Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

16:58 10.1.2021

Шымкентте митинг белгіленген жерлер қоршауға алынды, полицияға жиынға келгендерді ұстап әкетті

Шымкентте Ордабасы алаңы мен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов "митинг орны" деп белгілеген Орталық саябақ, Арбат пен "Қызғалдақ" бұрқағы қоршалған. Азаттық тілшісі бұл орындарда наразыларды байқай алмады. "Наразылықтың соңғы нүктесі" - "Шымкент плаза" сауда орталығына барған кезде Азаттық тілшісі полицияның алты адамды ұстағанын көрді. Коммерциялық нысан алдында видео түсіріп тұрған адамды да полицейлер алып кетті.

Ұсталған алты адамның бірі белсенді Шымкентбай Бөртебай сайлау күні екі рет ұсталып, босатылған. ХАҚ ұйымының бақылаушысы ретінде тіркеліп, №79 сайлау учаскесіне "құжаттарына байланысты" кіре алмай қалған белсенді өзінің айтуынша, сол жерден полицияға жеткізілген. Кейінірек босатылғаннан кейін "Шымкент плазаға" барып, мұнда Азаттық тілшісіне ақпарат бергеннен кейін тағы бөлімшеге жеткізілген. Шымкент полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

"Шымкент плаза" алдындағы ұстауларды түсірмек болған Азаттық тілшісі Дилара Иса бет-жүзін қара түсті матамен жасырған төрт жігіттің қайта-қайта көлденең тұрып алып, видео түсіруіне кедергі келтіргенін айтты. Бұған қоса, №79 сайлау учаскесінде өзін Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары деп таныстырған қызметкер телефонын тартып алуға әрекеттенген.

16:53 10.1.2021

Ақтөбеде полиция орталық стадионға наразылыққа жиналмақ болған азаматтарды бір-бірден ұстап әкетіп жатыр

Ақтөбеде наразыларды ұстап жатқан полиция. 10 қаңтар 2021 жыл.
Ақтөбеде наразыларды ұстап жатқан полиция. 10 қаңтар 2021 жыл.

Азаттықтың аймақтағы тілшісінің хабарлауынша, Ақтөбеде полиция түстен кейін наразылардың орталық стадионға (Әблязов "митинг орны" деп белгілеген) жиналуына мүмкіндік бермей, келгендерін бір-бірден әкетіп отырған. Күндізгі сағат 14:00 шамасында (Нұр-Сұлтан уақытымен түскі сағат 3:00) Азаттық тілшісі 10-нан астам адамның ұсталғанына куә болды. Наразылар пікірлерін айтып та үлгермеген. Ақтөбе полициясы оқиғаға түсініктеме бермеді.

Осыған дейін қуғындағы оппозициялық саясаткер, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов 10 қаңтарда жақтастарын билікке қарсы наразылық өткізуге шақырған. Ол сайлау алдында "жаппай дауыс бұрмалауды әшкерелеу" мақсатында билікшіл "Нұр Отан" партиясына дауыс беруге үндеген. Сайлаудың әділ өтпейтініне күмән келтірген өзге белсенділер мен ұйымдар сайлауға бойкот жариялауға шақырған. Кейбірі сайлауды кейінге шегеруге үндеген.

16:26 10.1.2021

Нұр-Сұлтанда полиция әйгілі марафоншы Марат Жыланбаевты көшеден әкетті

Ол Азия, Африка, Австралия мен Американың ең ірі шөлейт даласын жалғыз өзі жаяу кесіп өткен, есімі дүйім жұртқа танымал марафоншы Марат Жыланбаевты Қазақстан астанасында полиция ұстады. Жеті әлемдік рекорд орнатқан спортшы билікке наразылар сайлаудың әділ өтпегені туралы митинг өткізеді деп жоспарланған жерге барғанда ұсталған.

16:25 10.1.2021

Бақылаушыны ПТР тесті "тізімде жоқ" клиникада жасалған деп сайлау учаскесіне кіргізбеді

Алматы қаласындағы сайлау учаскесі. 10 қаңтар 2021 жыл.
Алматы қаласындағы сайлау учаскесі. 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде орналасқан №259 сайлау учаскесіне "Еркіндік қанаты" қорының атынан келген бақылаушыны кіргізбей қойды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

– Мен коронавирусқа ПТР тестінің теріс нәтиже бергені туралы анықтаманы бердім. Олар маған бір қағаз көрсетіп, мен ПТР тест тапсырған клиниканың тізімде жоғын айтты. Мен акт толтырып, олардан актіге қандай негізге сүйеніп [кірбізегені] туралы түсініктеме жазуды талап еттім. Осыдан кейін мені кіргізді. Басшылармен сөйлестік деп айтты, - деді Асылтай Тасболат учаскеге барған Азаттық тілшісіне.

Осы учаскеде өзін Асылан деп таныстырған байқаушы дәл осындай жағдайға тап болғанын айтты.

"Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры бақылаушылар жұмысына байланысты шектеулер барын айтып, аумақтық сайлау комиссиясына жүгінді. Қордың мәліметінше, бүгін таңертең Алматы қаласындағы №65 учаскеде "Жас сайлаушылар лигасының" 15 бақылаушысы дауыс беру залына кіруде қиындыққа тап болған. Учаскелік комиссия төрағасы мұны ғимарат ішінде бақылаушыларға арналған бос орынның жоқтығымен түсіндірген.

"Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" қорының дерегінше, Алматыда барлығы сегіз бақылаушы учаскеге кіргізілмеген. Үшеуіне бақылаушы ұйымның жарлығы сәйкес келмейді деген, екеуіне ПТР тесті туралы анықтама жарамсыз деген, екеуіне бос орын жоқ деген.

Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы бақылаушыларды "тізімде жоқ" клиникада тапсырылған ПТР тест бойынша кіргізбеу мәселесі "шешілгенін" айтты.

– Қазір барлық учаске қалыпты тәртіпте, байқаушылар кіргізілді, жоғарыдан қандай да бір зертханалар туралы тапсырма түспеді. ПТР тестіне деген талап басынан болмаған. Кеше зертханаларды лицензиялау туралы сөйлестік, бұл тізіммен біз таныс емеспіз. Мұндай құжатқа негізге алған емеспіз, біздің құзыретімізге жатпайды. Мұндай хабарламаларды қолдану құралы да жоқ. Бірақ адами факторға жол берілді. Кейінірек мұндай жағдайдың болмауы керегі түсіндірілді. Сөйтіп бар мәселе шешілді. Қазір мұндай мәселе жоқ және күн бойында болмайды, – комиссиясы басшысы Жанна Асанова Азаттық сұрағына жауап беріп.

Бақылаушыларды орынның болмауына байланысты кіргізілмеуін аумақтық сайлау комиссиясы "байқаушылардың тым көп болуымен" түсіндірді. Асанова "бұл жолы учаскелік комиссияларда төрт мыңнан астам бақылаушы бар" деді.

– Орын жоқ деп бақылаушылардың учаскеге кіруіне шектеу қою, тыйым салу заңда жоқ. Жағдайдан шығамыз, комиссиялар мұны біледі. Бірақ әлеуметтік қашықтықты біз ойлап тапқан жоқпыз. Ертең байқаушылар мен журналистер [санитарлық талаптар] орындалмады демес үшін қажет. Қатысуға ниет білдірушілер өте көп, – деді Жанна Асанова.

9 қаңтар күні Алматы билігі қалада екі зертхана ПТР тестін рұқсатсыз жасап отырғанын мәлімдеді. Ол зертханалардың бірінде "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі" ұйымы мен "HAQ" азаматтық қозғалысының жүздеген бақылаушысы ПТР тестін тапсырған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG