Accessibility links

Үміт пен күдік. Бартоғай су қоймасына электр станциясын салу жобасына жұрт қарсы


Бартоғай су қоймасына барар жол.
Бартоғай су қоймасына барар жол.

Бартоғай су қоймасы маңындағы ауыл тұрғындары су электр станциясы салынатын болса егістікке су жетпей қалады деп қауіптенеді. СЭС салатын компания судан тапшылық болмайтынын айтса, «Үлкен Алматы каналы» су қоймасының кілті мемлекетте деп сендіреді.

«ҚЫСТА СУ ПАЙДАЛАНБАЙТЫН ҚАНДАЙ СЭС?»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Әубәкір Құрманбай Нұра ауылдық округіндегі Бартоғай су қоймасының суы сол төңіректегі ауылдардың егістігіне жетпей қала ма деп алаңдайды. Азаттық тілшісіне өзін «Бартоғай» су қоймасымен 35 жыл айналысқан гидротехник және қазір де су шаруашылығында жұмыс істейтін маманмын деп таныстырған Әубәкір Құрманбай неден қауіптенетінін айтып берді.

Оның сөзінше, 2019 жылы қазан айында Нұра ауылдық округіне қарасты Сағыныш ауылына келген «Жарық-Су LТD» компаниясы өкілдері Бартоғай су қоймасына су электр станциясын салуға тұрғындардың келісімін алмақ болған. Бірақ ауыл қарсы шыққан.

- Бартоғайдан су жіберетін екі туннель бар. Су электр станциясын соған салса халық қарсы емес. Ал олар үшінші туннель салып, қойманың суын Шелек өзенімен қыста да ағызбақшы. Онда Бартоғайға қыста су жиналмай, бірнеше аудан халқының егістігіне су жетпей қалмай ма? - дейді Әубәкір Құрманбай.

Маманның айтуына қарағанда, Сағыныш ауылынан келісім ала алмаған «Жарық-Су LТD» компаниясы 2019 жылы қарашаның 15-і күні Шелек ауылдық округі әкімдігінде қоғамдық тыңдау өткізіп, «келістік» деп кеткен. Сусыз қаламыз ба деп қауіптенген тұрғындар Нұр-Сұлтандағы су шаруашылығы комитетіне дейін хабарласып, «қарастырамыз» деген екіұшты жауап алған.

Азаттық тілшісі Сөгеті ауылының басқа да бірнеше тұрғынымен сөйлесті. Кейбірі Бартоғай су қоймасына СЭС салуға қарсы екені айтса, кейбірі екі ойлы болып отырғанға ұқсайды. Олар «СЭС-ті Қытай жұмысшылары тұрғызатын вольфрам зауытына бола салуы мүмкін» деген қауесет барын айтады.

Сөгеті ауылының әкімі Еркінбек Дәуітқұлов та СЭС-тің пайдасы мен зияны қаншалықты екенін толық білмейтінін аңғартты. Әкім «Жарық-Су LТD» компаниясының СЭС салуына ауыл тұрғындарының қарсы болғанын, кейін Шелек ауылында жиын өткізіп, «келісім алғанын» растады.

Қойманың суын қыста пайдаланса шатақ болады.


- Шелектегі жиынға кім қатысқанын білмеймін. «Жарық-Су LТD» «СЭС қыста қойма суын ағызбайды, қыста жұмыс істемейді» деп уәде беріп отыр. Онда не үшін салады? Қойманың суын қыста пайдаланса шатақ болады, - дейді ол.

Биыл қаңтарда тұрғындарға есеп беру жиынында Еңбекшіқазақ ауданы әкімі Бинәлі Ысқақ «Жетісу Вольфрамы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) Сөгеті ауылдық округінде вольфрам зауыты, ал «Жарық-Су LТD» ЖШС қуаты 65 мегаватт су электр станциясы салынатыны туралы айтқанын жергілікті басылымдар жазған.

Қазақстан-Қытай үкіметаралық келісімі аясында «Жетісу Вольфрамы» ЖШС қытайлық Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясымен бірлесіп Үлкен Бұғытыда вольфрам кен орнын игеретіні және жобаға 260 миллион доллар инвестиция салынатыны бұған дейін хабарланған.

Бартоғай су қоймасына су электр станциясын салу жоспары Қазақстан үкіметінің 2014 жылы шілденің 28-і күні шыққан қаулысында да аталған. Кейін күшін жойған қаулыда 2016 жылы қуаты 33,1 МВт СЭС салынатыны көрсетілген.

«ҚАНША СУ БЕРСЕ, СОНША АЛАМЫЗ»

Бартоғайға су электр станциясын салуды жоспарлап жүрген «Жарық-Су LТD» компаниясының директоры Әмзе Әкежанов жергілікті халықтың алаңдауына негіз жоқ деп сендіреді.

- Жергілікті жағдайды жақсы білемін. СЭС-тен халыққа еш зиян болмайды. Халық суды қазір қанша пайдаланса, СЭС салған соң да сонша пайдалана береді. «Үлкен Алматы каналымен», Су ресурстары комитетімен шартымыз бойынша Бартоғай суын реттеуге қатыспаймыз. Қанша берсе сонша аламыз, азайт я көбейт деуге құқымыз жоқ, - дейді ол.

Бартоғай су қоймасының маңайы.
Бартоғай су қоймасының маңайы.

Әмзе Әкежановтың сөзінше, қазір тұрған екі туннельден өзге тағы бір туннель салынады, бірақ оның пайдасы да болады. Күзде 200 миллион текше метр су жинайтын қоймадан қыс жылы болып, су асатындай болса осы жаңа туннельден 85 миллион текше метр суды қосымша ағызуға болады. Жаңа туннель суды қойманың үстінен емес, астынан ағызады, су деңгейі қатты көтерілсе, тез реттеуге болады.

- Екіншіден, Бартоғай су қоймасына көктемге дейін 300 миллион текше метр су жиналуы керек. Оны күзде жинауға да болады. Қыста қанша су келетіні белгісіз болғандықтан күзде 200 миллион текше метр ғана су жинап, қалғанын қыс пен көктемде біртіндеп жинайды. Су аз келген жылдары 300 миллион текше метр су жиналмауы да мүмкін. Ал СЭС салынса 300 миллион текше метр су күзде жиналады, яғни көктемге су жетеді, - деп түсіндіреді Әмзе Әкежанов.

Оның айтуынша, Бартоғайға шағын СЭС салу үшін шетелден 40 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. СЭС өндіретін электр қуаты Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген және Нарынқол аудандарын қамтамасыз етуге жетеді.

Директор «СЭС-тің электр қуаты тек қана Үлкен Бұғытыда салынатын вольфрам зауытына беріледі екен» деген сөзді жоққа шығарды.

- Ол зауытқа еш қатысымыз жоқ. Электр қуатын өз бетімізбен тарата алмаймыз. Бізден «Алатау жарық» компаниясы сатып алады, әрі қарай сол компания реттейді, - дейді ол.

Компания директорының сөзінше, «Жарық-Су LТD» Қазақстанның бірнеше облысында СЭС салуды зерттеп жүргенімен, әзірге іске қосқан СЭС-тері жоқ. «Өйткені СЭС салудың қағазбастылығы тым көп» дейді Әкежанов. Бартоғайға салынатын СЭС Қазақстан үкіметінің жоспарына да енгені рас, бірақ 2014-2015 жылдардағы теңге девальвациясына байланысты тоқтап қалған.

«ШЛЮЗДІҢ КІЛТІ БІЗДЕ»

«Жарық-Су LТD» компаниясы Бартоғай су қоймасына су электр станциясын салу үшін келісімін алып отырған «Қазсушаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Дінмұхамед Қонаев атындағы «Үлкен Алматы каналы» бас инженері (Мұрат Жұмажанов «СЭС-тің жырымен таныс екенін» айтты.

Бартоғайға салынатын СЭС біз қанша су жіберсек соны ғана пайдаланады.


- Бартоғайға салынатын СЭС біз қанша су жіберсек соны ғана пайдаланады. СЭС-тің жоба сметасын көрдік. Бартоғайдан қыстан көктемге, яғни сәуірдің 15-іне дейін секундына 200 литр су (0,2 текше метр) жібереміз. Өйткені Шелек өзеніндегі тіршілік тоқтамауы тиіс. Ал «Жарық-Су LТD» салатын СЭС-те үш генератор бар. Біреуі секундына 150 текше метр су өткізеді, көлемі аздау болса да қыста СЭС жұмысын тоқтатпайды, яғни қыста онсыз да ағып жатқан суды пайдаланады. «Қыста Бартоғайдың суын ағызып жібереді» дейтін жергілікті тұрғындардың қаупіне жауап сол, - дейді ол.

Мұрат Жұмажановтың сөзінше, Бартоғай су қоймасы күз бен қыс және көктемде 320 миллион текше метр су жинауы тиіс. Қазір су артығымен жиналып тұр. Былтыр осы уақытта 221 миллион, биыл 251 миллион текше метр су жиналған.

Алайда оның айтуынша, «жаңадан салынатын СЭС-тің су қоймасының қауіпсіздігіне пайдасы да, зияны да шамалы. Өйткені су қоймасына қауіп төнгенде артық суды ағызатын жолдар жеткілікті».

- Жергілікті егін шаруашылығына қажетті су бұрынғыдай беріледі. Бартоғайдың шлюзін «Жарық-Су LТD» емес, біз ашамыз, - дейді ол.

Оның сөзінше, Бартоғайдан шығатын судың графигі Балқаш-Алакөл бассейнінің инспекциясы, төтенше жағдайлар қызметі және әкімдік келісімімен жасалады.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің маманы Нұрболат Серғали Бартоғайға салынатын СЭС туралы былтыр қарашаның 15-і күні Шелек ауылдық округі әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдауға аудан әкімдігінен де, Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясынан да өкілдер қатысып, мән-жайды толық түсіндіргенін айтты. Оның сөзінше, Бартоғайға СЭС салуды аудан әкімдігі қолдап отыр.

Алайда бұрын Үлкен Алматы каналында директор орынбасары болып істеген гидротехник Әубәкір Құрманбай жоғарыда айтылған уәждер мен цифрларға күмәнмен қарайды. «Қазіргі шенеуніктер кетеді, кейін жауапкершілік арқаламайды, ал қиналатын - жергілікті халық» деп санайды ол.

Бартоғай су қоймасына су электр станциясын салушылардың сөзінше, бұл жоба Қазақстанның «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі тұжырымдамасына сай келеді. 2013 жылы мамыр айында Қазақстан президентінің «Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» жарлығы шыққан. Бұл тұжырымдамада су ресурстарын тиімді пайдалану жайы да айтылған. Түрлі деректерге сәйкес, 2020 жылға қарай Қазақстандағы электр энергиясының 3 пайызын, 2030 жылға дейін – 10 пайызын, 2050 жылға қарай – 50 пайызын су, жел және күн электр станциялары өндіретін болады деп жоспарланған.

Бартоғай су қоймасы Алматы қаласынан шығысқа қарай 200 шақырым жерде, Сөгеті және Торайғыр тауларының ортасынан өтетін Шелек өзені шатқалында орналасқан. Қойманың ұзындығы 6, ені 3 километрге дейін созылады. Биіктігі 60 метрге жететін бөгеттен су өткізетін қондырғылар жазда егіс суару, қыста су жинау үшін пайдаланылады. Су ағызған кездегі субұрқақтың биіктігі 100 метрге дейін барады.

1986 жылы пайдалануға берілген Бартоғай су қоймасы Іле Алатауының етегіндегі 150 мыңнан астам гектар егінді суаруға пайдаланылады. Осы су қоймасынан Үлкен Алматы каналы басталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG