны оқу формасы талабын бұзғаны үшін оқу процесіне қатыстырмау фактісі жайлы білім саласындағы мемлекеттік органдарға хабар берілгені жазылған.

"Білім бөлімінің ақпаратына сәйкес, жеке қаулыда көрсетілген мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылған", – деп жазылған сот қаулысында.

Оқушы Әнел Мусинаның әкесі Болат Мусин
Оқушы Әнел Мусинаның әкесі Болат Мусин

Азаттық тілшісі Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен "Әнел Мусина мектепке қайта қабылдана ма?" деп сұрады. 25 шілдеде мектептен жауап келді.

"Назарбаев зияткерлік мектебі" автономды білім беру ұйымы бірінші инстанциядағы сот шешіміне келіспейді және апелляциялық арыз береді. Ата-ананың оқушыны мектепке қайта қабылдау туралы өтініші қабылданған жоқ, өйткені сот шешімі әлі күшіне енбеген", – деді мектеп әкімшілігі (жауап хат мәтіні қаз-қалпында берілді – ред).

БАСҚА ӨҢІРЛЕРДЕГІ СОТ ШЕШІМДЕРІ

Биыл маусым айында Павлодар облыстық соты 6 және 9-сынып шәкірттерінің анасы берген арызды қанағаттандырып, білім беру мекемесін оқушы қыздарды сабаққа кіргізуге міндеттеген. Сот Қалқаман ауылындағы мектеп әкімшілігінің іс-әрекеті заңсыз деп таныған. Оқу-ағарту министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті соттан арызды "кәмелетке толмаған балалардың мүддесін ескере отырып", шешім шығаруды сұрады. Судья оқушы балаларды қолдады. Ол мұны "Конституцияда мемлекет әр адамды орта біліммен қамтамасыз етуге міндеттелген" деп түсіндірді. Соттың айтуынша, заңда мектеп формасын кимеген оқушыны сабаққа кіргізбеу деген шара қарастырылмаған.

Алматы облысы Қаскелең қаласында маусымның соңында тағы бір сот тараптардың келісімге келуімен аяқталды. Екі оқушы қыздың ата-анасы балаларын орамал тартқанына бола сабаққа кіргізбей қойған мектеп әкімшілігін сотқа берген. Олар мектеп әкімшілігінің бұл әрекетін заңсыз деп тауып, балалардың орта білім алу құқығын шектеуге тыйым салуды сұраған. Сотта тараптар медиативті келісімге келген. Келісім шарттарын жариялауға болмайды. Бірақ соңында Ұйғыр ауданындағы Шағын Ақсу орта мектебінің екі шәкірті оқуын жалғастырады. Мектеп әкімшілігі сот талабын орындамаған жағдайда жауапқа тартылады.

Жақында осыған ұқсас жағдай Түркістан облысында да болды. Басына орамал тартқан оқушының ата-анасы мектептің әрекетін заңсыз деп табуды сұрап, баланың білім алу құқығы шектелді деп шағым түсірген. Сот арызды жартылай қанағаттандырды: судья оқушыны сабаққа кіргізбей қойған мектептің ісін заңсыз деп тапты, бірақ білім беру мекемесінен оқушыны қайтадан мектепке қабылдауды талап еткен жоқ. Сот мұны арыз беруші екінші талабында қай баланы меңзеп отырғанын нақтыламаған деп түсіндірді.

Солтүстік Қазақстан облысында да осындай тартыс болып жатыр. Ата-ана кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қаулысын заңсыз деп тануды сұрайды. Ол қаулыда оқушыдан орамалын шешуді талап еткен. Ата-ана комиссия бала тәрбиесіне араласа алмайды дейді.

СОТ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН

Мектептің орамал тартқан оқушы қызды сабаққа кіргізбеуі заңсыз деп тапқан соттардың бәрі заңда оқу формасы талабын бұзған балаларды оқу процесінен шеттету шарасы қарастырылмаған дейді.

"Қазіргі заң бойынша, оқу процесіне қол жеткізуді шектеу немесе тыйым салу қарастырылмаған, оның ішінде мектеп формасы жөніндегі талапты бұзған оқушыға да мұндай шара қолдануға болмайды", – деп жазылған сот қаулысында.

Міндетті мектеп формасы жайлы талап 2016 жылғы 14 қаңтарда сол кездегі білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген.

26-бұйрық не туралы?

"Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды".
Білім және ғылым министрлігінің (қазір – оқу-ағарту министрлігі) 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы

Сот бұйрықта мектеп формасы талабын бұзған баланы сабаққа кіргізбеу керек деген ереже жоқ дейді. Судьяның пікірінше, бұл заң талабына қайшы келеді, мектептің әрекеті баланың орта білім алу құқығын бұзады. Бұл әрекет мемлекеттің "орта білім алу саласындағы бала мүддесін қорғау" жайлы міндеттемелеріне сай келмейді.

Сотқа мүдделі тарап ретінде шақырылған оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бір жағдайда (Қарағандыда Болат Мусиннің арызы бойынша өткен сот отырысында) істі судьяның қарауына қалдырған, екіншісінде балалардың пайдасына шешім шығаруды сұрады. Кейде сот отырыстары оу-ағарту министрлігі өкілдерінің қатысуынсыз өтті. Министрлік сот шешімдері жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Осыған дейін билік оқу жылының ортасында мектепте орамал немесе діни символиканың кез келген түрін тағуға тыйым салынады деген. Билік мектеп қабырғасындағы тыйымды өркениетті ел принциптерімен байланыстырады.

Қазақстандағы діндар отбасылар кезігетін мәселелерді көтеріп жүрген құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов елде бірінші рет соттар орамал тартқан оқушылар мен ата-аналарды қолдап, шешім шығарғанына назар аударады. Бірақ мектеп директорлары мен білім бөлімдерінің орамалға қарсылығы тоқтамаған.

Қарағандылық заңгер, құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов
Қарағандылық заңгер, құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов

– Соттар Конституцияда көрсетілген білім алу құқығына басымдық беріп отыр. Бірақ мектептер сот шешімі әлі күшіне енбегенін және апелляциялық өтініш беруге құқылы екенін алға тартып, шәкірттерді оқуға қайта қабылдауға асықпай отыр, – дейді құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов.

Ол сот органдары балалар мүддесін қорғайтын шешім қабылдағанына қарамастан, жаңа оқу жылында басына орамал тартқан қыздарды сабаққа кіргізбей қою әрекеті жалғасуы мүмкін дейді.

– Мұны созбақтап отыруына, бұған дейін кейбір депутаттар қозғаған, орамалға заң жүзінде тыйым салу керек деген мәселені қалай болғанда да қарастыруға деген талпыныс себеп болуы мүмкін. Бірақ әлдебіреудің соны "қалайтынына" емес, тек заңда бекітілген нормаларға сүйену керек. Қазір оған қоса экстремизммен, терроризммен күресті желеу етіп, соған таңуға тырысуы мүмкін, бірақ әлдебір ұрандар адам құқығын бұзуға негіз болмауға тиіс екендігін ұмытпаған жөн, – деп есептейді құқық қорғаушы.

Бұған дейін Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетовтің мектеп әкімшілігі оқушының бірыңғай киім үлгісі туралы ережеге қайшы дегенді алға тартып, оқушы баланың білім алу құқығын шектей ала ма деген сұрағына Конституцияның 39-бабынан үзінді келтіріп жауап берген. Ол бапта "Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деп жазылған.

Қазақстанда орамал дауы мектептермен қоса колледждерде де кездеседі. Мысалы, жақында Қарағандыда ата-аналар екі жеке меншік колледж абитурент қыздардың орамал тартқанына бола құжаттарын қабылдамай қойды деп шағынды. Ата-аналар балаларының білім алу және мамандық таңдау құқығына шектеу қоймауды сұрап, облыстық білім басқармасына, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне және дін істері жөніндегі басқармаға жүгінді. Құзырлы органдар әзірге ресми жауап берген жоқ.

XS
SM
MD
LG