Accessibility links

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы

5-7 қаңтар арасында Қазақстанда болған наразылық пен тәртіптсіздіктің хронологиясын осы парақшадан оқи аласыз.

11:19 5.1.2022

Ақтөбеде наразылар тарқамай тұр

Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.
Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбеде әкімдік алдында түнімен тұрған наразылар әлі тарқамай тұр. Олар Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің шығуын талап етеді. Қалада қоғамдық көлік тоқтаған, интернет баяу, облыс әкімдігіне жақын дүкендер мен супермаркеттер жабық. Тек дәріханалар ашық.

11:53 5.1.2022

Елдегі қазіргі ахуал қандай?

Азаттық елдегі қымбатшылыққа қарсы наразылықтан мәтін түрінде тікелей блог жүргізіп жатыр. 5 қаңтар түскі 12-ге дейінгі жағдайды қысқаша шолып шығайық.

  • Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқарады. Үкімет мүшелері жаңа кабинет құрамы бекітілгенге дейін өз міндетін атқара береді.
  • Тоқаев президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылып, оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды. Бұған дейін Қарин президент көмекшісі болған.
  • Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды. Бұл екі аймақта түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін комменданттық сағат енгізілді.
  • Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 қаңтар түнде қалада болған "тұрақсыздандыру талпынысы мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұр" деп мәлімдеді. "Қазір қаладағы жағдай бақылауға алынды. Арандатушылар мен экстремистер ұсталып жатыр. Бүлікшілер анықталып жатыр" деді ол. Бірақ "экстремист, арандатушы" деп кімді меңзегенін нақты айтпады.
  • 5 қаңтарда Алматыдағы "Алтын Орда" базары маңында арнайы жасақ наразыларға шулы граната қолданып, резеңке оқ атты. Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында "Алтын Орда" базары маңында қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылған. Бұл маңға 200-дей адам жиналып, "қымбатшылыққа қарсы" наразылық білдірді. Бұдан соң олар Қалқаманға қарай жылжыды.
  • Ішкі істер министрлігі аймақтарда "қоғамдық тәртіпті бұзған" 200-ден астам адамның ұсталғанын, 13 факт бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Министрлік түнгі наразылықты "заңсыз акция", ал наразыларды "арандатушылыққа шақырушыларға ерді" деп атады.
  • ІІМ Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында "әкімдіктерге шабуыл жасалып", ғимараттар бүлінгенін, 95 полицей жарақат алғанын, 37 көлік бүлінгенін хабарлады.
13:16 5.1.2022

Ақтөбеде полиция әкімдікті басып алмақ болған наразыларға газ шашты

Ақтөбеде әкімдікті басып алмақ болған наразыларға полиция көзден жас ағызатын газ шашты. Облыс әкімдігінің алдында қонып шыққан наразылар 5 қаңтарда күндіз облыс әкімдігінің терезесін шағып, ішке кірмек болған кезде полиция оларға жас ағызатын газ шашып, қуды. Аумаққа жедел жәрдем көліктері де келіп жатыр. Азаттық тілшісі аяғы жараланған бірнеше адамды көрді. Соған қарағанда полиция резеңке оқ қолданғанға ұқсайды.

Сәрсенбі күні таңертең наразылар Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің шығуын талап еткен. Алайда әкім клемеді.

Қалада қоғамдық көлік тоқтаған, интернет баяу, облыс әкімдігіне жақын дүкендер мен супермаркеттер жабық. Тек дәріханалар ашық.

2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. Арасында Ақтөбеде де бар.

4 қаңтарда полиция "Жаңаөзенді қолдаған" белсенділерді ұстаған.

Наразы жұрт қымбатшылықты, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлағанын айтып, билікті сынаған.

13:24 5.1.2022

Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды

Қазақстан президенті Тоқаев "азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне байланысты" Алматы облысында төтенше жағдай жариялады. Оның мерзімі Алматы қаласы және Маңғыстау облыстарындағыдай 19 қаңтарда аяқталады.

Тоқаев сонымен бірге аталған аймақта коменданттық сағат енгізді. Алматы облысының коменданты болып Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тағайындалды.

Төтенше жағдай мен коменданттық сағат кезінде төмендегідей шектеу шаралары күшінде болады:

  • қоғамдық тәртіп күшейеді;
  • ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға күзет күшейеді;
  • облыс аумағында қозғалыс, оның ішінде қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі;
  • жеке тұлғалардың құжаттары, көліктері, заттары тексеріледі;
  • Алматы облысына кіріп-шығу шектеледі;
  • ​Бейбіт жиын, қоғамдық шаралар, жарыс өткізуге тыйым салынады;
  • Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнайы, улы заттар сатуға тыйым салынады. Дәрі-дәрмек, психтропты заттар, ішімдік, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше бақылау орнатылады.

​Тоқаев төтенше жағдай кезінде туындайтын шығындарды өтеуге үкіметі резервінен қаражат бөлуді тапсырды.

Елде наразылық өршіген тұста 5 қаңтарға қараған түні Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілген болатын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG