Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

10:17 9.6.2019

Азаттық тілшісі Қарағанды облысындағы Гагаринское ауылындағы сайлау учаскесіне көрші Садовое ауылынан сайлаушыларды көлікпен жеткізіп жатқаны туралы хабарлады.

10:33 9.6.2019

Қазақстандағы президент сайлауы мен оған байланысты оқиғаларды шет елдер де жіті бақылап отыр. Көптеген шетелдік басылымдар Қазақстандағы "билік транзиті" туралы мақалалар жариялады. Кей басылымдар елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың президент қызметінен кетуін "шартты" (Foreign Policy) деп атап, оның өзін саяси оппозицияны басып-жаншып, тәуелсіз БАҚ-ты жойған "шексіз билік иес" және "автократ" деп сипаттады. Қазақстан билігі мұндай сынға "елді демократияға өз жолымен бара жатыр" деп бірнеше рет мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың "гибридтік" моделі және "жылтыр ғимараттармен өлшенетін мұра"

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төсбелгісін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.
Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төсбелгісін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

10:37 9.6.2019
Орталық сайлау комиссиясы.
Орталық сайлау комиссиясы.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 12,8 пайызы сайлау бюллетенін алған.

Ақмола облысы - 20,5 %

Ақтөбе облысы - 16,0 %

Алматы облысы - 17,7 %

Атырау облысы - 8,5 %

Шығыс Қазақстан облысы - 15,5 %

Жамбыл облысы - 18,5 %

Батыс Қазақстан облысы - 7,4 %

Қарағанды облысы - 10,1 %

Қызылорда облысы - 11,1 %

Қостанай облысы - 12,8 %

Маңғыстау облысы - 9,7 %

Павлодар облысы - 11,4 %

Солтүстік Қазақстан облысы - 14,2 %

Түркістан облысы - 14,5 %

Нұр-Сұлтан қаласы - 10,3 %

Алматы қаласы - 4,1 %

Шымкент қаласы - 11,9 %

ОСК дерегінше, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге құқығы бар 11 814 019 адам бар.

10:43 9.6.2019

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев жексенбі күні елде өтіп жатқан кезектен тыс президент сайлауына Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG