Accessibility links

Есіргеповтың шағымы бойынша сот оның қатысуынсыз жабық өтіп жатыр


«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққаннан кейін. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.
«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққаннан кейін. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Сот отырысы Есіргеповтың қатысуынсыз өтуде. Таразға Алматыдан арнайы келген Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепованың, журналистер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің бұл отырысқа қатысуына сот алқасы рұқсат етпеді.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің Тараз қалалық сотының шығарған үкіміне берген апелляциялық шағымын қарау Жамбыл облыстық сотында қазанның 22-інде сағат 10-ға белгіленген еді. Алайда, сот ол уақыттан 50 минутқа кешігіп басталды.

Сот отырысында Есіргеповтың және осы іс бойынша айыпты деп танылған тағы екі адам – Махмадов пен Сандыбаевтар болған жоқ,
Жамбыл облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров (оң жақта). Тараз, 22 қазан 2009 жыл.
облыстық сот алқасы олардың шағымын сырттай қарауды ұйғарыпты.

Апелляциялық шағымды қарауды бастамас бұрын облыстық сот алқасы сотқа келгендерді ішке кіргізіп, бұл отырыстың жабық есік жағдайында өтетіндігін хабарлады.

Бүгінгі сот отырысына қатысу үшін Алматыдан арнайы келген Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова мен журналистің қоғамдық қорғаушысы, Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Өтеген Ихсанов өздерін қатыстыруға рұқсат беруін сұрап сот алқасына өтініш жасады. Бұған айыптаушы тарап – прокуратураның өкілі өз қарсылығын білдірді.

Сот алқасы бұған қатысты көп ойланып жатпастан, өз шешімін сол сәтте-ақ жария етті: сот жабық өткізіледі, оған сот алқасы, прокуратура мен Есіргеповке тағайындалған адвокат Салтанат Сапаевадан басқалардың қатысуына рұқсат берілмейді.

Раушан Есіргепова өз жұбайының бұл адвокотқа сенім білдірмейтіндігін айтып, сот отырысына Салтанат Сапаеваның Рамазанның қорғаушысы ретінде қатысуына өзінің қарсы екендігін мәлімдеді.

«Егер шағым иесі менің қызметімнен бас тартатын болса, онда мен де бұл істен қуана-қуана бас тартамын», – деді сол жерде адвокат Сапаева.

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова журналист Рамазан Есіргеповтың шағымын қарап жатқан Жамбыл облыстық сотының алдында. Тараз, 22 қазан 2009 жыл.
Бірақ сот алқасы Раушан Есіргепованың бұл талабын да қанағаттандырмай тастады. Сөйтіп, облыстық сот алқасы апелляциялық шағымды қарауды бастады.

«Облыстық сот алқасының Есіргеповтың шағымын жабық жағдайда қарау туралы қабылдаған шешімі заңға қайшы. Себебі, апелляциялық сотта бірінші сатыдағы соттың қабылдаған шешімінің заңға сәйкестігін, түрлі қателіктердің кетпеуін қарайды, яғни, бұл сот алқасында ешқандай құпия ақпарат-деректер қаралмайды», – деді журналистің ісі бойынша сотқа Алматыдан келгендердің бірі «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова Азаттық тілшісіне.

Қазір Есіргеповтың зайыбы және осы іске байланысты Таразға арнайы келген журналистер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жабық жағдайда өтіп жатқан Жамбыл соты ғимаратының алдында тұр.

Бұл күнгі оқиғалардың ары қарай қалай өрбігенін Азаттық хабарлап отыратын болады.
XS
SM
MD
LG