Accessibility links

Қаза тапқан шаруа және күші жойылған сот үкімі. Қарағандыдағы кісі өлімі қалай тергеліп жатыр?


2019 жылы жазда 57 жастағы шаруа Сапарғали Мақашов оққа ұшып, көз жұмған. Айыпталушы екі жарым жылға сотталып, мерзімі аяқталған соң бостандыққа шыққан. Бірақ марқұмның туыстары араласып, бастапқы үкімнің күші жойылды, жаңа тергеу ашылды.

Сапарғали Мақашов Қарағанды облысы Шет ауданындағы шалғай ауылда тұрған. Мал өсіріп, шаруашылықпен айналысқан. 2019 жылы 12 маусымда ол көмекшісімен бірге көлігіне отырып, ауылдан шығып кеткен. Мақашовқа қант диабеті диагнозы қойылған, сондықтан үнемі көмекшісін жанына ертіп жүрген.

Сапарғали Мақашов. Суретті ұлы Жанат берді.
Сапарғали Мақашов. Суретті ұлы Жанат берді.

Мақашовтың ұлы Жанаттың айтуынша, олар далада жайылып жүрген малды үйге қарай айдап келмек болған, екпе салатын ветеринар дәрігерлерді күтіп жүрген. Қайтар жолда оларға бірнеше көлік кезіккен. Көлікте жақын маңдағы түсті металл кен орнына геологиялық барлау жүргізуге келген компания қызметкерлері болған.

Шаруа мен компания қызметкерлері таныс болған. Мақашовқа шаруа қожалығының жанында барлау жұмыстары жүргені ұнамаған. Ол "ауыр техника жолдың тас-талқанын шығаратын болды" деп қынжылған. Ұлының айтуынша, әкесі компания жұмысшыларының шаруадан құрал-жабдық, солярка сұрай бергенінен шаршап, ауласын жауып алып, оларға су бермей қойған.

Жұмысшылар мен шаруа далада кездескен сәтте тағы да сөзге келіп қалған. Осыдан кейін оқ дауысы естілген. Мақашовтың бөксесіндегі күре тамырына оқ тиген, шаруа есінен танып, ауруханаға жетпей көз жұмған.

Оқиғаның қалай болғанын әркім әртүрлі әңгімелейді. Мақашовтың көмекшісінің айтуынша, Жасұлан Өскенбеков деген азамат шаруамен сөзге келіп қалғаннан кейін тапанша алып, олардың көлігіне келген, алдыңғы есікті ашып, ішке кіріп, Мақашовпен төбелесе жөнелген. Төбелес үстінде рөлде отырған Мақашовқа оқ тиген. Осыдан кейін оқ атқан адам тапаншасын алып, ізін суытқан. Кейінірек полиция бұл тапаншаны басқа адамнан тапқан. Тапаншадан саусақ іздері табылмаған.

Қарсы тараптың куәгері "Мақашов қолына қару ұстап, аспанға оқ атып, көліктердің жолын бөгеді" дейді. Өскенбеков жанына барып, қолынан мылтығын тартып алып, лақтырып жіберген. Осыдан кейін куәгердің айтуынша, Мақашов тапанша алып шыққан. Өскенбеков тапаншасын тартып алмақ болғанда, оқ атылып кеткен.

Өскенбеков ертеңіне ұсталып, қамауға алынған. Бір жылдан кейін іс материалдары сотқа өткен. Содан бері Мақашовтың отбасы қылмыстық істі жан-жақты әрі объективті түрде тергеуді сұрап, әртүрлі мекеменің табалдырығын тоздырып жүр.

СОТТАР БІР ІСТІ ӘРТҮРЛІ БАППЕН ҚАРАҒАН

— Бұл істің қаралып жатқанына үш жыл болды. Анам — екінші топ мүгедегі, жүрегі ауырады. Осы жағдайдан кейін денсаулығы нашарлап кетті. Полиция басында "Кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғады, ал прокуратура мен сот қылмыс санатын жеңілдетіп отыр, — дейді Жанат Мақашов.

Аудандық сот істі "Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған адам өлтіру" бабы бойынша қараған. Айыпталушы бұл бап бойынша берілетін ең ұзақ мерзім – екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Өскенбеков сот шешімі күшіне енгенше қаладан кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Мақашов бірінші инстанция "істі созбаққа салып", сот "біржақты өтті" деп, аппеляциялық шағым берген.

Жанат Мақашов, кісі қолынан қаза тапқан шаруа Сапарғали Мақашовтың ұлы.
Жанат Мақашов, кісі қолынан қаза тапқан шаруа Сапарғали Мақашовтың ұлы.

Бірнеше айдан кейін Мақашовтың шағымын қараған аппеляциялық сот Шет аудандық соты шығарған үкімнің күшін жойып, қылмыс санаты негізсіз белгіленген деген ескертумен істі прокуратураға қайтарған.

Қарағандыдағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық арнаулы сот қылмыстық істі "Абайсызда кісі өлтіру" бабына ауыстырған. Бұл бап бойынша ең қатаң жаза алған адам үш жылға бас бостандығынан айырылады. 2022 жылы қаңтарда сот Өскенбековты "абайсызда кісі өлтіруден" бөлек, "суық қару ұстап, сақтағаны" үшін кінәлі деп тауып, жалпы алғанда екі жарым жылға түрмеге жабу туралы үкім шығарған. Бірақ Өскенбековты колонияға жібермеген. Сот айыпталушының изоляторда отырған уақытын (тергеу изоляторындағы бір күн колониядағы бір жарым күнге тең) есепке алып, белгіленген жаза мерзімі толық өтелді деп шешкен. Өскенбеков сот залынан үйіне жіберілген.

— Үш рет судьяны ауыстыруды сұрадық, бірақ еш нәтиже болмады. Біздің бірде-бір өтінішімізді қабылдаған жоқ. Сондықтан судьяға күмәнмен қарай бастадық. Кісі өлтірген адамға неге сонша жеңіл жаза береді? — дейді Жанат Мақашов.

ПРОКУРОР АЛДЫҢҒЫ СОТ ҮКІМІНІҢ КҮШІН ЖОЮДЫ СҰРАДЫ

Мақашов бірнеше рет прокуратураға өтініш бергеннен кейін, ведомство қызметкері көктемде ауданаралық арнаулы соттың үкіміне қарсылық білдіріп, айыпталушының әрекетінде "Кісі өлтіру" бабында сипатталған қылмыс белгілері барын айтқан. Бұл бапқа сәйкес, жазаны ауырлататын себептер болмаса, қасақана кісі өлтірген адам сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Прокурор Өскенбековты 11 жылға түрмеге жабуды сұраған.

Мемлекеттік айыптаушы жыл басында шығарылған үкім "заңсыз", сондықтан оның күшін жою керек деп есептейді. Прокурордың пікірінше, сот қылмыстық заңнаманы дұрыс қолданбаған, істі біржақты қарап, толық тергеу жүргізбеген, оқиға орнында болған негізгі куәгердің түсініктемесін бұрмалап, айыпталушының қылмысын "Кісі өлтіру" бабынан "Абайсызда кісі өлтіру" бабына негізсіз ауыстырған.

Сәуірде сот коллегиясы бірнеше отырыс өткізіп, аппеляциялық шағымды қараған. 20 сәуірде аталған іс бойынша қайта тергеу жүргізу туралы үкім шығарған. Тараптарға жаңа өтініштері туралы алдын-ала ескертіп, қажет болса куәгерлер мен сарапшылар шақыру ұсынылған.

Қарағандылық Жасұлан Өскенбеков аппеляциялық сотта тағылған айыппен келіспейді. Айыпталушы мен оның адвокаты сот коллегиясынан үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрап, осыған дейін "әділ" жаза берілгенін айтады.

— Кінәмді жартылай мойындаймын. Бірінші инстанциядағы сотта болған жағдайды мойныма алатынымды, бірақ қасақана кісі өлтірмегенімді айттым. Жәбірленушімен осылай кездесеміз деп ойлаған жоқпын. Оны танитынмын, ешқандай арам пиғылым жоқ еді, бәрі күтпеген жерден болды. Қасақана өлтіргім келсе, өміріне қауіп төндіретін жерден атар едім. Бұған мүмкіндігім де болды, куәгер немесе басқа адамдар тоқтата алмас еді, — деді Өскенбеков сотта.

Ол қайғылы жағдайдың кісі өлімімен аяқталғанына өкініш білдірді.

— Мақашовтың әрекеті өзімнің және айналамдағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп қорықтым. Ол жерде Мақашов пен оның адамдары ғана қалғандықтан, "болған оқиға бұрмаланбасын, полиция қызметкерлерінің қолына тапсырайын" деп, тапаншаны алып кеттім. Прокурордың тапаншаны айыпталушы әкелген деген сөзі шындыққа жанаспайды, — деді ол.

Адвокат Мақашовтың жанында болған куәгерлер жалған куәлік берген деп есептейді. Ол жұмысшылармен жиі жанжалдасып жүрген марқұм бұл жағдайға алдын-ала дайындалып, оқиға орнына қару алып келген деп топшылайды. Мақашовтың көмекшісі көліктегі адамдарда қару болғанын айтқан.

Қазір айыпталушы бостандықта жүр. Марқұмның ұлы әкесінің қазасына кінәлілер жазасыз қалмауы үшін күресін жалғастыруға бекініп отыр.

Сот инстанцияларының бір қылмыстық істі неге әртүрлі баппен қарағаны белгісіз. Қазақстанның сот тәжірибесінде бірыңғайлық жоқ деген мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2021 жылы ақпанда өткен сот жүйесін модернизациялау туралы отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені қозғап, "қоғам сот жүйесінен түбегейлі оң өзгерістер күтеді" деген. Ол 2022 жылы қаңтарда мемлекеттік арнаға берген сұхбатында "сот жүйесіне қатысты алаңдаушылық әбден орынды" деген пікірін қайталаған.

Осы айда жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының жайы туралы баяндамасында Қазақстанда тәуелсіз сот жүйесі жоғы, судьялардың шенеуніктердің ықпалында екені, бұл саланы жемқорлық жайлағаны айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG