Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.

Тоқаев үкімет құрамын бекітті. 11 қаңтарда не болды?

11:16 11.1.2022

Тоқаев Назарбаевты белгілі бір адамдар тобын байытты деп айыптады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы бір ауыз сөз ғана айтып, бұл сөзінің өзінде Назарбаевты сынады.

"Бірінші президент - "елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс" деді ол.

Қазақстанның қазіргі президенті елдің бұрынғы президентін алғаш рет сынады. Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр.

Мәселен, Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев - елдегі байлардың қатарында.

Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

Назарбаевтың өзі 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады, елде болған наразылық пен тәртіпсіздікке қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Қазақстан билігі жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастады. Ақпараттық вакуумда қалған тұста Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.

11:13 11.1.2022

Тоқаев қазақстандықтарға көмектесетін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құруды тапсырды. Ол бұл қордың жұмысы ашық болады, қаржы жеке және мемлекеттік көздерден бөлінеді, лотереядан түскен табыс та осы қорға жұмсалады деді.

"Бұл - президенттің, біреудің қоры емес, бұл - халықтың қоры" дейді Тоқаев.

Қазақстан президенті "елдегі олигархтар тобы бәсекелестікті төмендетті" деп мәлімдеді.

10:37 11.1.2022

Тоқаев мәжілісте не айтты?

ҰҚШҰ бітімгер күштері миссиясы аяқталды, алдағы екі күнде оларды шығару жұмыстары басталады. Оларды шығару он күндей уақыт алады.

Алматыны қалпына келтіру - менің парызым.

Кейбір аймақта ҰҚК департаменті жетекшілері нысандарды қаруы мен құпия құжаттары болса да, қарсылықсыз бере салды.

Бірінші мақсат - құқық қорғау органдары жүйесін реформалау. Әскери техниканы толықтырамыз.

Жұрттың табысы экономиканың өскеніне қарай өсуі тиіс. Бұл аксиома бізде жұмыс істемеді.

Қазіргі экономикалық жағдайдан қаржылық-олигархтық топтар пайда көрген. Қазақстан даму банкі негізінен белгілі бір топтың жеке банкіне айналды. Олардың фамилиясын бәріміз білеміз.

Мемлекеттік қолдауы анық емес және түсініксіз. Мемлекеттік қолдау жүйесінде "досыма бәрін беремін, ал қалғандарына заңмен беремін" деген жүйе қалыптасқан.

"Самұрық Қазына" қорын және оның бөлімшелерін тексеру қажет. Егер "Самұрық Қазына" қорын қайта құру мүмкін болмаса, ел экономикасына бұл қор қажет емес.

Астана LRT жобасы сәтсіз болды, оны мойындау керек. Бұл жобада жемқорлықтың иісі бар. LRT мәселесін шешу үшін шетелдік және отандық архитекторларды шақырудан басқа амалымыз жоқ.

Тоқаев үкіметке утилизация алымын жоюды тапсырды. Бұған дейін бұл алым елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі екені айтылған.

Шаруашылық өсті деп айтуға келмейді. Біз импортқа тәуелдіміз.

Тоқаев "Бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы өсе береді. Бірақ елде инфляция жоғары, осыны төмендету керек" деді және депутаттардың, әкімдердің және министрлердің жалақысын өсіруге бес жылға мораторий жариялады.

Тоқаев үкіметке 2022 жылға арналған бағдарлама дайындау үшін үш апта уақыт берді.

Тоқаев ҰҚК жүйесін толық қайта құратынын жариялады.

Қазақстан президенті "аймақтар арасында диспропорция бар" деді және Батыс пен Оңтүстік аймақтарда білім бағдарламасын және экономиканы дамытуды тапсырды.

Тоқаев елде бюрократия көп екенін айтты. Бұл туралы билік бұған дейін де көп айтқан еді. Ол мемлекеттік қызметкерлер саны қысқаруы мүмкін деді.

Тоқаев: Кейбір меморгандар халықпен сөйлесе алмайды, кейде халық алдына шығудан қорқады. Әкімдер жұртқа өзі баруы керек.

Тоқаев: Сандармен ойнауды қойып, іске көшу қажет.

Қазақстан президенті қаржыны шетелге шығару қаупі көп екенін айтты. "Біз кейбір компаниялардың есебінде қозғалыс басталғанын білеміз" деді және қаржы секторына мұны қатты қадағалауды тапсырды.

Тоқаев халықтың табысын көтеретін, кедейлікті төмендететін шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан президенті аумақтарға мықты мұғалімдерді тартуды және университеттерде техникалық мамандықтарға басымдық беруді тапсырды.

Тоқаев: 2025 жылға дейін елде шетелдік бес университеттің филиалын ашу керек. Олардың екеуі Батыс аймақта болуы керек.

10:30 11.1.2022

Әлихан Смайылов Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалды

Әлихан Смайылов Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалды.
Әлихан Смайылов Қазақстан премьер-министрі болып тағайындалды.

11 қаңтарда мәжіліс отырысы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты премьер-министр қызметіне ұсынды. Депутаттар ұсынысты қолдап, жаңа үкімет басшысын бекітті.

Әлихан Смайылов 5 қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық бүкіл елге тарап, жаппай қарсылық акциялары күшейген тұста отставкаға кеткен бұрынғы премьер-министр Асқар Мәминнің бірінші орынбасары болған. Ол содан бері премьер-министр міндетін уақытша атқарып келді.

49 жастағы Смайылов 2019 жылғы ақпаннан бері премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі болып істеген.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • Тоқаев елдің экс-президенті Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.
  • Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылды "агрессия актісі" деп, оған "террористік топтарды" айыптады. Сол кезде Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені айтпады. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін де анық айтпады.
  • Елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Қоғамда шетелдік әскерилердің кіргеніне қарсылық өршіді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG