Accessibility links

Жақсыбек Күлекеевтің куәгерлері сотта болмады


Астанада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысының үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты алғашқы сот отырысы басталды.

Қазіргі уақытта Жақсыбек Күлекеевке 100 мың доллар пара алды деген ауыр айып тағылып отырғаны белгілі. Прокурор сотталушының бірнеше қылмыс бойынша жауапқа тартылуы керектігін ескертті. Алайда оның адвокатының уәжін тыңдайтын болсақ, мұндай айыптаулардың ешқайсысының да негізі жоқ.
Астанадағы Сарыарқа ауданының №2 сотында өтіп жатқан бұл процеске төрағалық етуші - судья Нұржан Жолдасбеков. Ол БАҚ өкілдерінің сотқа қатысуына қарсы болмағанымен, осы оқиғаны жазуға, түсіруге сот басталардың алдында азғантай ғана уақыт берді.
Айтқандай-ақ прокурордың айыптауы оқылып бола салысымен судья тарапынан "диктофондар мен бейнекамералар өшірілсін" деген нұсқау берілді. Міне сондықтан айыпталып отырған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеев пен оның адвокаты Сәлімжан Мусиннің айтқан сөздерін БАҚ өкілдері сот отырысы кезінде жаза алмады.
Өз сөзінде прокурор Шәріпов айыпталушы Күлекеевтің бір емес, бірнеше қылмысқа қатысты жауапқа тартылуы керектігін қадап айтты:
- Біріншіден, ол өзінің отбасында болған "Лексус" автомашинасын «Қазақстан темір жолы» компаниясына қымбат бағамен сатқан. Ол көлікті ертеректе өзіне алып, кейін туысының атына жазған. Көлік құны 11 миллион теңге шамасында.

Күлекеев үйін күзету үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының күзетшілерін жалдаған. Бірақ оларға еңбекақы компания бюджетінен төленген. Осылайша шығын 2 миллион теңгеге жуықтаған.

Сондай-ақ прокурор Күлекеевті туысының жол жөндеу тендеріне қатысуына көмектесті деп те айыптады. Оның айтуына қарағанда Күлекеев пайда табу үшін жиені Дәуренбаеваның жауапкершілігі шектеулі серіктестігін түрлі тауар сатып алуға байланысты өткізілген мемлекеттік тендерге қатыстырған. Нәтижесінде, айыпталушының туысы тендерді жеңіп шығады. Келісім сомасы бір миллиард теңгеден асқан екен. Бірақ, тендер жеңімпазы берген темір жол жөндеуге қажет шпалдар мемлекеттік стандарттарға сәйкес болмай шығады. Кеткен шығынның сомасы - 340 миллион теңгеден асқан көрінеді.
Алайда Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин соттың алғашқы отырысы аяқталған соң БАҚ өкілдеріне тендерге қатысты тағылып отырған айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді:
- Оған тендерлік комиссия төрағалары жауапты. Айыптаушылар Күлекеевтің конкурстарға қатысқандығына байланысты дәлел келтіре алған жоқ. Оның үстіне бұл әрекеттер қылмыстық емес, азаматтық-құқықтық тұрғыдан шешілуі тиіс мәселелер.
Ал, прокурор Шәріпов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына 100 мың доллар пара алды деген де айып тағып отыр:
- Бұл оқиғада айыпталушы компанияға қажет дезинфекциялық заттарды алуға жарияланған тендерге қатысушы кәсіпкерге "көмектеспекші" болған. Күлеккев «Бекет-АСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тендерді жеңіп беруі үшін 100 мың доллар көлемінде пара алды. Ол 100 долларлық банкноттармен салынған ақшаны алған соң машинадан түсіп жатқан кезде тұтқындалды.
Ал адвокат Сәлімжан Мусин болса, айыптаушы жақтың келтірген дәлелдерінің жеткіліксіз екендігін айтады:

- Айыптаудың, дәлірек айтқанда пара алудың дәлелі жеткіліксіз, аудиожазба да, бейнежазба да жоқ, - деді адвокат. Оның айтуынша, айыпталушы жақтың бірде бір куәгері сотта жоқ та, ал айыптаушы жақ сотқа 63 куәгерді қатыстырып отыр.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев өзіне тағылған айыптаулардың ешқайсысын да мойындамайтындығын мәлімдеді.

Сот әлі жалғасып жатыр.
XS
SM
MD
LG