Accessibility links

Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс беруге келген сайлаушы. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Кезектен тыс президент сайлаудың толық хроникасы

Кезектен тыс сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.

12:25 20.11.2022
Кезектен тыс президент сайлау күні полиция "Астана" алаңы маңынан бірнеше адамды әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні полиция "Астана" алаңы маңынан бірнеше адамды әкетті. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау күні Алматыдағы "Астана" алаңы маңынан бірнеше адамды полиция әкетті. Бұл жөнінде "Власть" сайты Телеграм арнасында хабарлады.

Басылым жариялаған видеода бірнеше полицейдің ер адамды көлікке ертіп бара жатқаны көрінеді. Ұсталған адамның "Неге, не үшін?" деп ашуланғаны байқалады. Ақыры полицейлер оны көлікке отырғызып, алып кетеді. Одан бөлек, сайт тағы алты адам ұсталғанын хабарлады.

Бұған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир, кейінгі он жылдан астам уақыт шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын сайлау күні осы жерге жиналуға шақырған еді. Аумақты қазір полиция бақылап тұр.

"Власть" сайты Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның заңгері Артур Алхастовқа сүйеніп, Астанада "Жастар" сарайы маңында да бірнеше адам ұсталғанын жазды.

"Жас жігітті ұстап әкеткенін көрдім. Оны арнайы жасақ ұстап, нөмірі жасырылған сары автобусқа отырғызды. Ол аты-жөнін айтып та үлгермеді. Абыржып тұрғаны байқалды" деді Алхастов.

Астанадағы "Жастар" сарайын оппозиция митинг орны ретінде белгілеген еді. Жексенбі күні мұнда күзет күшейіп, полицейлер көбейген.

Содан сәл ертерек Алматыдағы Абай ескерткіші алдынан тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділерін полиция әкеткен. Олар "таңдаусыз сайлауға" қарсылық танытқан, "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайды ақтауды талап еткен.

Қазақстан кезектен тыс президент сайлап жатқан күні Алматыда түрлі саяси топтар митинг орны ретінде белгілеген жерлерде полиция бақылауы күшейді. Жексенбі таңертең Азаттық тілшісі Республика алаңында Ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері мен көліктері, автозактар тұрғанын көрді.

Осыған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы белсенділері 20 қарашада митинг өткізетінін мәлімдеген. Алайда сайлау қарсаңында полиция белсендерді ұстап, көбі әкімшілік қамауға алынған. 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні елде "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болған" деген күдікпен жеті адамды ұстағанын, олардың Мұхтар Әблязовты қолдайтынын айтып, "қаруланып, мемлекеттік мекемелерге шабуылдауды жоспарлаған" деп видео жариялаған. Әблязов ҰҚК видеосын "нашар қойылым" деп атап, билік оппозиция белсенділерін қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.

12:04 20.11.2022

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы 393-сайлау учаскесінде дауыс берді. Назарбаевтың дауыс берген сәті түсірілген видеоны Twitter'-де оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жариялады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Назарбаев 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары президент сайлауында жеңіске жетті деп жарияланған. 2019 жылғы 19 наурызда ол президенттік өкілетін доғарып, орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған, бірақ, көпшіліктің пікірінше, ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін мемлекеттік аппаратқа ықпалын жүргізіп келген.

Тәуелсіз ел тарихындағы ең үлкен қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасын кейбір сарапшылар Тоқаевтың адамдары мен Назарбаевтың айналасындағылар арасындағы тартыстың салдары, Тоқаев есе бермей, билікті өз қолына шоғырландыра алды деп есептейді. Маусым айында Тоқаевтың бастамасы бойынша елде Конституцияға өзгертулер енгізу жөнінде референдум өтті. Негізгі заңнан Назарбаев туралы баптар алынып тасталды. Қыркүйекте мемлекет астанасының үш жыл бұрын өзгертілген бұрынғы атауы қайтарылып, Нұр-Сұлтан қаласы қайтадан Астана деп аталатын болды. Сол айда Тоқаев елде кезектен тыс президент сайлау жөнінде шешім қабылдағанын жариялады. Сарапшылар мұны Тоқаевтың Назарбаевтан іргесін аулақтап, оның қолдауынсыз мандат алуға талпынысы деп бағалайды.

Бірінші президент жыл басынан бері көпшілік алдына сирек шығатын болған. Оның туыстары бұрынғы лауазымды қызметтерінен кетті, кейбірі бизнес-активтерінен айырылды, енді біреулері қаржы жымқыру және рейдерлік қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынды.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев өзіне дейінгі басшының аты-жөнін тура атамаса да, оқта-текте жанама түрде сын айтып қалып жүр. Ол елдегі байлық элитаға жақын топтардың қолына шоғырланғанын, табиғи ресурстарды сатудан түскен табысқа шектеулі адамдар ғана ие болғанын мәлімдеген. Бұған қоса ол бірнеше рет Назарбаевтың "тарихи рөлін" ескеру керегін айтып, оның мемлекет құрылысына қосқан үлесіне құрметпен қарауға шақырған.

Президенттікке кандидаттар арасында өзі жоқ сайлауға Назарбаев осымен екінші рет дауыс беріп отыр. Бұған дейін өзі президенттіктен кеткеннен кейін 2019 жылғы 9 маусымда өткен сайлауда дауыс берген. Батыс бақылаушылары Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаудардың ешбірін әділ сайлау, адал бәсеке деп таныған емес.

11:30 20.11.2022

Дауыс бергеннен кейін журналистер сұрағына жауап беріп тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 қараша 2022 жыл.
Дауыс бергеннен кейін журналистер сұрағына жауап беріп тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 20 қараша 2022 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "мемлекетке опасыздық жасады" деген және өзге де ауыр баптар бойынша айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісіне байланысты пікір білдірді.

20 қарашада кезектен тыс президент сайлауға Астанада дауыс берген Назарбаев "Мәсімовтің соты жөнінде не айтасыз? Ол кінәлі болса, артында кім тұр деп ойлайсыз?" деген журналистер сұрағына "мен де осы сұрақтың жауабын білгім келеді" деді.

"Сот тергеуінің аяқталуын күтіп отырмын. Мәсімов көп жыл менімен істеді. Бірақ қайдан білесің, Иса пайғамбар жанында сатқын отырғанын білді ме? Біз Құдай емеспіз. Сол себепті соттың аяқталуын күтейік" деді Назарбаев.

Азаттық тілшісі Назарбаевтан "Немере ініңіз Қайрат Сатыбалдының соты әділ болды деп ойлайсыз ба?" деп сұрады.

"Ол соттың шешімін әділ деп ойлау керек. Әділ болмаса, оған сенбеген адам қарсы болып, өзінің арызын беру керек. Сондықтан бәрібір қайда барғанда да мәселені сот жүйесі шешеді" деп жауап берді.

Бақылаушылар Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ықпалы әлсіреді деп санайды. Жыл басынан бері Назарбаевтың айналасындағы бірқатар лауазымды тұлғалар мен жақындары қызметтен кетіп, кейбірі қамалған. "Назарбаевтың адамы" саналатын Кәрім Мәсімов қаңтардың басында "мемлекетке опасыздық жасаған" деген және өзге де ауыр баптар бойынша айыпталып, қамауға алынды. 18 қарашада Мәсімовтің үстінен қозғалған іс бойынша сот басталды. Оның жақтастары "істің саяси астары бар" дейді. Қазан айының аяғында БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Астананы ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті "шұғыл бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға" шақырған.

10:49 20.11.2022
Полиция тіркелмеген Демократиялық партия белсенділерін күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Полиция тіркелмеген Демократиялық партия белсенділерін күштеп әкетіп жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

20 қарашада Алматыдағы Абай ескерткіші маңынан "Демпартия" белсенділерін полиция күштеп алып кетті. Тіркелмеген партия өкілдері "таңдаусыз сайлауға" қарсылық білдіріп, сайлауды тоқтату туралы талаппен көшеге шыққан. Бұған қоса олар өздерінің лидері Жанболат Мамайды ақтауды да талап етті. Олар қолына "Таңдаусыз сайлауға қарсымыз", "Жанболат Мамай ақталсын" деген жазуы бар плакаттар ұстап алған.

"Власть" сайты жексенбі күні акция басталысымен бірнеше минуттан соң полиция белсенділерді күштеп алып кеткен деп жазды.

Абай ескерткіші маңына жалпы бес адам жиналған. Әкімдік өкілі акцияның "заңсыз" екенін ескерткен.

Қазақстан 20 қарашада кезектен тыс президент сайлап жатқан кезде Алматыда түрлі саяси топтар митинг орны ретінде белгілеген жерлерде полиция бақылауы күшейді. Жексенбі таңертең Азаттық тілшісі Республика алаңында Ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері мен көліктері, автозактар тұрғанын көрді.

Астанада оппозиция митингісі өтеді деген орын – "Жастар" сарайы алдына қоршау қойылып, полицейлер ол маңды күзетіп тұр.

Осыған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы мүшелері 20 қарашадағы сайлауда митинг өткізетінін мәлімдеген. Алайда партия мүшелері сайлау қарсаңында ұсталып, көбі әкімшілік қамауға алынған. Осыдан үш күн бұрын ҰҚК елде сайлау күні "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болған" деген күдікпен жеті адамды ұстағанын хабарлап, оларды шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар" деп сипаттаған. Әблязов ҰҚК видеосын "нашар қойылым" деп атап, билік оппозиция белсенділерін қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG