Accessibility links

Судьяның дауыс көтерген сәтінен видео жариялаған адвокаттар қалай лицензиясынан айырылды?


Ерлан Ғазымжанов пен Аманжол Мұхамедияров (оң жақта) cотта отыр. Нұр-Сұлтан, 19 ақпан 2020 жыл.
Ерлан Ғазымжанов пен Аманжол Мұхамедияров (оң жақта) cотта отыр. Нұр-Сұлтан, 19 ақпан 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласында сот екі адвокат Ерлан Ғазымжанов пен Аманжол Мұхамедияровты ашық сот отырысынан аудио-видеожазба жариялағаны үшін лицензиясынан айырды. Олар әлеуметтік желіге салған видеода судьяның прокурорға дауыс көтеріп, айыптау позициясына ашуланғаны көрінеді. Әділет министрлігі осы видеоны жариялаған адвокаттардың үстінен арыз жазды. Айыпталушылардың әріптестері бұл қадамды «адвокатураны қорғансыз қалдыруға талпыныс» деп бағалап, билік тарапынан адвокаттар қауымдастығына қысым артып келе жатқанын айтады.

Адвокаттар Ғазымжанов пен Мұхамедияров 2018 жылдың күзінде «Алаяқтық» бабы бойынша айыпталған астаналық кәсіпкер Ерлан Алшынбаевты сотта қорғауға кіріскен. 2019 жылы сәуірде Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжахан Убашева Алшынбаевты алты жыл сегіз айға түрмеге жабу туралы үкім шығарған. Апелляциялық алқа сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

2019 жылы тамыз айында Алшынбаев адвокаттарға «Апелляция бірінші соттың видеосын қараудан бас тартып, судья Убашева жол берген заңбұзушылықтарға назар аудармады. Сондықтан сот алқасы судьяны жазалауы үшін видеоны интернетке жариялауды сұраймын» деген жазбаша рұқсат берген.

«ЕСТІМЕСЕҢІЗ, ДАУЫС КӨТЕРУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ»

Тамыздың 24-і күні адвокат Ғазымжанов сот отырысы кезінде түсірілген аудио-видеожазбаның бір бөлігін «Судья Убашева Г.Е. — сот тәртібінің үздік үлгісі емес» деген сипаттамамен Facebook парақшасына жариялаған. Қазір адвокат парақшасында бұл видео өшірілген.

Тамыздың 26-сы күні адвокат әлеуметтік желіге жариялаған басқа жазбасына сот отырысының аудио-видеожазбасының кезекті бөлігін қосып жариялады. Өзара жалғанған бірнеше бөліктен тұратын видеода судья Убашева прокурорға дауыс көтеріп, реніш білдіреді. Олардың арасында мынадай диалог болған:

Судья: Жәбірленушілер келмесе, ресми рапорт көрсетіңіз, маған ақпарат беріңіз. Біз сонда шешім қабылдаймыз, болды. Үш-төрт адамды күтіп қайтеміз?

Прокурор: Тергеуші «судья рапорт әкелсін деп жатыр» деді…

Судья: Тергеушіні қайтемін, мен онымен сөйлеспеймін. Оған не үшін және не айтыппын? Жоқ, сіз кімсіз? Мен сізге сеніп тапсырдым ғой! Бұл жерге менің қандай қатысым бар?! Маған тергеуші айтып қайтеді, мен онымен байланыспаймын! Не деп тұрсыз! Мен сізге ескерту жасаймын, отырыңыз! «Тергеуші айтты» дейді ғой… Мүмкін ол сізге айтқан шығар, мен білмеймін. Бірақ сіз қадағалауыңыз керек қой! Сізге ескерту жасаймын. Сот отырысының соңында бәрі аяқталған соң, сізге қатысты шешім шығарамын! «Тергеуші айтты» дейді… Бұл не деген сөз, білмеймін! Бұл жерге менің және тергеушінің не қатысы бар? Сізге тапсырылған жұмыс. Сізден сұрап тұрмын. Мені естімесеңіз, дауыс көтеруге тура келеді. Сіз өкілетті тұлғасыз, формада отырсыз. Не айтып тұрсыз! Түсінсем бұйырмасын. «Тергеуші айтты» дегені… Оны танымасам, көрмесем, маған қалай айтады? Мүмкін сіз онымен күнде көрісетін шығарсыз? «Ол маған былай» деді, «мына жаққа беріп жіберді» демей, ресми ақпарат көрсетіңіз.

Видеоның екінші бөлігінде судья прокурорға сұрақ қояды:

— Мен сіздің орныңызға басқа адамды жіберуді сұрағам. Тағы да сіз келдіңіз бе? Басқа біреу келуі керек еді ғой. Сіз айыптау позициясын жақтай алмасаңыз, неге жүрсіз? Бас тартып, сот залынан шығып кетсеңіз болады.

Видеоның үшінші бөлігінде судья прокурорға тағы да эмоциясын көрсетеді:

— Ары-бері әңгіме тасып жүр. Бұл өкілетті тұлғаға лайық әрекет пе? Тергеуші айтты, тергеуші ана жаққа беріп жіберді. Бұл не сұмдық!

Видеоның төртінші бөлігінде судья прокурордың қорғаушы тарап берген шағымға қатысты позициясын сұрайды. Прокурор бірінші шағым қанағаттандыруды қолдайды, бірақ судьяның бірнеше сұрағынан кейін «соттың шешіміне қалдырдым» дейді. Ал соңында қорғаушы тараптың өтінішін мүлде қанағаттандырмауды талап етеді.

Адвокат Ғазымжанов әлеуметтік желіге жариялаған жазбасында судья «айыптау тарапын өзі қалаған деңгейде қорғай алмаған прокурорға қысым көрсеткенін» айтып, судьяның әрекеті «оның істі айыптау үкімімен бітіруге мүдделі екенін көрсетеді» деп топшылайды.

Мұхамедияров пен Ғазымжанов Жоғарғы сот жанындағы кеңеске «судьяның құқық бұзушылық әрекеттері туралы» шағым берген.

Қыркүйектің 30-ы күні Судьялар одағының Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіндегі сот этикасы бойынша комиссия «судьяның сот процесіндегі тараптарға дөрекі сөйлеп, прокурормен және қорғаушылармен сөз таластырғанын» растаған.

Қылмыстық істер бойынша сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Қосмұратов адвокаттарға берген жауабында «Судья Убашева Г.Е. әрекетінен Судьялардың этикасы кодексіне қайшы келетін фактілер анықталды» деп жазған.

Нәтижесінде комиссия «судьяның әрекетін талқылаумен шектелу» туралы шешім қабылдаған. Судьяға қарсы тәртіптік шара қолданылмаған.

Осыдан кейін судья Убашева ішкі істер министрлігі мен әділет министрлігіне шағым беріп, онда сот отырысының аудио-видео жазбасын әлеуметтік желіге жариялау заңсыз деп көрсеткен. Ол адвокаттарға сот залында түсірілген аудио-видео жазбаны таратуға тыйым салынатыны туралы ескерту жасағанын айтқан. Судьяның пікірінше, қорғаушылар «адвокат этикасын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен жеке деректер және оларды қорғау туралы заңды бұзған».

Ішкі істер министрлігі адвокаттар әрекетінен құқық бұзушылық таппаған.

Астаналық сот төрағасы Тілектес Барпибаев әділет министрінің атына хат жазып, қорғаушылардың «Адвокаттардың кәсіби этикасы туралы кодексті қатаң бұзғанын» жеткізген.

Ол әділет министрлігіне «Бұл видеожазба қоғам назарына ілініп, қызу талқыға себеп болды. Әлеуметтік желі қолданушылары судья мен сот билігіне қарсы негативті, кейде тіпті ар-ожданына нұқсан келтіретін пікірлер жазған. Бұл талқылауға Ғазымжанов пен Мұхамедияров та қатысқан» деп шағынған.

2019 жылдың соңында әділет министрлігі «видео жариялаған адвокаттарды лицензиядан айырып, олардың қызметіне өмір бойы тыйым салу керек» деп сотқа берген.

«ЕГЕР БҰЛ САҚТАЛМАСА ХАОС БОЛАДЫ!»

2020 жылы ақпанның 19-ы күні Есіл аудандық азаматтық істер жөніндегі сотында Әділет министрлігінің адвокат Мұхамедияровқа қарсы берген арызы негізінде сот отырысы басталды. Әріптесін қолдауға Нұр-Сұлтан мен Алматыдан 30-дан астам адвокат жиналды. Сот залында сондай-ақ Ұлыбритания, Швейцария, Нидерланд елшіліктері мен «Агора» халықаралық құқық қорғау ұйымының бақылаушылары болды. Бұл кезде Әділет министрлігі екі адвокаттың лицензиясын тоқтатып үлгерген болатын. Адвокатты оның әріптестері қорғады. Айыптау тарапының өкілі, Нұр-Сұлтан қалалық әділет департаментінің бас маманы Әлішер Тағайбек адвокатты лицензиясынан айыруды сұрап, мұны айыпталушының «Сот залынан түсірілген аудио-видеожазбалардың техникалық қолданылуы туралы ережені бұзуымен» түсіндірген. Одан бөлек, айыптау тарапы «Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек» туралы заң, Адвокаттың кәсіби этикасы кодексі мен Қылмыстық-процессуалдық кодекс бұзылғанын мәлімдеді.

— Кейінірек адвокат судьяның әрекетіне наразылығынан бөлек, әлеуметтік желіде сот жүйесін сынайтын жазбалар жариялаған, — деді айыптау тарапының өкілі Тағайбек.

Мұхамедияровты қорғаушылар Facebook-тегі видео ешкімге зиян келтірмегенін, азаматтардың құқығы бұзылмағанын және салық төлеушілер сотта болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы керегін айтты.

— Адвокаттардың кәсіби этикасы кодексіне сай, қорғаушы заң бұзу фактісін, соттың, басқа органдардың процеске қатысушылардың, олардың өкілдеріне, адвокатураға жасаған жөнсіз әрекеттерін назардан тыс қалдырмауы тиіс, - деді сотта Мұхамедияров.

Оның сөзінше, қылмыстық-процессуалдық кодекс сот залынан аудио-видео жазып, оны ақпарат құралдарында я желіде жариялауға тыйым салмайды және ол үшін жауап та қарастырылмаған.

Қорғаушы судьяға видеоны жариялағанда іс аяқталғанын, үкім күшіне еніп қойғанын да жеткізді.

— Конституцияға сай, әр адам заңмен тыйым салынбаған ақпаратты алуға және таратуға құқығы бар. Әділет министрлігінің шағымын қанағаттандырмауыңызды сұраймын. Себебі мен заң бұзған жоқпын, ісімде Адвокаттардың кәсіби этикасы кодексін бұзатын әрекет жоқ, - деді Мұхамедияров.

— Сіз соттың әрекетін желіге жарияламай, тиісті органға қайырылуыңыз керек еді. Егер бұл сақталмаса, хаос болады, - деді шағымданушы тарап өкілі.

«БЕЛСЕНДІ АДВОКАТТАРДЫҢ ЖОЛЫН ЖАУЫП ЖАТЫР»

Ақпанның 20-сы күні Сарыарқа аудандық сотында әділет министрлігінің адвокат Ғазымжанов үстінен түсірген шағымы бойынша жарыссөз өтті. Сотқа шағымданушы тарап өкілі Әлішер Тағайбек қатысты. Бұл сотта да шағымданушылар Ғазымжановтың адвокат лицензиясынан айыруды талап етті.

Қорғаушы Ғазымжанов сотта өз ісінің заңды болғанын дәлелдеуге тырысып, этика комиссиясы судьяның ісінен адвокат байқаған әрекетті көргенін еске салды.

— Егер менің лицензиямнан мүлдем айыратын болсаңыздар, бұл әділетсіздік болады. Біз сот жүйесіндегі қателіктерді анықтап, өз қамын ойламайтын, адамдарға жағдай жасайтын жерде жұмыс істегіміз келеді. Әділдікті карьерасынан жоғары қоятын судьялармен жұмыс істегенді қалаймыз, - деді Ғазымжанов.

Ерлан Ғазымжанов сотта жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 ақпан 2020 жыл.
Ерлан Ғазымжанов сотта жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 21 ақпан 2020 жыл.

Судья Толқын Шамшилдин ақылдасу бөлмесіне кетіп, шешімді ақпанның 21-і күні оқимын деген. Бірақ шешім шығатын отырыс тағы да кейінге қалды.

Осы күні Есіл аудандық сотында Мұхамедияровтің ісі бойынша жарыссөз өтті. Ресейден келген адвокат, «Агора» халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Александр Попков әріптестерін қорғап сөз сөйледі.

— Әділет министрлігінің Ғазымжановқа қарсы шағымынан кейін Қазақстанда белсенді, сауатты адвокаттардың аузын жабу әдісі қалыптаса ма деп қауіптенеміз. Сырттан қарағанда бұл кәсіби қызметі үшін қудалау сияқты көрінеді. Мұндай қудалау бүкіл Қазақстан адвокатурасына қауіп төндіреді. Осыдан кейін адвокаттар соттың ісіне қатысты қандай да бір ақпарат таратарда «тыныш отырайын» деп аяқ тартады. Бұл бүкіл сот жүйесінің тоқырауына әкеледі. Іс материалынан адвокаттарды қудалауды судьялар бастағанын көруге болады. Әділет министрлігі бұл жерде судьялардың шағымын қолдап отыр, - деді Попков сотта.

Александр Попков.
Александр Попков.

Екі қорғаушыны лицензиясынан айыру бойынша сот шешімі ақпанның 26-сы күні екі бөлек жарияланды.

Таңертең сағат онда адвокаттардың бір бөлігі Есіл аудандық сотына Мұхамедияровтің ісі бойынша сотқа жиналғанда «сағат 9:15-те судья Шамшилдин Ғазымжановты лицензиясынан айырғанын” естіді.

— Бәрі түсінікті, - деп күрсінді қорғаушылар.

— Ғазымжановқа қатысты сіздің шағымыңыз қанағаттандырылды. Бұл туралы не айтасыз? - деді Азаттық тілшісі шағымданушы тарап өкілі Әлішер Тағайбекке.

— Шынымен солай ма?! - деген Тағайбек мардымды ештеңе айтпады.

— Әлішер, сіз бәрін біліп тұрсыз ғой, - деді Мұхамедияровтың адвокаты Тағайбекке.

Есіл аудандық сотының судьясы Эльмира Мырзатаева үш минутта сот шешімін оқып, не үшін министрлік шағымын қанағаттандырғанын түсіндірді.

— Мұхамедияровтың бұл әрекеті азаматтардың конституциялық құқығын бұзады. Соттардың жұмысын қамтамасыз ету туралы департамент бұйрығы нормативті-құқықтық акт болып саналады. Айыпталушылардың бұл бұйрық тек сот қызметкеріне ғана жүреді дегені дұрыс емес, себебі бұл бұйрықтың бүкіл Қазақстан аумағында күші бар. Адвокаттың өзі заң бұзушылықты, яғни желіге видео жариялағанын жоққа шығармайды. Сондықтан сот осындай шешім шығарды, - деді судья.

Есіл аудандық сотының судьясы Эльмира Мырзатаева мен министрліктің өкілі Әлішер Тағайбек сотта тұр. Нұр-Сұлтан, 26 ақпан 2020 жыл.
Есіл аудандық сотының судьясы Эльмира Мырзатаева мен министрліктің өкілі Әлішер Тағайбек сотта тұр. Нұр-Сұлтан, 26 ақпан 2020 жыл.

Мұхамедияров апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

АДВОКАТТАР ЖАҢА ЗАҢҒА ҚАРСЫ БОЛҒАН

Ғазымжанов пен Мұхамедияровтың әріптестері кейінгі кезде Қазақстанда адвокаттарға қысым күшейгенін айтады. 2018 жылы парламент “Адвокаттық қызмет және заң жағынан көмек” заңын қабылдаған. Заң қабылданбай тұрып жүздеген адвокат ел билігіне бұл құжатты кері қайтаруды сұрап қайырылған.

Адвокаттар жаңа заң «қорғаушылардың құқығы мен қауіпсіздігін шектеп, адвокатураның жұмыс принциптерін бұзады, халықаралық стандарттарға сай келмейді» деген.

Заңды жасаған әділет министрлігі сол кезде жаңа заң «республикалық адвокаттар коллегиясының рөлін күшейтіп, әділет министрлігінің міндетін азайтады» деген.

2019 жылы Ақтөбе қалалық соты адвокат, облыстық адвокаттар коллегиясын отыз жыл басқарған Раиса Якубенконың лицензиясын қайтарып алған. Сол кезде қорғаушылар «Якубенко заңға белсенді түрде қарсы болғаны үшін лицензиясынан айырылды» деген.

— Заң талқыланып жатқанда адвокаттар қарсы шыққан. Қазіргі заңдағы көп ереже біздің құқымызды бұзады. Бұрын бізге құқықтық мемлекет құрамыз деп уәде еткен. Заңмен тыйым салынбаған әрекеттерге рұқсат деген принциптер айтылған. Ал бұл шешімдер рұқсат етілген әрекеттерді өз білгенімізше нормаға салып алатынымызды көрсетті. Демек, рұқсат етілген әрекеттердің бәріне де қалаған уақытта тыйым салынбақ қой. Соттардың бұл шешімінен кейін осылай өмір сүруге тура келеді. Үмітімізді үзбейміз, бірақ аса бір сенім де жоқ, - деді екі қорғаушыға шыққан сот шешімі жайлы астанадағы адвокаттар коллегиясының қорғаушысы Ботагөз Бейсембаева.

Ол бұл іс адвокаттарды біріктіреді деп үміттенеді.

«Агора» халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Александр Попков «адвокаттарды қудалау сот жүйесінің тамырын шірітеді» деп санайды.

— Адвокат – сот пен қоғам арасындағы көпір. Өз ойын айтқаны үшін осылай қудаланса, екі есе қауіпті. Бұл Қазақстан Конституциясының 20-бабына, Халықаралық азаматтық және құқықтық пактінің 19-бабына қарсы келеді. Ал даудың бір жағында сот тұрса бұл үш есе қауіпті, - дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG