Accessibility links

Әзербайжан халқы Еуропа ойындарына ақша жинап жатыр


Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ел спортшыларымен суретке түсіп тұр.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ел спортшыларымен суретке түсіп тұр.

Әзербайжанда ондаған оппозиция белсендісі мен тәуелсіз журналист түрмеде отырғандықтан, 2015 жылдың Еуропа ойындарын Бакуде өткізуге қарсылық білдіріп, бас көтеретін адам да қалмаған.

Президент Ильхам Әлиевтің үкіметі елдегі қарсы пікір атаулыны тұншықтырып келеді. Жақында бұл мемлекетте Amnesty International ұйымының жұмысына тыйым салынды, ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) елден қуылды. Сонда да ел ішінде үкіметті сынайтындар әлі бар.

ДӘРІГЕРЛЕРДЕН АҚША ЖИНАУ

Бірнеше мемлекеттік қызметкер 6 мыңға жуық спортшы қатысатын, өте қымбатқа түскен (шығыны шамамен 10 миллиард доллар) мини-Олимпиада ойындарына ақша қосуға мәжбүр болғанын айтып, шағымданды.

Елдің орталық өңірінде орналасқан Мингячевир қаласында тұратын дәрігер ауруханадағы әріптестерімен бірге әрқайсысы осы ойындарға деп 100-500 ($ 105- $ 524) манат ақша беруге мәжбүр болған.

«Әр бөлім кемінде 2000-5000 манат қосуы керек (2100- 5240 доллар). Сондықтан, бас дәрігерлер қарамағындағы қызметкерлерден ақша жинады. [Еуропа ойындарына] ақша қоспағандар жұмыстан шығарылады деген әңгіме бар» дейді атын жарияламауды өтінген дәрігер.

Менгачевир қалалық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ильхам Маилов Азаттық радиосына берген сұхбатында дәрігерлерден мәжбүрлеп ақша жинап жатыр дегенді жоққа шығарды.

Ал, «кейбір дәрігерлер ойындардың шығынын науқастардың есебінен өтеп жатыр» деген де сөз бар.

НАУҚАСТАР ДА СЫРТ ҚАЛМАЙДЫ

Бакудің созылмалы науқасқа шалдыққан бір тұрғыны Азаттық радиосының тілшісіне Facebook арқылы: «Дәрігер маған «Еуропа ойындары біткенше, екі ай бойы тегін дәрі алмайсың» деді» деген шағым айтты.

Склероз сырқатына шалдыққан науқастар әдетте айына төрт рет инъекция алады. Әр екпе шамамен 400 манат (381 доллар) тұрады.

Бакудегі Ұлттық олимпиада стадионы жанынан өтіп бара жатқан адамдар.
Бакудегі Ұлттық олимпиада стадионы жанынан өтіп бара жатқан адамдар.

Химиотерапиядан өтіп жатқан тағы бір пациент Азаттық радиосына берген сұхбатында Еуропа ойындары аяқталғанға дейін үкімет беретін тегін дәрілердің тек үштен бірін ғана алып жүргенін айтқан.

«Дәрігерлер Еуропа ойындарының шығынын өтей алмай жатқандықтан, науқастар әдеттегіден аз дәрі, аз ем алып жатыр» деген ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Сефая Ахмедова жоққа шығарды.

Елде өткізілетін үлкен спорт шарасының шығындарын өтеуге басқа мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де «атсалысып» жатқанға ұқсайды.

Экономика және өнеркәсіп министрлігінде қызмет істейтін бір азаматтың әкесі Азаттық радиосына берген сұхбатында мемлекеттік органдардың орта деңгейдегі басқа қызметкерлері сияқты ұлы да ай сайын азғантай ғана ресми жалақыдан бөлек, бонус түрінде берілетін жасырын қосымша қаражат алып отырады.

БОНУСТАН ҚАҒЫЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

«Соңғы төрт айда ұлымның 800 манат (838 доллар) болатын жалақысы 250 манатқа (262 доллар) түсіп қалды, ал оның бонустары Еуропа ойындарын өткізу үшін бюджетке жіберіліп жатыр» дейді ол.

Жасырын ақпарат берген басқа да дереккөздер Мемлекеттік кеден комитетінің қызметкерлері соңғы айларда «бонус күйіндегі жалақыларын» мүлде алмай жүргендерін айтты.

Комитет басшылары қарамағындағы қызметкерлерге «Спорт ойындарын өткізу үшін бонустар қысқартылды. Ойын аяқталған соң жалақы бұрынғы деңгейіне көтеріледі» деген.

Әзербайжандағы Сурахани ауылындағы үйлер. 2015 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)
Әзербайжандағы Сурахани ауылындағы үйлер. 2015 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

Әзербайжан Бакуге келетін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларының жол шығындарын толық төлеуге уәде бергендіктен де Еуропа ойындарын өткізу құқығын жеңіп алды. Маусымның 12-сі мен 28-і аралығында өтетін 250-ден астам шараға 6 мыңдай ойыншы қатыспақ.

2012 жылы Бакуде өткен Eurovision музыкалық байқауын ұйымдастыру кезінде де Әзербайжан өкіметі осындай мәрттік танытқан еді. Еуропалықтардың бұл елге назары ауғалы бері үкімет ел имиджінен ақшаны аямай шашып келеді.

БАКУДІ КӨРКЕЙТУ НАУҚАНЫ

Кейбір сыншылардың айтуынша, елдегі адам құқықтарының ахуалын жақсартудың орнына Әзербайжан шенеуніктері Бакуді шетелдіктерге керемет етіп көрсету үшін қаланың сыртқы келбетіне көп көңіл бөліп жатыр.

Бакудің кейбір тұрғындары басшылықтың бұл әрекеттеріне кейіс білдірді. Көп тұрғын қаланың орталық бөлігіндегі автобус бекеті қасында орналасқан көпірдің астындағы жол жақтауына салынған суретті сынға алды. «Бұл – үкіметтің қолдауымен жасалған граффити» дейді тұрғындар.

Бір қызығы, сурет салуға шақырылған суретшілердің кейбірі бұрындары көшеде граффити салғаны үшін тұтқындалған кісілер екен.

Олардың арасында бетон қабырғаларға оппозициялық ұрандар жазғаны үшін «бұзақылық жасады» деп айыпталып, он күн әкімшілік қамауда отырып шыққандары бар.

Қаланың біраз тұрғындары шағым айтып жатса, енді бір бөлігі Еуропа ойындарының өткізілуі пайдалы деп санайды. Бақтарға жаңа ағаштар отырғызылып, тез өсіп келе жатқан Бакудегі орталық бульвар маңына гүл егілді. Ойындар кезінде қала аумағында тегін WiFi да жұмыс істемек.

Қала көшелерінде кондиционермен жабдықталған жаңа автобустар пайда болды, метроға жаңа вагондар қосылды.

Ең қызығы, тұрғындар көшеден күлімсіреген полицейлерді жиі ұшырастырып жүр екен. «Ал бұл – Бакуде сирек кездесетін құбылыс» деп жазады Facebook-тегі қауым.

Рон Синовиц пен Пит Баумгартнер мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG