Accessibility links

Сайлауда жеңіске жетеріне сенімді Қарзай Ауғанстанды тағы бес жыл басқарғысы келеді


Ауғанстанның қазіргі президенті Хамид Қарзай бейсенбі күнгі сайлауда келесі мерзімге сайланатынына сенімді. Ал жексенбіде өткен президенттіктен үміткер үш кандидаттың телесайысы кезінде Қарзай ауғандықтарды аузына қарата алды ма?

Азат Еуропа/Азаттық радиосындағы ауған редакциясының директоры Акбар Аязиге берген сұхбатында президенттіктен үміткер Хамид Қарзай өзінің алдағы сайлауда жеңіске жететініне сенімді екенін байқатып отыр.

Кейбіреулер сайлаушыларынан оқшау тұрған кандидат деп атайтын Қарзай телесайыс барысында елдегі болып жатқан жағдайлардан өзінің хабардар екенін көрсетуге тырысты.

Тамыздың 20-дағы президенттік сайлауда жеңіске жетуді көздеген Қарзайдың сайлауалды науқаны оның президенттік сарайдан кетуге дайындалып жатпағанын танытты.

Қайта сайланудан үміті зор Қарзай өткен аптада жүргізілген сауалнамаларда, ауғандықтардың 62-і пайызы елдің бағыты дұрыс деп санағанын, бұл әлеуметтік зерттеуге қатысқандардың 44 проценті өзіне дауыс береміз деп айтқанын келтіріп отыр.

Және Хамид Қарзай өзі билікте болған соңғы сегіз жыл ішінде Ауғанстанның жеткен жетістіктерін тізіп шықты:

“Бүгін біздің ұлттық валютадағы қорымыз бен алтынымыз - 3,7 млд долларды құрады. Бұл жеті жыл бұрынғы 180 млн-нан жоғары. Ауғанстанның саудасы, өндірісі мен ішкі кірісі барлығы 3-4 есе өсті. Бүкіл елде тіпті әр шақырым жердің өзі жөнделді. Қазіргі таңда 5,500 шақырым жол жасалды. Тағы да Ауғанстан өзінің ерекшелігі және әлем бойы желбіреп тұрған туымен мақтана алады. Кезінде тоқырап жатқан бұл жер қайтадан барлық ауғандықтың үйіне айналады”,- деді ол.

Хамид Қарзай радиоға берген сұхбатында Ауғанстанның шетелдік елдермен байланысына қатысты да тоқталып, елде АҚШ күштерінің орналасуын Иран қауіп ретінде қабылдамауы тиіс дей келе, сыртқы саясатқа қатысты қиындықтар бар екенін атап өтті.

Дегенмен ол Ауғанстанның Батыспен байланысы дамып келеді деді.

Қарзай Ирандағы сияқты сайлаудан кейін дағдарыс болу мүмкіндігін жоққа шығарып, барлық ауғандықтармен қоса талибандардың да дауыс беруге қатысуы - Ауғанстанның тұрақтылығы мен бейбітшілігіне қосылған үлес болады деп сендіруге тырысты.

Ал мыңдаған ауғандық жексенбіде қазіргі президент Хамид Қарзай мен оның басты екі қарсыласы - Ашраф Гани мен Рамзан Башардост арасында өткен телесайысқа әртүрлі баға беріп отыр.

Ауған тарихында екінші рет қана өтіп отырған бұл телесайысты ауғандық онға жуық телеарна мен радиолар көрсетті. Екі сағатқа созылған пікірталаста президенттікке түсіп отырған үш үміткердің қайсысы жеңетіні анық болмады, десе де теледидарда өткен пікіржарысы демократиялық прогрестің белгісін байқатты.

Азаттық радиосы телесайысқа қатысты ауғандық сарапшы Насрулла Станекзайдың пікірін білген еді. Ол үш үміткер туралы былай деді:

“Башардост өте сыни түрде сөйледі. Ашраф Гани Ахмедзай барлық сұрақтарға өткір жауап беріп, алға нақты жоспарлар қойды. Қарзай өз әкімшілігінің проблемаларын сынап, жаңа бастамаларды ұсынды.”

Сонымен қатар ауған парламентариі Шукария Баракзай ханым мұндай пікірталастар дәстүрге енуі керек дейді.

“Бұл демократиялық талқылаулардың негізін құрды. Осы жақсы бастама болды және көпшілігі оны оң қабылдады. Мен мұндай талқылаулар осы пікірталаспен аяқталмайды деп ойлаймын және кім сайланса да, біз оған оның уәделері туралы есіне салып отырамыз, оның уәделерінің қалай орындалғанын көре аламыз. Пікіталастар мен талқылаулардың жалғасуы демократия мен адамдардың тәртібін қалыптастырады,”-деді ауғандық депутат.

Сонымен қатар бүлікшілер шабуылы жиі орын алатын Қандағар провинциясының тұрғыны - Хаджи Гулам Наби Сайед:

“Барлық кандидаттар өздерінің пікірілерін білдірді. Мен шындығын айтсам, олардың айтқандары мен жасағандары арасынан қарама-қайшылықты көрдім. Біз ертегі сияқты орындалмайтын уәделер айтатын көптеген адамды көрдік, бірақ олар шынайы өмірде оны жүзеге асыра алмайды. Рамзан Башардост тіпті біздің тілімізде сөйлемейді, бірақ ол үнемі шындықты айтады. Және оның қолы бейкүнә адамның қанына боялған жоқ”.

Кабулдың тұрғыны Шарафуддин Тотахел президенттік сайлауға түсіп отырған тағы бір басты кандидат - Абдулла Абдулланың телесайысқа қатыспағанына алаңдап қалғанын айтады.

“Бұл пікірталас өте қызықты болды. Егер оған доктор Абдулла Абдулла қатысқан болса, ол тіпті жақсырақ болатын еді. Қатыспағаны оған жақсы болмады және Ауғанстанның көп адамы оның қатыспағанына өкініп қалды. Доктор Ашраф пайдалы ақпараттарды жариялады. Екінші орында Қарзай да жақсы нәрселерді айтты”.

Тамыздың 20-сы күні Ауғанстанда президентік сайлаулар мен аймақтық кеңеске сайлаулар өтеді. Президенттікке 40-қа жуық үміткер түсіп отыр.
XS
SM
MD
LG