Accessibility links

Мәскеу не себепті Тоқаевқа балама қарастырып жатыр? Жапонияның аймақтағы ықпалы артып келе ме?


Қазақстан мен Ресей басшыларының келіссөзі. Мәскеу, 3 қазан, 2019 жыл.
Қазақстан мен Ресей басшыларының келіссөзі. Мәскеу, 3 қазан, 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Кремль неліктен Тоқаевтан басқа тұлғаға басымдық беруді қалайтынын, оған балама қарастырып жатқанын талдады. Сонымен қатар Жапонияның аймақтағы ықпалы артып жатқанын жазды. Украинадағы соғыс Шанхай ынтымақтастық ұйымын қалай өзгертуі мүмкін деген сұраққа да жауап іздеді.

"КРЕМЛЬ БАТЫСПЕН ТЕКЕТІРЕСТЕ АСТАНАНЫ ӨЗІНЕ ЖАҚ ЕТКІСІ КЕЛЕДІ"

Өткен аптада Мәскеу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа балама ретінде қарастыратынын талдаған саяси сарапшы Ақас Тәжуітов бұл жолы Eurasia review басылымындағы мақалада Кремль Астанадағы басты серіктесін не себепті ауыстырғысы келеді және Ресей таңдауы неліктен дәл Тасмағамбетовке түсті деген сұраққа үңілді.

Тәжуітов сұрақтың алғашқы бөлігіне жауап беру үшін Қазақстан Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын сақтауды мойнына алғанын еске салады. Бірақ, екінші жағынан, басылымдар "Қазақстан 2022-2023 жылдары Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге қолайлы аймаққа айналғанын" жазды. Мұндай жағдайда Мәскеу мен Астана Украина мәселесіне келгенде "екі тараптың көзқарасы қарама-қайшы" дегенді көрсетуге көп күш салды. Бұл ретте автор Батыс саясаттанушылары елдегі ахуал, мемлекет жетекшілігінің шешімдері мен іс-әрекеті туралы ақпаратты негізінен Ресей басылымдары мен Қазақстандағы орысша басылымдардан алатынын келтіреді. Мұндай жағдайда бұл жайт сарапшылар Қазақстан ақпараттық кеңістігінде Ресей телеарналары мен интернет-ресурстары үстем екенін, Кремль осы арқылы елдің ішкі ісін бақылауда ұстайтынын ұмыт қалдырады.

Ресейдің Lenta.ru басылымы "Қазақстан телеарналардың жартысынан көп бөлігін және бүкіл кітап нарығын бақыламайды. Мәскеу республикадағы элиталарды қорғайды, соның арқасында [елдегі] ақпараттық орта Қазақстан билігіне доспейіл" деп жазған. Автордың ойынша, бұл – ресми Астананың ақпарат құралдарындағы бет-бейнесін қалыптастыру Ресей қолында деген сөз. Ал бұл ретте Мәскеу ең алдымен өз мүддесін көздейтіні түсінікті.

Мәскеу үшін сырт көзге "Қазақстан Кремльден алшақтап барады, Ресей кек алуға тырысып, ақпараттық шабуылдар жасап жатыр" деген пікірді таңу тиімді. "Бірақ мұның бәрі бос қиял екені қазір ешкімге жасырын емес" дейді Ақас Тәжуітов.

Жақында елге келіп кеткен АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг Қазақстандағы компаниялар мен банктердің Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектескені анықталса, оларға екінші реттегі санкциялар салынуы мүмкін екенін ескертті.

Бұдан шығатын қорытынды – Тоқаев пен Путин арасындағы "жанжал", "санкцияларды қатаң сақтау", "Ресейдің Қазақстанға басып кіру қаупі" және "Ресейді қолдауға мәжбүрміз" дегендей әңгімелер мен көзбояу жасайтын уақыт өтіп кеткен. Енді Кремль Астананы қалайша "жасырын одақтастан" "ашық одақтасқа" айналдырып, Батыспен текетіресте өзіне жақ етуді ойластыруы керек. Санкцияларды айналып өтуге көмектеспейтін әрі Мәскеуді Минск тәрізді ашық қолдамайтын Астана Ресей көңілінен шықпайды.

Автор Путин қашанда Қазақстан Ресейді қолдағанын қалап, ел басшылығына таңдау құқығын бергісі келмейді деп есептейді. Тәжуітовтің пайымдауынша, Украинадағы жағдайдан кейін Путиннің Қазақстан басшылығына Лукашенкомен және өзімен бір қатарға тұрып, "ұжымдық Батыспен күресте" бізді қолда дегеннен басқа ұсынары жоқ. Ал Тоқаевтың бұған келісуі екіталай. Кремль Астанадағы басты серіктес ретінде Тоқаевтан басқа тұлғаға басымдық бергісі келетіні сондықтан.

Оның үстіне, Қазақстан қоғамының президент Тоқаевтан көңілі қалып, өзгерістер іске асады деген үміт ақталмағанын да Мәскеу назарға алған. Ал шетел басылымдарында "Тоқаев Назарбаев жолымен келе жатыр" деген пікір жоқ емес.

Путинге көмектескені үшін Тоқаевқа санкция салуды талап еткен белсенділер. 17 наурыз, 2023 жыл.
Путинге көмектескені үшін Тоқаевқа санкция салуды талап еткен белсенділер. 17 наурыз, 2023 жыл.

Мәскеудің балама таңдауы неліктен Тасмағамбетовке түсуі керек деген сұраққа үңілген автор бұған екі фактор себеп дейді. Біріншіден, Reuters ақпарат агенттігі осыдан алты жыл бұрын жазғандай, "Иманғали Тасмағамбетов бұрыннан мұрагер болуға ықтимал кандидаттардың бірі деп қарастырылды әрі ол ел ішінде, әсіресе мұнайға бай батыс аймақтарында қолдауға ие". Екіншіден, Тоқаев пен Тасмағамбетов – Кремль жақсы танитын саясаткерлер.

"ЖАПОНИЯ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫН АРТТЫРЫП ЖАТЫР"

"Орталық Азиядағы сыртқы державалардың рөлі туралы сөз болғанда Жапония көп ретте ауызға алынбайды, бірақ Токио Орталық Азияда өзі көңіл бөлген белгілі бір салаларда айтарлықтай табысқа жетті, бұл – оның басты артықшылығы" дейді сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтындағы мақалада.

Автордың пайымдауынша, Жапония өзінің аймақпен біртұтас екенін көрсете алды әрі ол − Батыстың капиталистік және демократиялы құндылықтарын біріктіре алған және экономикада табысқа жеткен ел. Жапония бұл құндылықтарды Батыс елдерінен гөрі тиімдірек ілгерілете алады, осы себепті Орталық Азияда көпшілік Жапонияны бөтен емес, өзіне жақын ел ретінде қарастырады.

Оны былай қойғанда, Жапония ірі геосаяси қадамдарға емес, "жұмсақ күштің" кішігірім жобаларын іске асыруға мән береді. Осы себепті аймақтағы екі ірі ойыншы – Қытаймен және Ресеймен мүдде қақтығысы туған жоқ.

Әлемнің үшінші ірі экономикасы аймақтағы түрлі жобаға ақша салды. Ол өзге сыртқы күштер тәрізді аймақта шиеленістірмей, керісінше, аймақты біртұтас қарастырды, басқа ойыншылармен салыстырғанда "Орталық Азиядағы бес ел + 1" форматындағы кездесулерді көбірек өткізді.

Гобл Ресейдің Қиыр Шығыс федерациялық университетіндегі халықаралық қатынастар жөніндегі маман, Орталық Азиядағы Жапонияның рөлін жан-жақты зерттеген Марина Дмитриеваның мақаласына мән береді. Зерттеушінің жазуынша, Токио аймақта батыл бастамалардан гөрі негізінен экономикаға бағытталған жобаларды көбірек іске асырып жүр, "Жапония өзін Орталық Азия үшін Қытай мен Ресейге балама ретінде көрсетеді".

Жапония Орталық Азия елдерімен ең алғаш 1990-жылдары қарым-қатынасты дамыта бастаған кезде либерализм, демократия мен адам құқықтары идеясын ілгерілетті. Бұл – әлі де Токионың осы бағыттағы талпынысын іске асыратын Жапония халықаралық серіктестік агенттігі (JICA) негізгі мақсаттарының бірі. Бірақ Токио бұл салада айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған соң, ұстанымын қайта қарастырып, экономика мен гуманитарлық салаға басымдық бере бастады. Осы өзгерістен кейін Токионың аймақтағы іс-әрекеті Орталық Азиядағы режимдерге ғана емес, Мәскеу мен Пекинге де проблема тудыра бастады.

Зерттеуші Дмитриеваның жазуынша, Жапония Орталық Азияда өзге ойыншылар көп мән бермейтін мәдени дипломатияға, гуманитарлық көмекке және дамуды қолдауға басымдық беріп жүр. Алайда Ресейдегі басқа комментаторлар Жапонияның әрекетіне күмәндана қарап, ол "АҚШ-тың одақтасы екенін және Украинадағы соғысты айыптайтынын" айтады. Пекинде де қайсыбіреулер дәл осындай күмән келтіруі мүмкін. Ал бұл Токио мен осы державалар арасындағы жанжалға әкеп соқтыруы ықтимал. "Жапония Орталық Азиядағы ықпалын біртіндеп арттырып жатыр, Батыс мұны қазір елемесе де, оның ұзақмерзімді салдары болуы мүмкін".

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУІ МҮМКІН?

АҚШ-та орналасқан сыртқы саясатты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Стивен Бланк Jamestown қорының сайтындағы мақалада Украинадағы соғыс Шанхай ынтымақтастық ұйымын өзгерте ме деген сұраққа жауап іздейді.

Бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымы Орталық Азиядағы қауіпсіздікті сақтау жөніндегі Ресей мен Қытайдың бірлестігі деп қарастырылатын. Бірақ Ресей сонымен бірге Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы арқылы да аймақта үстемдікке ие болатын. Алайда Украинадағы жағдайға байланысты ахуал өзгеріп жатқандай.

Биыл ақпанда Қазақстан ҰҚК төрағасының сол кездегі орынбасары Нұрғали Білісбеков Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді қауіп-қатерге қарсы тұру үшін серіктестікті күшейтуге үндеді. Автордың ойынша, Ресей элитасының Қазақстанның аумақтық тұтастығы жайлы даулы пікірі мен қоқан-лоқысын ескерсек, Мәскеуге қарсы баланс ұстау үшін Астанаға ұйымның басқа мүшелерін қауіпсіздік мәселесіне жұмылдырған маңызды. Сөйте тұра, Қазақстан Қытайға қарай иіліп жатқан жоқ, ол көпвекторлы саясатты жалғастырып жатыр.

Бланк Ресейдің Украинаға басып кіруі Мәскеуді аймақтағы қауіпсіздікке кепілдік беруші деп қарастыруға болмайтынын көрсетті дейді. Бұл – ол Шанхай ынтымақтастық ұйымы ғана емес, ҰҚШҰ да қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды деген сөз. Оны былай қойғанда, екі ұйымға мүше елдердің арасында жанжал болғанда, бірлестіктер оған араласпай, әрекетсіз қалды.

Орталық Азияның қауіпсіздік жүйесі проблемаға айналды, ал Қазақстан қауіпсіздік мәселесі бойынша серіктестікке үндеген ұйым әлсіреп жатыр. Мұның арты неге апарып соқтыратынын ешкім білмейді, бірақ бұл жаман нышан болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG