Accessibility links

Ирак сүнниттері неге өкпелі?


Нури әл-Маликиге қарсы демонстранттар оның плакатын ұстап тұр. Рамади, 4 қаңтар 2013 жыл. Көрнекі сурет.
Нури әл-Маликиге қарсы демонстранттар оның плакатын ұстап тұр. Рамади, 4 қаңтар 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Сүннит жасақтар Ирактың солтүстігін басып алу арқылы осы өңірде тұратын сүннит мұсылмандардың үкіметке наразылығын өз мақсатына пайдаланып, халық арасында қолдауға ие болғысы келеді.

«Азат етушілер»

Ирактың солтүстігін жайпап келе жатқан сүннит жасақтары осы өңірде тұратын халықтың көз алдында «азат етуші» болып көрініп, елдің қолдауына ие болуды мақсат тұтады.

6-9 маусымда Мосулдағы Ирак армиясын қуып шыққан соң олар бірден қаладағы түрменің есігін ашып, тұтқындарды босатып жіберді. Содырлардың айтуынша, қамауда болғандар – шииттері басым Ирак үкіметінің репрессиялық саясатының құрбаны болған сүнниттер.

Жиһадшылар мен исламшыл топтар, қайта бас көтерген баасистер және түрлі тайпалардың өкілдерінен құралған содырлар өкіметке өкпелі сүннит қауымының қолдауына ие болудан үмітті. Ирактағы жағдайды ушықтырып отырған сүнниттердің басты мәселелерін тізіп көрейік.

Террорға қарсы заң

Содырлардың ең алдымен Мосул түрмесінде қамауда жатқандарды босатуының бір себебі бар. Жергілікті халық террорға қарсы заң сүнниттерді әділетсіз түрде біржақты қуғындауға жол беріп отыр деп санайды.

Террорға қарсы заң АҚШ әскері басып кіргеннен соң биліктен жаңа ғана кетірілген президент Саддам Хусейннің жақтастары мен исламшыл топтар әлі белсенді түрде қарсыласып жатқан 2005 жылы заңды түрде сайланбаған парламентте асығыс қабылданған. Содан бері бұл заңға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Жергілікті сүнниттердің айтуынша, үкімет бұл заңды өздерін назарда ұстап отыру үшін пайдаланып келеді.

Бағдаттағы Ирак парламенті.
Бағдаттағы Ирак парламенті.

2013 жылы қаңтарда Бағдатта және басқа да қалаларда сүнниттердің жаппай наразылық шаралары өтті. Көшеге шыққан халықтың айтуынша, үкімет осы заңға сәйкес жыл сайын жүздеген жазықсыз жанды қамауға алып, оларды ешқандай сотсыз ұзақ уақыт қапаста ұстап отыр.

«Баас» партиясынан тазарту

Сунниттер қарсылық білдіріп отырған және бір «Әділет және жауаптылық туралы» заңды бейресми түрде «Баас» партиясынан тазарту заңы» деп атайды.

Саддам Хусейн басқарған «Баас» партиясы биліктен кетірілген соң оның құрамында болған жоғары лауазым иелерінің үкіметке қайтып келуіне тыйым салатын заң 2003 жылы АҚШ шабуылынан кейін қабылданған, әрі бұл ереже Ирактың конституциясына да енгізілген. Соңғы рет 2008 жылы өзгерістер енгізілген бұл заң бойынша Жоғары ұлттық комиссия деп аталатын орган елді «Баас» партиясынан тазарту әрекеттерін жалғастыра береді, дегенмен қызметінен кетірілгендің шағымдануына мүмкіндік жасайды.

Сүнниттердің айтуынша, бұл заң осы діни ағым өкілдерінің үкіметте қызметке тұруына кедергі жасау үшін қолданылып келеді. Ирак өкіметі бұл пікірмен келіспейді.

2013 жылы өткен наразылық шарасы кезінде сүнниттер мемлекеттік мекемелерде шииттердің өкілдері көбейіп барады деп шағымданған.

Сүннит саясаткерлерді тұтқындау

Сүннит қауымы шииттері басым Нури әл-Маликидің үкіметі сунниттерге қысым жасап отыр деп санайды.

2011 жылғы желтоқсанда АҚШ-тың соңғы әскері шығарыла салысымен Малики сүннит вице-президент Тарик әл-Хашемиді террорға қатысы бар деген күдікпен қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл сүнниттердің ашу-ызасын туғызды.

Ирактық саясаткер Тарик әл-Хашеми. Стамбул, 16 маусым 2014 жыл
Ирактық саясаткер Тарик әл-Хашеми. Стамбул, 16 маусым 2014 жыл

Оққағарлары Хашемиді 2006-2007 жылдардағы діни алауыздық кезінде террорлық топ құрды деп айыптаған соң елдің ішкі істер министрі оны тұтқындауға бұйрық берді. Күрд президент Жалал Талабани тұтқынға алу туралы бұл бұйрыққа қатты «таңқалғанын» айтып мәлімдеме жасады, ал Хашеми күрдтердің иелігіндегі аймаққа қашып, бас сауғалады. Кейін ол Ирак аумағынан кетіп қалды, ал Ирак соты оны сырттай өлім жазасына кесті.

Осы оқиғадан бір жыл өткен соң сүнниттердің белді өкілі, сол кездегі қаржы министрі Рафе әл-Есауидің 10 оққағары терроризммен айналысты деген айыппен тұтқындалды. Бұған наразылық танытқан сүнниттер 2012 жылдың соңында 70 күн бойы жаппай наразалық шараларын өткізді. Рамади қаласында өткен осындай митингілердің біріне қатысқан Есауи үкіметтен кететінін мәлімдеді.

Наразылықты басып-жаныштау

2013 жылы сүнниттер көп қоныстанған аймақтарда наразылық шаралары басталды, шерушілер көшелерге шатыр тігіп, ұзақ текетіресті бастауға әзірлік танытты. Әу баста биліктегі жемқорлықты, қызмет көрсету саласындағы былықты сынаған шерушілерді шииттер де қолдаған.


2013 жылғы сәуірде солтүстіктегі Киркук уәлаятының әл-Хауиджа қаласында үкімет күштері шерушілерге шабуыл жасап, мұның соңы қарулы сүннит жасақтары мен үкімет әскерінің арасындағы қақтығысқа ұласты. Шерушілер Ирак жауынгерін өлтірді деп айыпталған күдіктіні полицияға тапсырудан бас тартқан соң шерушілерге шабуыл жасалып, 33 адам қаза тапты.

Ирактың қауіпсіздік күштері мен сүннит содырлары атысып жатыр. Рамади, 26 мамыр 2014 жыл
Ирактың қауіпсіздік күштері мен сүннит содырлары атысып жатыр. Рамади, 26 мамыр 2014 жыл


2013 жылғы желтоқсанда үкімет жасақтары батыстағы Анбар уәлаятына қарасты Рамади қаласында болған осындай шеруді қуып таратпақ болып, мұның соңы қақтығысқа ұласты. Оқиға кезінде 14 адам қаза тапты, сүннит жасақтары Рамадидің бір бөлігі мен Фалуджа қаласын толық бақылауына алды. Алты ай бойы осы аймақта бекінген сүнниттер биыл маусым айында Мосулға басып кіріп, Бағдаттың айналасына да шабуыл жасады.


Сүнниттердің «қайта оянуы»

Қазір содырларды «Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті» деп аталатын террорлық ұйым басқарып отыр. Мұны қолдайтындар сүнниттердің «ояну кезеңі» басталды деп үміттенеді. Бұдан бұрын 2006-07 жылдары АҚШ «әл-Қаида» жасақтарына төтеп беруі үшін сүннит тайпаларына қолдау білдірген болатын. Сүнниттердің алғаш «оянуы» осы кезде басталған. Алайда, АҚШ әскері кеткен соң сүнниттерді қолдау сап тыйылды, мыңдаған жас азаматтың жалақысы азайды, бұл онсыз да ашулы халықтың үкіметке деген наразылығын күшейте түсті.


Қазір «қайта оянған» сүнниттердің «Сахва» қозғалысы жиһадшылар мен Малики үкіметі арасында таңдау жасауы керек. Әзірге олар Бағдатқа көбірек қолдау білдіретін сияқты. Сүнниттердің Анбар уәлаятындағы кеңесінің өкілі Абу Риша «біз алты ай бойы «әл-Қаидамен» соғысып жатырмыз, және алты ай соғысуға әзірміз, тек бізге АҚШ-тың қолдауы қажет» деген мәлімдеме жасады.

Шиит жасақтары

Сүнниттердің көбі шииттердің заңсыз жасақтарының қолтығына су бүркіп отыр деп Малики үкіметін айыптайды. Шиит жасақтарының кейбір мемлекеттік операцияларға араласуы – осының дәлелі.


Наурыз айында сүнниттердің қол астында тұрған Бохруз қаласына Ирактың қауіпсіздік әскері мен шииттердің радикал дінбасы Мұқтада әс-Садыр жасақтары басып кіріп, 23 адамды мерт қылды.

Екі діни ағым арасындағы бұрыннан келе жатқан түсініспестік 2006- 2007 жылдары қарулы қақтығысқа ұласып, азаматтық соғысқа айналып кете жаздаған. Біраз ушығып барып басылған қақтығыс соңғы айларда қайта басталып, жағдай ушығып барады.


Өткенді аңсау

Саддам Хусейннің билігі құлаған соң Ирактағы басқару жүйесінің өзгергені белгілі. Хусейн кезінде саны аз сүнниттер өкіметте де, қоғамда да үстемдік етіп отырған. Кейін билік тізгіні саны көп шииттердің қолына өтті.

Сүнниттердің өткен заманды аңсап жүргені 2013 жылғы наразылық шерулері кезінде айқын білінді. Шерушілер Саддамның кезінде пайдаланылған Ирак туларын желбіретіп наразылық білдірді. Осындай көңіл-күйдің арқасында «Баас» партиясын қайта тірілтуді қалайтындардың жақтастары көбейіп келеді. Сондай ұйымдардың бірін Саддам Хусейннің орынбасары болған Иззат Ибрахим әл-Дури басқарып отыр.

«Необаасистер» «Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті» ұйымымен және қарулы исламшылармен бірігіп сүнниттерге бұрынғы үстемдігін қайтару үшін жанталасып жатыр.

Баасистер сүнниттер үстемдік құрған зайырлы Ирак мемлекетін қалайды, ал «Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті» өздері бұрмалап алған шариғат заңдарына негізделген халифат құруды мақсат тұтады.

Чарльз Рекнагельдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG