Accessibility links

Американдық генерал жақында Вашингтонда Назарбаев пен Обама кездеседі дейді


АҚШ қолбасшысы Дэвид Петреус Астанада баспасөз-конференциясында. 5 сәуір 2010 жыл.
АҚШ қолбасшысы Дэвид Петреус Астанада баспасөз-конференциясында. 5 сәуір 2010 жыл.

Американдық әскери қолбасшы Дэвид Петреус Астанадағы сапарында Қазақстан - АҚШ президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обама сәуірдің ортасында Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік саммиті аясында кездесетіндігінен хабардар етті.

«ӘСКЕРИ БАЗАЛАР ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ЖОҚ»

АҚШ-тың орталық әскер штабының қолбасшысы Дэвид Петреус бүгін Астанада Қазақстанның мемлекеттік хатшысы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен және қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековпен кездесті.

АҚШ қолбасшысы Қазақстанға кезекті сапарының мақсатын өзінің аймақтағы жұмысымен түсіндіріп өтті.

«Мен Орталық Азия елдерін әр жарты жыл сайын аралауға тырысамын. Бұл Қазақстан басшылығы мен біздің бағдарымызды салыстырып отыру, сондай-ақ өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін қажет», - деді Петреус 5 сәуір күні Астанада өткен баспасөз-мәслихатында.

Генерал соңғы 16 айдың ішінде Қазақстанға осымен үшінші мәрте келіп отыр. Жұмыс сапарының жиілеуін ол мемлекеттер арасындағы әріптестіктің нығая түсуі деп біледі.

Петреустың айтуынша, «АҚШ-тың қазіргі таңда Қазақстан аумағында әскери база ашу туралы ешқандай жоспары жоқ, одан қалды бұл мәселе біздің кездесулердің ешқайсысында да қозғалған емес».

Сонымен бірге Петреус Ташкентте осы аптада өтетін кездесулерінде Өзбекстан аумағында да әскери база орнату мәселесі көтерілмейтіндігін атап көрсетті.

«СОЛТҮСТІК БАҒЫТ»
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд пен генерал Дэвид Петреус баспасөз-мәслихатында. Астана, 5 сәуір, 2010 жыл.


АҚШ қолбасшысы қазіргі күні Ауғанстанда коалициялық күштердің саны көбейгендіктен бұл елге жүк тасымалдау жұмыстары да аса маңызды болып отырғандығын атап көрсетті.

«Қазақстан «солтүстік бағыт» деп аталатын маршрут бойынша айтарлықтай іс тындырып жатқандығын айтқым келеді. Бұл бағыт Орталық Азия аумағының әуе және көлік жолдары арқылы Ауғанстанға жүк жеткізуді көздейді», - деді Петреус.

Генералдың мәліметі бойынша, бұл бағдарлама осыдан шамамен 14 ай бұрын басталды. Қазіргі таңда «солтүстік бағыт» бойынша 10 мыңға жуық контейнер тасылған.

«Солтүстік бағыт» алты тармақтан тұрады және мұнда транзиттік орталық қызметін қырғыздың Манас әуе базасы атқарып келеді.
Бұдан бөлек, АҚШ қолбасшысы есірткінің заңсыз саудасы және экстремизммен күрес мәселесі бойынша Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс орнатқандығын, бұл саладағы қарым-қатынас аймақ елдері үшін де тиімді екендігін атап көрсетті.

«Орталық Азияның басқа да мемлекеттері секілді, Қазақстан бұдан белгілі бір экономикалық табыс көріп отыр. Бұл бағдарламаға шамамен 18 айдың ішінде 62 миллион долларға жуық қаржы жұмсалды», - дейді Петреус.

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

АҚШ қолбасшысы Қазақстанды ЕҚЫҰ-на төрағалық етуімен құттықтап, МАГАТЭ-мен қарым-қатынасындағы озық жетістіктерін атап өтті.

Петреус АҚШ пен Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасы «өте тығыз» деп бағалайды.

«Бұл саладағы біздің қарым-қатынасымыздың тарихы ондаған жылдарға созылады. Біз ядролық қауіпсіздік, ядролық нысандар мен материалдарды қорғау саласында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанды жақсы әріптес ретінде үлгі тұтуға болады», - деді Петреус.

Оның пікірінше, бұл саладағы әріптестіктің маңызы өте зор, өйткені Қазақстан ең ірі уран өндіруші мемлекет.

Генерал Дэвид Петреус Қазақстан - АҚШ президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың сәуірдің ортасында Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ғаламдық саммитте кездесетіндігін де айтты.

АҚШ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ МӘРТЕБЕЛІ СЫЙЛЫҒЫ

Петреус ондаған қазақстандық офицер АҚШ аумағында түрлі курстар мен оқуларға қатысып тәлім алып жатқандығын, 2010 жылы 100-ге жуық бірлескен оқулар өткізу жоспарланғандығын атап көрсетті.

Сонымен бірге генерал-лейтенант НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндап өтті.

Петреус АҚШ президенті Барак Обаманың атынан «Құрметті легион» орденін Қазақстанның қорғаныс вице-министрі Болат Сембиновке табыс етті.

Генералдың айтуынша, АҚШ қарулы күштерінің ең жоғарғы сыйлығы қазақ офицеріне қазақстандық саперлік бөлімнің Ирақта атқарған жұмыстары үшін тапсырылды.

АҚШ генералының аймақ елдеріндегі сапары әрі қарай Өзбекстанда жалғасады.
XS
SM
MD
LG