Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:09 9.2.2021

ПТР тесті оң шыққан тағы 918 адам тіркелді

8 ақпанда Қазақстанда тағы 918 адамның ПТР тесті оң шыққаны хабарланды. Ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында (208) тіркелген.

Жалпы облыстар мен қалалардағы жағдай төмендегідей:

Нұр-Сұлтан - 23 213 (+74 адам жаңадан қосылды)

Алматы қаласында - 23 016 (+118),

Шығыс Қазақстан облысында - 20 791 (+86),

Атырау облысында - 16 492 (+25),

Қарағанды облысында - 14 386 (+29),

Павлодар облысында - 15 412 (+208),

Батыс Қазақстан облысында - 11 701 (+51),

Солтүстік Қазақстан облысында - 11 500 (+61),

Қостанай облысында - 10 972 (+80),

Ақмола облысында - 12 168 (+98),

Алматы облысында - 9 782 (+50),

Шымкент қаласында - 5 938 (+8),

Жамбыл облысында - 5 681 (+12),

Маңғыстау облысында - 4 127 (+0),

Түркістан облысында - 4 176 (+7),

Ақтөбе облысында - 4 021 (+1),

Қызылорда облысында - 3 657 (+10).

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 197 033 адамға жеткен.

16:27 8.2.2021

Фаучи: Халықтың 70-85% иммунитет қалыптасса, қалыпты өмірге жақындаймыз

Коронавирустың мутациясы қауіпті ме? Қалыпты өмірге оралу үшін не істеу керек? Екпе қауіпті ме? Бұл сұрақтарға АҚШ президенттің медицина бойынша бас кеңесшісі, елдің жетекші эпидемиологы Энтони Фаучидің "Америка дауысы" (Voice of America) cайтына берген сұхбатында жауап берді.​

Жаңа мутация қауіпті ме? Қалыпты өмірге қашан ораламыз? Фаучи жауап береді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

- Қазір коронавирустың Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Бразилия және Қытай мутациясы бар. Төртеуі әртүрлі ме әлде ұқсас па?

- Барлығы SARS-CoV-2 вирусы. Оларда сәл айырмашылығы бар, бұл вирустың функциясына әсер етуі мүмкін. Яғни, антитела оларға қарсы тиімді реакция таныта алмауы мүмкін. Кейде мутацияланған вирус тез тарап, қауіптірек болады не басқа ауруларды тудырады. Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка мутациясы, бәлкім Бразилия мутациясы да, өте жылдам таралатынын білеміз. Олардың функциялық басымдығы болуы мүмкін, бірақ бұл вирустардың барлығы – SARS-CoV-2.

- Moderna, Pfizer, Janssen екпелері жаңа мутацияларға қарсы тұра ала ма?

- Қарсы тұра алады. Бірақ былтыр көктемде шыққан коронавирустың алғашқы түрінен қорғайтындай бола қоймас. Дегенмен хал ауырлап, ауруханаға түсуден, өлімнен қорғай алады. Бірақ [қазір дайындалған екпелер] дерттің жеңіл және орташа түріне келгенде әлсіз.

- Бүкіл халықта иммунитет қалыптасса, вирустың тарауы тоқтай ма?

- Меніңше, халықтың басым бөлігіне вакцина салсақ көмектеседі. Мұның бәрі – алдын ала бағалау. Халықта жаппай иммунитет қалыптасу үшін қанша пайыз қажет екенін білмейміз. Бірақ терең үңілсек, менің пайымдауымша, халықтың 70-85 пайызына екпе салса, халықта жаппай иммунитет қалыптасар.

- Вирус қораптар, үстелдің үсті, дүкендегі тауар арқылы жұға ма?

- Теория тұрғысынан алсақ, әбден мүмкін. Бірақ көп жағдайда вирус адамнан адамға респираторлық жолмен тарап жатқанына куә болып отырмыз. 50 пайызы адамнан адамға тарап жатыр. Симптом жоқ болса да вирус жұғады. Ал симптом бірнеше күннен кейін пайда болады.

- Екпенің екі дозасын салдырып, бірнеше күн өткен соң сапарға шыға беруге бола ма? Бұл қауіпсіз бе?

- Бұл қауіпке қаншалықты дайын екеніңізге байланысты. Екпе алсаңыз, вирус жұғу қаупі аз болады. Егер тиімділігі 94-95 пайыздық екпені алсаңыз, вирус жұғу қаупі әлдеқайда төмен. Бірақ вирус жұғу қаупін мүлде жоққа шығара алмаймыз. Қазір біз "өтініш, қажеттілік болмаса сапарламай тұра тұрыңыз" дегіміз келеді.

- Екпе қауіпті ме?

- Жоқ, екпелер өте қауіпсіз екенін көрсетті. Бұған дейінгі вакциналар инфекциялық аурулардың алдын алуда өте тиімді әрі қауіпсіз екенін дәлелдеген. Біз сөз етіп отырған [коронавирусқа қарсы] екпелердің қауіпсіздік көрсеткіші өте жақсы. Ал COVID-19 індеті вакцинаның кері әсерлерінен әлдеқайда қауіпті.

- Қалыпты тіршілікке қашан ораламыз? Болжам жасай аламыз ба?

- Түбі қалыпты өмірге ораламыз. Қоғамдық денсаулық сақтауға көп көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Жаңа айтқанымдай, бүкіл халықта иммунитет қалыптасатындай 70-85 пайызға жетсек, қалыпты өмірге жақындармыз. Бәлкім қалыпты өмірге бірден жүз пайыз оралмаспыз, бірақ қазіргідей қатаң шектеулер болмас.

12:39 8.2.2021

Нұр-Сұлтанда 719 медицина қызметкеріне коронавирусқа қарсы вакцина салынған

1-8 ақпан аралығында Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдыртудан 5 медицина қызметкері бас тартқан. 192 адам денсаулығына байланысты екпе ала алмаған. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Муратов 8 ақпан күнгі брифинг кезінде хабарлады.

"1 ақпаннан бастап 916 медицина қызметкердің 719-ына екпе салынды. 80 пайызы қамтылды. 5 адам өз еркімен бас тартты. 192 адамда тексеру кезінде денсаулығына байланысты екпе ала алмайтыны белгілі болды. Сондықтан олар тізімнен алынды" деді Мұратов.

Ол вакцина салынған қызметкерлердің жағдайы қалыпты екенін айтты. Кейбір қызметкерлерде сәл әлсіздік пайда болып, кішкене ауырсынған. Бірақ артынша жағдайлары тәуірлеген.

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халыққа коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастаған. Вакцина бірінші кезекте медицина қызметкеріне салынбақ.

09:36 8.2.2021

Қазақстанда тағы 1 021 адамнан коронавирус пен пневмония анықталды

Қазақстанда тағы 1 003 адамға коронавирус жұққаны ПТР тестпен нақтыланды. 18 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 ақпан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген. 11 адам өлімі тіркелген: 6 адам - коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұқтырғандар 196 115 адамға жетті. 176 744-і жазылған. Өткен тәулікте 843 адам айыққан. 2020 жылдың наурыз айынан бері 2 601 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне жеке код беріп, бөлек есептеп келеді. Содан бері 48 313 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 584 адам қайтыс болған. 37 471 адам жазылған. Министрлік ақпан айынан бастап аймақтағы коронавирус пневмониясы туралы статистика жариялай бастады. Күн сайынғы мәліметте екі күн бұрынғы көрсеткіш жарияланады. Министрліктің хабарлауынша, 5 ақпанда коронавирус пневмониясы Қостанай облысы (18) мен Жамбыл облысында (10) көбірек тіркелген.

Қазір коронавирустан 27 028 адам емделіп жатыр. 10 258-інің ПТР тесті теріс шыққан (яғни, оларға клиникалық белгілері бойынша Covid/коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған). 5 804 науқас стационарда емделіп жатыр. 268 адамның жағдайы ауыр, 49 науқастың жағдайы өте ауыр. 42 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 106 млн 56 мыңнан асты. 59 млн 144 мың адам жазылған. 2 млн 315 мың науқас қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG