Accessibility links

"Балалар үйі өмірге бейімдемейді". Тастанды тағдыры немесе қиындыққа мойымаған жанның хикаясы


Балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасанов. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.
Балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасанов. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.

Ең жақыны өзін тастап кеткенін біліп өмір сүру, көп жылдан соң олармен кездесіп, қылығын кешіру қаншалық қиын? Тағдырдың ауырлығына мойымай, өзгелерге жәрдемдесу мақсатына жету үшін не істеу керек? Азаттық балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасановпен әңгімелесті.

Жарық дүниеге әкелген анасы жаңа туған перзентінен бірден бас тартқан. 1996 жыл еді. СССР тарағаннан кейін басталған тоқырау, экономикалық дағдарыс кезі. Анасы перзентханаға қалдырып кеткен сәбилердің бәрінің барар жері біреу: оларды туған үйдің орнын баса алмайтын мемлекеттік мекемеге жібереді. Осылайша жас нәресте әуелі бөбектер үйінде, кейін жетімдер үйінде тәрбиеленеді, ары қарай жолы болса, жатақханасы бар училищеге оқуға түсіп, кәсіби мамандық алып шығады.

Бірақ Рафаэль Гасановтың тағдыры өзгеше болды. Ол өзін жолы болған жанмын деп санайды. 1997 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы SOS балалар ауылы ашылған. Рафаэль соған тап болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрияда пайда болған мұндай мекемелердің принципі бойынша, жетімдер "анасымен" тұрады. Әр отбасының жеке үйі, басқа жанұяларға ұқсайтын кәдімгі тұрмысы болады. Мұндағы тіршілік күнде таңертең бір тәрбиеші оятып, түстен кейін басқа қызметкер келіп, кешкісін үшінші адам ұйықтататын жетімдер үйіндегі тәртіпке мүлде ұқсамайды.

– Бізді былай тәрбиеледі: өзіміз үй жинап, дүкенге баратынбыз. Осындай ұсақ-түйектен дербес өмір сүруді, бір-бірімізге қамқор болуды үйрендік. Бұл – отбасылық тәрбие түрі, – дейді Рафаэль.

Кішкентай Рафаэль Гасанов (оң жақтан екінші) SOS балалар ауылында тәрбиеленген бүлдіршіндермен бірге тұр.
Кішкентай Рафаэль Гасанов (оң жақтан екінші) SOS балалар ауылында тәрбиеленген бүлдіршіндермен бірге тұр.

25 жастағы Рафаэль қазір Қазақстандағы балалар үйі түлектерінің қауымдастығын басқарады. Жетімдер мәселесін жақсы біледі. Ол жетімдер үйін баланы өмірге көбірек бейімдейтін отбасылық формулаға ауыстыру керек деп есептейді.

– Жағдайымыз балалар үйінен жақсырақ болды. Жалпы типтегі балалар үйінде жағдай нашар. Дәлізде сол баяғы әлімжеттік. Нұқып жіберу, түйіп қалу, иығымен қағып өту. Ол жақта саған кім не істегенін дәлелдей алмайсың. Үлкен ғимарат, адам да, бала да көп. Бұрын көшеде немесе базарда ақша сұрап, тапқанын ересектерге [балалар үйінің тәрбиеленушілеріне] беретін балаларды жиі көретінмін. Бұл да әлімжеттікке жатады, қоғамда ондайға жол бермеу керек, – дейді ол.

Жалпы типтегі балалар үйінен шынайы өмірге дайын болмай шыққан түлектер туралы хикая жетіп-артылады. Біреуі ішімдікке салынып кетсе, енді біреуі күмәнді жолға түседі. Рафаэль балалар үйінде өскендер арасында "тәрбиесі қиын" бала көп екенін мойындайды. Бірақ олардың қиын мінезін махаббат пен жылудың жетіспеуімен байланыстырады.

"Балалар үйінің түлектері неге қылмысқа араласады?" деген сұраққа жауап іздеген Рафаэль:

– Бұл жеңіл ақшаға қызығушылық, "ешкім білмейді, жазадан құтылып кетемін" деген көзсіз сенім шығар. Бірақ "бұл балалардың қанында, тегінде бар" дегенді естігенде таңғаламын. Жалпы алғанда, бұл – балалар үйінің тәрбие беруде жіберген қателігі. Балалармен жұмыс істеу керек. Оларды жақсы көру керек, – дейді.

2004 жылы "Хор әншілері" деп аталатын француз фильмі шықты. Шалғайдағы тәртібі қиын жасөспірімдерге арналған интернатқа әннен сабақ беретін Клеман Матьё деген мұғалім барады. Соғыстан кейінгі жылдар. Мінезі қызба, ашушаң балалар мен көп қиындық көрген ересектер. Мұғалім жасөспірімдердің музыкаға қызығушылығын оятып, хор құрады. Интернат тәрбиеленушілері көрерменнің көз алдында біртіндеп өзгере бастайды.

"Ешқашан болмайды дегенді ешқашан айтпа, қашанда бәрін тыңнан бастауға болады" дейді балаларды қанаттандыруға тырысқан Клеман Матьё.

Гасанов балалар үйіне тәрбиеленушілерге үлгі болатын, оларды өзіне сенуге үйрететін көшбасшылар керек деп санайды.

– Баланың қандай жағдайда өсіп жатқанын, ортасы қандай екенін түсіну өте маңызды. Бала күнімнен іскер адамдардың ортасында болатынымды түсіндім. Сондай адамдармен көп араластым. Оларды іздеп табуға тырыстым. Арасында балалар үйіне осындай адамдар келіп тұратын.

Рафаэль балалар ауылына келіп, басынан өткен жайтты бөліскен ересектермен араласып жүріп, қол қусырып отыруға болмайтынын түсінген. 13 жасында ірі дүкеннің көлік тұрағына жұмысқа кірген. Бірінші табысына балмұздақ пен кәмпит сатып алып, ауылдағы балаларға таратқан. 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, қонақ үй және мейрамхана бизнесі мамандығы бойынша білім алған. Қазір Рафаэльдің өз наубайханасы бар.

– Ақшаның құнын ерте түсіндім, өйткені өзім еңбек етіп табатынмын. [Алматыдағы] Әуезов көшесінен пәтер жалдап, бес мың теңгеге аспаз таптым. Ол бәліш пісіреді, мен оны контейнерге салып, Төле би көшесінің бойында жүгіріп сатамын. 16-17 жасымда өміріме толықтай өзім жауапты болдым. Бір-бір жарым жыл жасөспірімдер үйінде тұрдым, кейін ол жерден кетіп қалдым. Жауапкершілік пайда болды. Сол кездің өзінде балалар үйінің түлектеріне көмектесіп, өзімді дамыту үшін ұйым ашсам деген арманым болатын, – дейді Рафаэль.

ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ

Балалар үйі түлектері қауымдастығынан бөлек, Гасановтың "Жастарға жол" қоғамдық қоры, "Аяла" балалар үйінің түлектерін қолдау орталығы бар. Ол сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жанынан құрылған республикалық арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары. Рафаэль өзі құрған бірлестіктердің миссиясы – балалар үйі түлектерін қолдау деп түсінеді. Ұйым бірнеше жас адамға мемлекеттен баспана алу кезегін қалпына келтіруге көмектескен. Гасанов баспана мәселесі өте көкейкесті мәселе екенін айтады.

– [Балалар үйі түлектерінің] баспана, ересек өмірге дайын болу, әлеуметтік бейімделу (олар табыс тауып, өзін асырауы керек) деген үш негізгі мәселесі бар. Бұл әсіресе, түзеу мекемесінен шыққан түлек үшін маңызды. Баспанаға келсек, 10 жылдан бері үй кезегінде тұрып, әлі күнге пәтер алмаған адамдар бар. Заңға сәйкес, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйдің 20 пайызы жетімдерге берілуі керек. Біздің балалар бөлек кезекте тұрады. Алға жылжымайтын кезек мәселесі жиі кездеседі: 500-орында тұрған адам бір айдан кейін 1000-орынға түсіп кетеді. Бағдарламада ақау болды деп ақталады. Кешенді жұмыс жоқ, бәрі баяу жүреді, – дейді Рафаэль Гасанов.

Тағы бір мәселе – жұмыспен қамту. Гасанов балалар үйі түлектеріне "балық емес, қармақ беріп", оларды "тегін дүниеден" дәмелендірмей, табыс табуға үйрету керек деп есептейді.

– Жұмысқа жауапты қарайтын жастар бар. Бірақ бәрі ондай емес. Кейде "балалар үйінің түлегін жұмысқа алшы" деп жалынып жүріп көндірген жұмыс беруші хабарласып, ұсынған адамымның кеше де, бүгін де жұмысқа шықпағанын айтады. Көбіне ондай адамдар 30-35 жастағы, үйленген, бала-шағасы бар азамат болады. Кейде жұмыс тауып, "150 мың теңге жалақы төлейді" десек, "ақшасы аз" дейді. Адамның қалауы мен мүмкіндіктері үнемі сәйкес келе бермейді, – дейді ол.

Гасанов ештеңеге қарамастан, балалар үйі түлектерін қолдап, қанаттандырып отыру керек деп сенеді. Әдетте оларға аяғынан тұрып, жетістікке жеткен басқа түлектердің хикаясы шабыт береді.

Балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасанов. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.
Балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасанов. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.

– Балалар үйінде сөйлеген кезде балалардың ден қойып, қызығушылықпен тыңдап отырғанын көретінмін. Оларға сөйлеп тұрған адамның балалар үйінен шыққаны да қызық. Өмірде жетістікке жеткен түлектерді шақыру керек. Әртүрлі салада жүрген заңгер, журналист тұлға көп. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осы адамдардың үлгісі әлдеқайда жақын, олар бәрін өзіміздің тілде түсіндіре алады. Біреуді тәрбиелеп, үлгі көрсету үшін әуелі барлық қиындықтан өзің өтуің керек. Кез келген нәрсе мүмкін екенін, тек бәрін мемлекеттің көмегінсіз, өзің істеуің керегін өз мысалым арқылы көрсеткім келеді. Мемлекеттік тапсырыс алмаймын, грантқа өмір сүрмеймін, ешкім маған жалақы төлемейді. Үкіметтік емес ұйым өз қаржыма жұмыс істейді. Кәсібім бар. Жалақым – 300 мың [теңгеден] сәл асады, – дейді Гасанов.

Жақында Рафаэль Independ (ағылшынша тәуелсіз деген мағынада) ақпарат порталын ашқан. Соның көмегімен азаматтар өзін толғандырған мәселеге байланысты мемлекеттік орган өкіліне тікелей эфирде сұрақ қоя алады. Жаңа жоба жарнамадан табыс табады деп жоспарланып отыр.

"Мемлекетке деген сенім, біреу көмектесіп, қолдайды деген үміт жоғалды" дейді үнемі тек өзіңе ғана сену керегін айтқан Рафаэль.

– Наубайхана ашқым келіп, бір жарым жыл бойы субсидия сұрап, "Даму" [кәсіпкерлікті қолдау] қорының артынан жүгірген кезде "сендерге жеткенше, қартаятын шығармын" дегенмін. Жүгіріп, мемлекеттен көмек сұраудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің елде бюджеттен көп ақша бөлінеді, көбіне пайдалы дүниелерді байқаймын, бірақ әділдік көрмеймін. Мысалы, интернаттан кейінгі қолдау жоқ, жасөспірімдер үйі өмірге дайындамайды. Түлектер өмір сүріп, жұмыс істеп, ересек өмірге бейімделуі керек. Парламентте баспана мәселесі шешілуі тиіс. Біздің азаматтық қоғам балалар үйінің түлектерін жақсы қабылдауы үшін күресіп жүрмін. Өйткені олар адал, шымыр, батыл, отқа да, суға да түсуден қорықпайды. Балалар үйі түлектері қазір адаммен араласуды, байланыс орнатуды қажет ететін салаларда жақсы көрініп жүр. Мысалы, сауда, дүкен, ірі желілерде жұмыс істейді, – дейді ол.

Гасанов қоғамдық іспен айналысқанды жақсы көреді. Қолынан келгенше, жастарды қолдауға тырысады.

– Бір ғана үкіметтік емес ұйыммен бар мәселені шеше алмайтынымды білемін. Елде ондай мыңдаған бала бар. Бірақ әрдайым көмектесуге тырысамын. Бүкіл жұмысым қоғамдық іспен байланысты. Біреудің сүйікті ісі – ән айту, билеу, жаттығуға бару болса, менің сүйікті ісім – қоғамдық жұмыс, – дейді ол.

ЖЕКЕ ӨМІРІ ЖАЙЛЫ

Анасы перзентханаға қалдырып кеткен балалардың көбі кәмелетке толғаннан кейін жарық дүниеге әкелген ата-анасын табуға тырысады. Рафаэль Гасанов та әке-шешесін іздеп, үлкен отбасы, көп туысы барын білген.

Бүлдіршін Рафаэль Гасановтың SOS балалар ауылында тәрбиеленген кезде түскен суреті.
Бүлдіршін Рафаэль Гасановтың SOS балалар ауылында тәрбиеленген кезде түскен суреті.

– Жақындарымның бәрін кешірдім. Оларға "Әркімнің өз өмірі бар" дедім. Әкем 1998 жылы қайтыс болған, анамды 2014 жылы әлеуметтік желі мен таныстар арқылы таптым.

Рафаэль анасын іштей жақын тарта алмағанын айтады.

– Еш сезім болған жоқ. Мүлде ештеңе. Өйткені мұндайды армандаған да емеспін, – дейді ол анасымен кездескен сәтін еске алып.

– Бірақ әр нәрсенің бір қайыры бар. Біреуді іздегеннен… Тастап кетсе, демек сен… (кідірді) Менің пікірім осындай. Өкінбеймін. Мүмкін жағдай солай болған шығар, түсіну керек. Анамның хикаясы желісінде фильм түсіруге болады. Ол тым жас кезінде босанған. Баласын тастап кетуге мәжбүрлеген. Бұған атам мен әжем көндіргенін білемін. Жақында атам қайтыс болды, бірақ мен жерлеу рәсіміне қатысып, оны ақтық сапарға жақсылап аттандыру үшін бәрін жасадым. Не мәселе болғанын білмеймін. Әдетте кавказдықтар баласын ешқашан тастамайды. Мен дүниеге келген кезде туыстарыма "сәби шетінеп кетті" деп айтқан. Мені қалдырып кеткеніне қуанамын. Тастап кетпесе, тағдырым басқаша болар еді: далаға барып, көкөніс жинар едім. Менің қалауым бұл емес деп ойлаймын. Бәрі ортаға байланысты. Тұлға болып қалыптасуыңа айналаңдағы адамдар әсер етеді, – дейді Гасанов.

Қазір Рафаэль қандас туыстарымен, оның ішінде екі ағасымен араласпайды. Бірақ балалар ауылындағы тәрбиешісі Еленамен және балалар үйінің түлектерімен байланысын үзбеген.

Гасанов отбасын құрып, бала тәрбиелеп, оларды оқытып, мақсатына берік болуға үйреткісі келеді.

– Олар менің балалық шағымда көргенімді көрмесін, менің тағдырымды қайталамаса екен деймін. Бұл жерде толымды отбасы болу керегін айтып отырмын. Балаларымды тегін асқа үйретпейтінімді анық білемін. Олар 20 жасқа толғанда өмірдің бағасын, бәріне өз күшіңмен жету керегін білсе деймін. Бұл – өте қиын. Ондай менде де болады, қазір де қиын. Бірақ мен әлеуметтік желіде "қиналып жатырмын" деп айқайламаймын. Жастарға бағыт беріп көмектескім келеді. "Қуаныш сыйлау үшін туған адам" деген фильм түсіргім келеді. Мақсатқа қалай жету керегін көрсететін фильмнің сюжетін шынайы өмірден аламын. Фильмде қиындыққа мойымай, түрлі кедергіден қалай өту керегін бастан-аяқ көрсетемін. Синопсисі дайын, қазір демеушілермен, фильмді қаржыландыратын продюсерлермен келіссөз жүріп жатыр. Кейін фильмді балалар үйіне беруге болады, – дейді Рафаэль Гасанов.

Балалар құқығы жөніндегі уәкілдің дерегінше, 2020 жылы Қазақстанда ата-ананың қарауынсыз және жетім қалған, жасы 18-ге толмаған 23410 бала болған. Олардың 17023-і – қазақстандық отбасылардың қамқорлығына, 1751-і – патронат тәрбиесіне берілген, 195-і – асырап алған отбасында, 187-сі – отбасы негізіндегі балалар үйінде, 3336-сы 60 балалар үйінде тұрып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG