Accessibility links

"Ең бастысы - мақсат қою". Ресейде кафе ашқан өзбек азаматы


Ресейдің Екатеринбург қаласында шағын кафе ұстайтын өзбекстандық мигрант Әлішер Бажоров.
Ресейдің Екатеринбург қаласында шағын кафе ұстайтын өзбекстандық мигрант Әлішер Бажоров.

Өзбекстаннан Ресейге жұмыс іздеп барған жас жігіт әртүрлі кәсіптің басын бір шалып, ақыр соңында бала кезінен үйренген аспаздық өнері кәдеге асқанын айтады. Қазір оның шағын кафесінде өзбекстандықтар да жұмыс істейді.

32 жастағы өзбекстандық Әлішер Бажоровтың Ресейде жұмыс істеп жатқанына он екі жыл болған. Қазір Екатеринбург іргесіндегі ірі логистикалық орталықта шағын кафе ұстап, бизнесін жүргізіп отыр. Жұмысбастылығы себепті туған жеріне бармағанына бірнеше жылдың жүзі болған мигрант ол жақтағы туыстарымен тек әлеуметтік желі арқылы сөйлеседі.

Әлішер Бажоров Өзбекстанда бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білім алып, көлік жуу қызметін көрсететін жерде жұмыс істеген. 2007 жылы Ресейге кетіп, бір жыл Санкт-Петербург қаласында тұрған. Кейін сыныптастары жұмыс істеп жүрген Екатеринбургке барып, сонда қалып қойған.

- Ресейге неге кеткенімді білмеймін. Бәрі кетіп жатқан соң, мен де барғым келді. Бірінші кезде қатты өкіндім. Орыс тілін жақсы біліп, қайда барып, не істеу керегін түсінсем де, өте қиын болды. Бәрібір, салт-дәстүрі, адамдары мүлде басқа әлем болып көрінді, - дейді Әлішер.

Әлішер әдетте Ресейде мигранттар атқаратын жұмыстың бәрін байқап көрген: құрылыста, зауытта еңбек еткен, такси де айдаған. Өзіне такси қызметі қиынға соққанын айтады.

- Такси жүргізушісі алғыстан гөрі сынап-мінеуді көп естиді, клиенттер тырнақ астынан кір іздегіш келеді. Кафедегі жұмыстың жөні бөлек, - дейді ол.

Әлішер Бажоровтың дәмханасында әзірленген самса.
Әлішер Бажоровтың дәмханасында әзірленген самса.

Әлішерге өздері әзірлеген астың келушілер көңілінен шыққанын көру ұнайды. Ол ас дайындауды балалық шағында анасынан үйреніпті. Мектепте оқып жүргенде өзіне және жұмыста жүрген ағаларына тамақ істегенін айтады. Содан бері Әлішер ұлттық тағамдар әзірлеуді ұнатады. Қазір ол өзі басқаратын кафеде де тамақты өзі дайындайды.

- Барлық жұмысты істей беремін, самса да, кәуап та пісіремін, палау да басамын, бәріміз бір-бірімізге көмектесеміз. Аспаздар үлгермей жатса, үнемі көмекке келемін, - дейді ол.

Әлішердің кафесінде аспаз болып оның жерлестері еңбек етіп жүр. Екатеринбургтегі медициналық университеттің студенті Сардор кафеде түнгі ауысымда жұмыс істейді.

Нефролог мамандығы бойынша білім алып жатқан жас жігіт оқуын бітірген соң туған жеріне оралып, дәрігер болғысы келеді. Ол Өзбекстанда нефролог маман тапшы екенін айтады.

Жаңғақ шағып отырған адам.
Жаңғақ шағып отырған адам.

Сардор сабағы мен жұмысына қатар үлгеруі үшін Әлішер оның түнгі ауысымдағы жұмыс ретін студенттің оқу кестесін ескере отырып белгілейді.

- Біз үнемі бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Әсіресе студенттерге көмектескен дұрыс. Бәріміз студент болдық, өзіне қажет болса, оқумен қатар жұмыс істесін. Бұл оның болашағы ғой, – дейді Әлішер.

Қазір Өзбекстандағы анасы мен інісінің жанында тұратын, базарда аспаз болып жұмыс істейтін ағасы Джавлон жақында Әлішердің кафесіне жұмысқа келмекші. Джавлон тіс технигі мамандығы бойынша оқу бітірген, бірақ Өзбекстанда ондай жұмыс істеп жақсы табыс табу қиын.

Жеті жыл бұрын Әлішер әке атанған, алайда әйелімен дәм-тұзы жараспай ажырасқан. Қазір ол аптасына бірнеше рет қызын мектептен алып қайтып, демалыс күндері онымен жүздесіп тұрады. Ресейден кете алмауының бір себебі де осы екенін айтады. Әлішердің анасы немересін тек видеобайланыс арқылы ғана көрген. Анасы Ресейдегі ұлының Өзбекстанға келуге мүмкіндік таба алмай жүргеніне үнемі кейиді. Әлішер туған жеріне әйтеуір баратынын, бірақ дәл қашан екенін өзі де анық білмейтінін айтады. "Бәрі бір Алланың қалауымен болады" дейді ол.

Ресейдегі өзбек мигранты Әлішер Бажоров жайлы видео (орысша)


Әлішер әлі күнге Ресейден басқа шет мемлекетте болмаған. Испания астанасы Мадридті көру – бала кезден бергі арманы.

- Сүйікті командам "Реал Мадридтің" ойынын көрсем деп армандаймын. Бәрі өз қолымызда. Ең бастысы – мақсат қою. Сонда мақсатқа қарай ұмтыла бересің, - дейді Әлішер.

Қазір Әлішер Ресей азаматтығын алуды ойлап жүр. Шетелдік кәсіпкер ретінде ай сайын патентке ақша төлеп, құжат жинайды. Кейде миграция қызметі тексеріп, әуре-сарсаңға салады. Бірақ Әлішер қарапайым адамдардың көзқарасы түзу екенін айтады.

- Мен үшін ұлт деген ұғым жоқ. Бәріміз адамбыз, бір жерде, бір аспанның астында тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз. Сондықтан мен үшін орыс, америкалық немесе итальяндық деген түсінік жоқ. Бәрі – адам, - дейді ол.

("Настоящее время" сайтының материалы бойынша әзірленді.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG