Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

20:00 22.2.2021

Израиль мен Ұлыбритания екпенің пайдасын көре бастады. Екі елде де ауруханаға түсетіндер саны күрт азайған

  • Шотландияның денсаулық саласындағы зерттеушілері коронавирусқа қарсы екпенің бірінші дозасынан кейін ауруханаға түсетіндер саны күрт төмендегенін мәлімдеді. Олардың дерегінше, Pfizer вакцинасының бір дозасын алғандар арасында ауруханаға түсетіндер 85 пайызға, AstraZeneca екпесін салдырғандар арасында 94 пайызға азайған.
  • Ұлыбританияда жалпы 17 миллионнан астам адам екпенің бір дозасын алған. Британия наурыздан бастап елдегі локдаунды жеңілдетіп, мектептерді ашпақ.
  • Халқының жартысынан көбіне кем дегенде екпенің бір дозасын салған Израиль де локдаунды жеңілдетіп, сауда орталықтарын, кафелерді, театр, стадиондарды ашпақ. Қоғамдық орындарға екпе алғандар, коронавирустан айыққандар кіре алады. Израиль екпеден соң елде ауруханаға жататындар мен ауыр халге түсетіндер күрт азайғанын жариялады. Бұл елдің билігі Pfizer екпесінің екі дозасы 95,8 пайыз тиімді деп мәлімдеді.
  • Үш рет қатаң локдаун жариялаған Израиль билігі "екпенің арқасында төртінші рет қатаң карантин болмайды" деп мәлімдеді.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның дерегінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны апта сайын азайып келеді.
16:28 22.2.2021

Біртановтың адвокаты экс-министрдің "заңсыз қудалануына байланысты" Тоқаевқа шағымданды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің "заңсыз қудалануын" бақылауына алуды өтінді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агентігі хабарлады.

Адвокат Дмитрий Куряченконың сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты 12 ақпанда Біртановтың үйқамақ мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартқан. Адвокат 22 ақпанда Тоқаевқа үндеу жолдағанын да хабарлаған. "Бірақ үндеуімді оған жеткізбей қоя ма деп қорқамын" деді адвокат агенттікке.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

49 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан биылғы маусым айының соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді, ал Біртанов ел көзіне түспей кетті.

Былтыр қарашада оның "ірі көлемде қаржы жымқыру" күдігі бойынша ұсталғаны хабарланды. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ Біртановтың цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты "иемденді" деп айыпталғанын жазды.

Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

Қаңтар айында сот оның үйқамақ мерзімін 28 ақпанға дейін созған еді.

Біртанов командасында министрдің орынбасары болып жұмыс істеген Олжас Әбішев былтыр тамыздың басында қамалды.Кейінірек бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылғаны белгілі болды.

Қазақстан – ТМД-да коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Сарапшылардың көбі бұған жемқорлық, денсаулық сақтау саласындағы ашықтықтың жоқтығы сияқты жайттар себеп болды деген тұжырым жасаған.

09:18 22.2.2021

Қазақстанда 700-ден астам адамнан коронавирус пен пневмония анықталды, 7 адам қайтыс болды

Қазақстанда тағы 699 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. 13 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің 22 ақпан күнгі хабарламасында жазылған. Өткен тәулікте 7 адам өлімі тіркелген: 5 адам – коронавирустан, 2 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.

2020 жылдың наурыз айынан бері 208 117 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 2 699 адам қайтыс болған. 191 739 адам айыққан. Өткен тәулікте Алматы қаласында ғана жүзден астам науқас тіркелген. Елде бірде-бір аймақ "қызыл аймақта" тұрған жоқ.

Жедел жәрдем көлігі.
Жедел жәрдем көлігі.

2020 жылдың 1 тамызынан бері 48 983 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, содан бері 612 науқас қайтыс болған. 40 765 адам жазылған.

Жергілікті сарапшылар Қазақстанда коронавирус статистикасы азайтылып көрсетіледі деп санайды. Былтыр маусым, шілде айларында ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.

2020 жылы Қазақстанда соңғы 20 жылдағы ең жоғары адам өлімі көрсеткіші тіркелген.

07:25 22.2.2021

Қазақстанда тағы 699 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде тағы 699 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 21 ақпанда Алматыда ғана жүзден астам науқас тіркелген. Аймақтағы коронавирус ахуалы төмендегідей:

  • Нұр-Сұлтан қаласында – 24 476 (+ 72 науқас өткен тәулікте тіркелген)
  • Алматы қаласында – 24359 (+101)
  • Шығыс Қазақстан облысында – 21610 (+52)
  • Атырау облысында – 16939 (+24)
  • Павлодар облысында – 17035 (+96)
  • Қарағанды облысында – 15098 (+40)
  • Ақмола облысында – 13177 (+73)
  • Батыс Қазақстан облысында – 12577 (+39)
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 12098 (+38)
  • Қостанай облысында – 11918 (+67)
  • Алматы облысында – 10476 (+37)
  • Шымкент қаласында – 6072 (+13)
  • Жамбыл облысында – 5855 (+16)
  • Түркістан облысында – 4247 (+3)
  • Маңғыстау облысында – 4202 (+3)
  • Ақтөбе облысында – 4191 (+13)
  • Қызылорда облысында – 3787 (+12).

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG