Accessibility links

Жапония премьері сапарының "сыры", стендап-комикті қамау салдары және "ақ хакерлер"


Жапония премьер-министрі Фумио Кисида
Жапония премьер-министрі Фумио Кисида

Азаттық шетел ақпарат құралдары осы аптада Қазақстан туралы не жазғанын сараптап, үш мақалаға шолуын ұсынады. Жапон басылымы премьер-министр Фумио Кисиданың Қазақстанға сапары жайлы жазса, америкалық Eurasianet астаналық стендапер Александр Меркульдің қамалғаны Қазақстандағы саяси сатираға қалай әсер ететінін сөз еткен. Ал Cabar.Asia болса, Қазақстанда құқықтық мәртебеге ие болған «ақ хакерлер» қалай жұмыс істейтінін баяндады.

АСТАНАДА «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ + ЖАПОНИЯ» САММИТІ ӨТПЕК

Жапония премьер-министрі Фумио Кисида Орталық Азияға сапарында аймақ басшыларымен кездесіп, Токионың аймаққа экономикалық көмек топтамасын жария етпек. Бұл туралы The Japan Times басылымы жазды. Басылымның хабарлауынша, Жапония Орталық Азияны Еуропамен Каспий теңізі арқылы жалғайтын сауда жолын қалыптастыруға үлес қоспақ.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты» немесе «Орта дәліз» деп аталып жүрген бұл жоба Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сәтті іске асса, бұл құрлықта Ресейді айналып өтетін сауда жолы болмақ.

Қытай мен Еуропаны жалғайтын орта дәліз.
Қытай мен Еуропаны жалғайтын орта дәліз.

Жапон басылымы Токио осы бағытқа демеу білдіру арқылы Орталық Азия елдерінің Ресейден экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға үмітті екенін жазды.

«Токио орнықты экономикалық дамуда қолдау көрсету арқылы Қытай мен Ресейдің ықпалы зор аймақпен қарым-қатынасын күшейткісі келеді» дейді The Japan Times.

Орта дәлізді іске асыруды қолдаумен қатар Жапония декарбонизация саласында ұсыныс білдірмек. Нақтырақ айтқанда, Токио технологиясы мен несиесі табиғи газды өңдеуге пайдаланылуы мүмкін.

Сонымен қатар, Токио Орталық Азия елдеріндегі білікті мамандарын жұмысқа қабылдауға дайын екенін білдірмек.

Кисиданың Орталық Азияға сапары 9-12 тамыз аралығында өтпек. Сапар аясында ол Өзбекстан, Қазақстан және Моңғолия елдеріне барады. Орталық Азия мен Жапония саммиті Астанада өтпек.

«Орталық Азия – Шығыс Азия мен Еуропа арасында орналасқан, газ секілді табиғи ресурстарға бай маңызды геосаяси аймақ. Кейінгі жылдары Қытай аймақтағы экономикалық ықпалын ұлғайтып келеді. АҚШ пен Еуропа Одағы да [аймақпен] қарым-қатынасын нығайтуға әрекеттеніп жүр» дейді басылым.

Газет бұрын Совет одағы құрамында болған Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдері қауіпсіздік саласында Ресеймен тығыз қарым-қатынаста екенін, бірақ Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеуден бойын алшақ ұстауға тырысып келе жатқанын атап өткен.

Кейінгі жылдары әлемнің ықпалды мемлекеттері аймақ елдерімен әріптестігін «Орталық Азия + 1» деп аталып кеткен осы форматта жалғастырып жатыр.

Ресми дерек бойынша, 2023 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы сауда айналымы 2,1 млрд доллар шамасында болған. Оның ішінде Қазақстанның Жапонияға экспорты – 600 млн доллар, ал импорты – 1,5 млрд доллар. Жапонияның Қазақстанға салған жалпы инвестициясы 7,8 млрд доллардан асады.

«ҚАЗАҚСТАНДА АДАМДАРДЫ КҮЛДІРУДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ АУЫРЛАДЫ»

Орталық Азиядағы оқиғалардан жиі хабар тарататын америкалық Eurasianet басылымы Қазақстанда стендаперлердің қамалып жатқанына назар аударған.

«Осы күндері Қазақстанда адамдарды күлдіруге талпынудың жауапкершілігі ауырлады. Сенбесеңіз, Александр Меркульден сұрап көріңіз. Астана соты жақында оны әзіл кешінде былапыт сөз қолданғаны үшін қамауға алды» жеп жазды басылым.

Шілденің аяғында астаналық стендапер, комик Александар Меркуль әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша 10 күнге қамалған.

Комик Александр Меркуль
Комик Александр Меркуль

Сот шешімінде Меркуль биыл маусымда Астанадағы «Реберная» мейрамханасында «балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны» жазылған.

Қазақстанда былтыр наурыздан бастап қоғамдық орында бейпіл сөз айтушыларға жазаны ауырлатқан. Айыппұл бес айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 20 АЕК-ке дейін ұлғайды (1 АЕК – 3693 теңге). Бұл бап аясында айыппұлмен қатар әкімшілік қамау да қарастырылған. Қоғамдық орында былапыт сөз айтқандарды бұрын 15 тәулікке дейін қамаса, қазір 30 тәулікке дейін қамай алады.

Меркульге дейін осы баппен алматылық стендапер Нұрасхан Басқожаев та 15 күнге қамалған. Елде стендаперлер бейпіл сөз айтқаны үшін емес саяси әзілі үшін қамалды деген күдік күшейді. Басқожаев та, Меркуль де Қазақстан билігін сынайтын саяси әзілдерімен танылған.

Eurasianet басылымына пікір білдірген алматылық дизайнер Мария Бакальчук «Іштегі ызаны шығарып, наразылық білдіру үшін достар арасында болсын, жұмыста болсын, бәріміз де бейпіл сөз айтамыз. Адамды бұл еркіндіктен қалай айыруға болады?» деген.

Басылымның жазуынша, елде бұл қадамды билікті келеке ететін стендаперлерге ескерту деп қабылдайтындар бар.

"[Меркуль] «Жаңа Қазақстан» туралы әзілдеді. Ал билік оның айтқаны қате екенін дәлелдеудің орнына, оны 10 күнге қамап тастады" деп келтіреді Eurasianet «Дискурс» СММ агенттігінің негізін қалаған Антон Мироедовтің сөзін.

Меркуль өкімет ақпарат ағымын қатаң бақылауда ұстайтын елде сөз еркіндігі шекарасын бұзғысы келетін батыл стендап комик ретінде танылған дейді мақала авторы Олжас Әуезов.

Америкалық басылымға берген сұхбатында Алматыдағы Please Stand Up әзілкештер клубының жетекшісі Руслан Қуанов Қазақстандағы стендаперлер америкалық әріптестеріне еліктейтінін, бірақ Қазақстандағы саяси мәдениеттің АҚШ-тан едәуір ерекшеленетінін айтқан.

Қуановтың сөзінше, қазақстандық комиктер қорықпауға тиіс, бірақ өзекті тақырыптар жөнінде әзілдегенде тапқырлық танытып, заң алдында жауап бермейтін жолды табуы қажет.

Дегенмен, кейінгі қамаулар стендаперлерге әсер еткен сыңайлы. Азаттық хабарласқан қазақстандық стендаперлер әзірге бұл жағдай туралы пікір білдіруден тартынатынын айтқан. Ал Азаттық тілшісі қатысқан стендап кешінде ұйымдастырушылар сақтық шараларын күшейткені байқалған.

ҚАЗАҚСТАНДА «АҚ ХАКЕРЛЕР» ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Ұлыбританиялық Соғыс және бейбітшілік институтының Cabar.Asia басылымы «Қазақстан ақ хакерлер қалай жұмыс істейді?» деген тақырыпта мақала жариялады.

Хакерлер шартты түрде «қара» және «ақ» деп екіге бөлінеді. Біріншісі қандай да ақпарат жүйесінің әлсіз жерін тапса, оны бұзып, теріс пиғылына пайдаланады. Екіншісі, сондай жағдайда ақпарат жүйесінің иесіне хабарласып, платформасының кемшіліктерін баяндайды. «Ақ хакерлер» ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға жұмыс істейді.

Мақала авторы Қазақстанның былтыр желтоқсанда «ақ хакерлерге» құқықтық мәртебе бергенін атап өтіп, BugBounty жекеменшік бағдарламасының ерекшелегін сипаттайды.

Бағдарламаны Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) іске қосқан. Орталық директоры Олжас Сәтиевтің Cabar.Asia басылымына айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік ақпараттық жүйелердің иелері осы BugBounty-ға өтініш беріп, осы бағдарлама аясында топтасқан 2,5 мың «ақ хакердің» қызметіне жүгіне алады. Бұл қызмет мемлекет үшін тегін, жекеменшік мекемелер үшін ақылы. Ақы анықталған әлсіздіктің деңгейіне байланысты.

Қазақстан – мемлекеттік қызметтерді қарқынды цифрландырып жатқан елдердің бірі. Бірақ сонымен қатар азаматтардың дербес деректерін жинап, цифрлық көздерде сақтайтын мекемелер саны да артып отыр. Дерек жинаушы мекемелердегі ақпараттық қауіпсіздік деңгейі әрдайым жоғары бола бермей, қазақстандықтардың жеке деректері жиі қолды болып келеді. Бұл елде интернет-алаяқтықтың өршуіне себеп.

Cabar.Asia сұхбат ақпараттық жүйелер зерттеушісі Катерина Шевченко кез келген сайтты бұзуға болатынын, бірақ қауіпсіздікті күшейту арқылы оны қиындату мүмкіндігі барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG