Accessibility links

Психологқа бару ұят па? Психолог жан-дүниедегі мәселені қалай шешеді?


Азаттықта жаңа жоба. Сіздің назарыңызға "Жаншипа" психологиялық подкастын ұсынамыз. Азаттық психологиялық подкасты не үшін бастап отыр? Қазақстан суицид бойынша әлемде ондыққа енетіні, елде ажырасу да көбейіп кеткені жайлы жиі айтылады. Психолог мамандар адамның ішкі жан дүниесін реттейтін, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетін бірден-бір құрал психология дейді. Демек подкастымызда бала тәрбиесі бастап отбасындағы қарым-қатынас, жүрек тыныштығы, жан-дүниедегі гармония, суицидті алдын алу, депрессия, стресс, уайым сияқты тақырыптардың бәрін қозғаймыз. Подкаст авторы – Азаттық тілшісі әрі психологияны екінші мамандығы ретінде оқып жүрген Руслан Меделбек.

"Жаншипа" подкастының алғашқы эпизодында жалпы психология тақырыбы қозғадық. Психологқа бару ұят па? Психологқа қай кезде бару керек? Психология адамға қалай көмектеседі? Осы сауалдарға психоаналитик, Халықаралық психоанализ қауымдастығының мүшесі Жұлдыз Төлеу жауап берді.

Подкасты төмендегі аудиодан немесе Apple Podcast, Spotify платформаларынан тыңдай аласыз.

Психологқа бару ұят па? Психолог мәселемізді қалай шешеді? - "Жаншипа" подкасты
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:00 0:00

"Жаншипа" психологиялық подкастының алғашқы эпизодының ықшамдалған мәтін нұсқасын да ұсынамыз.

Руслан Меделбек: Байқағаным, қазақ қоғамында психологқа барудан қорқады, "психологтан кеңес алу – әлсіздіктің белгісі деген пікірлер бар. Психологқа барып жүргендердің көбі бұл жайында айтуға ұялады. Психологқа бару ұят па?

Жұлдыз Төлеу: Қазіргі кезеңде психологқа бару ұят деген сол бір ескі қағида қалып қойған сияқты. Бұрын расында да психологқа бару ұят жеген қазақ қоғамында стеоротип болатын. Өйткені психологтың бастапқы түбірі "псих" деген сөзден құралған соң көбі оны бір өздері псих, өздерін бір жынды ма деген сияқты осы сөзден ұялатын. Психологқа барған адамға "сен жындысың ба?", "не үшін барасың?" деген сияқты бір ескі көзқарас болатын. Қазір қоғам санасы біртіндеп өзгеріп келе жатыр. Содан да қазір психологқа барушылар көп қазір.

Руслан Меделбек: Адамға психологқа бару не үшін қажет?

Жұлдыз Төлеу: Осыдан 100 жыл бұрын психоанализ негізін қалаған Зигмунд Фрейд осы адамның психикасында санадан бөлек бейсана, түпсана деген бар екенін ашпастан бұрын адамдар жаны ауырса дін тұрғыдан, мысалы, адамға жын кіріп кеткен не жынды болып кеткен әлде құдайдың қарғысына ұшыраған деген солай бір пікірде болатын. Оны ауруханаға, төсекке танып емдейтін. Кейін жаны ауратын, психболницада жатқан адамдармен жұмыс істеген Зигмунд Фрейд адамның санасынан бөлек бейсана барын ашты. Ол адамның психикасының 70-80 пайызы бейсанаға бағынатынын ашты. Сол себептен мысалы адамдар қазір психологқа неге барады? Көбі жан күйзеліске душар болған кезде, өзінің кім екенін іздегенде, өзін өзгерткісі келетін адамдар психологқа барады.

Руслан Меделбек: Адам психологқа бару керегін қалай түсінеді? Қандай жағдайда адам психологқа бару керек?

Жұлдыз Төлеу: Әркімнің сұранысы әртүрлі, кейбірінде өмірінде сценарийлер қайталанып жатады, кейбірі қайғыға душар болады, біреуге жұмысы я ортасы ұнамайды, өмірін өзгерткісі келеді, түрлі сұраныспен келеді. Әдетте бұл проблеманы адамның өзі шеше алмағанда, бір тығырықтан өзі шыға алмағанда психолог көмегі қажет болады, сол кезде барады. Психолог әңгімелесу арқылы оның себебін іздеуге тырысады. Неге бұл адам кедергіге тап бола береді деп. Себебін іздеп, арғы сценарий қайдан пайда басталғанын іздейді. Адамға саналы түрде түсіндіргенде адам мұның түп-түбірі қайда жатқанын түсінеді. Адам жанының ауруын басу үшін көп адамдар әртүрлі тәуелділікке бой ұрады. Кейін мұны адамдардың санасы түсінбейді. Жанның ауырғаны тәннің ауырғанынан қиын ғой. Әдетте суицидке тән ауырғаннан бармайды, жан ауырғанын соншалықты қабылдай алмағаннан барады.

Руслан Меделбек: Жұрт арасында "психологқа барсам өмірімді бірден өзгерте ме? Мәселемді бірден шешіп бере ме?" дейді. Психолог мәселесін шешу үшін адамға қалай көмектеседі? Оның қолында сиқырлы таяқша бар ма?

Жұлдыз Төлеу: Адам жаны ауырып тұрғанда көбіне біз осыған дейін көріпкел, бақсы-балгерге барады ғой. Ол мысалы өміріңді болжап керемет етіп өзгертіп жібереді деп үміттенеді. Сол сияқты психологта бір сиқырлы таяқшасы бар фея деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, психолог ешқандай да сіздің тағдырыңызды шешіп бермейді, адамның өз өміріне жауапкершілік алуға, саналы қадам жасауға көмектеседі, адам өмірін өзі шешеді, сондықтан жауапкершілікті өзіне алуға көмектеседі.

Руслан Меделбек: Психологияда мамандар психолог, психотерапевт, психоаналитик, психиатр жеп бөлінеді. Осы мамандарды ажыратып бересіз бе?

Жұлдыз Төлеу: Психология дегенсөзде "псих" "жан" дегенді білдіреді, яғни "жанды зерттеу" ілімі дейді. Психоанализ негізін қалаған Зигмунд Фрейд оны "жанды талдау" дейді. Яғни, жанды талдау, адамның бейсанасында жатқан дүниелермен жұмыс істеп, соны адамның санасына шығарады. Ал психиатр – медициналық мамандық. Ол адамның психикасы патологиялық жағдайға түскенде оны әдетте дәрі беріп, ауруханаға жатқызып емдейді. Психотерапевтің медициналық білімі болуы мүмкін, клиникаларда жұмыс істеп, келген адамның психосоматикалық ауруының себебін анықтауға тырысады. Онда клиентпен аптасына бір-екі рет жұмыс істейді. Ал психолог жалпы кеңес береді. Психолог психологиялық проблемаларға тап болған адамдарға; мектепте, жоғарғы оқу орнында, оқушылармен, студенттердің қарым-қатынасы дұрыс болмағанда кеңес береді.

Руслан Меделбек: Қазір психология қатар жүретін тағы бір сөз психосоматика. Психосоматика деген не?

Жұлдыз Төлеу: Психосоматика – бұл адамның тәнінде кездесетін аурулар. Физикалық аурулардың тұп-тамыры психикада жатады ғой. Егер адам өзінің сезімін, эмоциясын шығара алмаса, ол міндетті түрде психосоматика арқылы ауру болып шығады. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында бала тәрбиесінде ұят болады деп солай тәрбиелейді де баланың эмоциясын шығаруына көп кедергі келтіреді. Сол эмоцияны шығармай бейсанаға ығыстыра береді, кейін өскен соң сезімін басқа алмайды, сезімін білмейді. Ол содан соң ауру арқылы шығады. Аллергия, тіпті мынау қатерлі індеттің өзі түп-тамыры психикада жатыр.

Руслан Меделбек: Психологты қалай таңдау керек? Маман таңдағанда неге мән берген дұрыс?

Жұлдыз Төлеу: Әдетте басқа маманды таңдағанда біліміне, дипломына қарап жатады . Ал психологияда ең бірінші мән беретін сол психолог/психотерапевт өзі жеке анализден өтіп пе екен, осыған мән береді. Психологтың өзі психологқа бармаса өте қауіпті. Мәселен психоаналитик кемінде 500 сағат жеке анализден өтуі керек. Демек психоаналитиктің 500 сағаты 3-4 жылға созылады. Аптасына кемінде 3 рет психоаналитикке баруы керек. Ол адам өзінің бейсанасын, өзіндегі ішкі проблемаларын толық шешкенде ғана клиенттің жанын жақсы түсінеді. Сол себептен психолог, психотерапевт іздеген адам "Сіз өзіңіз бардыңыз ба? Жеке анализден өттіңіз бе?" деп ұялмай сұрауы керек.

Руслан Меделбек: Белгілі бір сұраныспен, мәселемен психолог маманға келген адамға қанша сеанс керек? Бір-екі сеанспен шешуге бола ма?

Жұлдыз Төлеу: Өкінішке қарай, адамның психикасы ол бірден өзгеріске көнбейді екен. Адамның миы бірнеше жылдардан кейін трансформацияланады, себебі 5 жасқа дейін негізгі психикасы қалыптасады. Адам әріқарай 5 жастан кейінгі өмірін түрлі бағыттар бойынша қайталай береді. Түрлі сценарийлер бойынша адамды сол 5 жасқа дейінгі өмірін еске түсіру үшін ұзақ уақыт кетеді өкінішке орай. Мысалы мен алғаш келген клиентпен үш сеанс қабылдаймын. Үш рет қабылдаймыз, үш рет қабылдағанда өзінің запросы мен проблемасының неде екенін түсінеді. Сосын әріқарай мен осы проблеманы шешкім келеді, өз бейсанамды зерттегім келеді, мен өзім кіммін, осыны зерттегім келеді деген адам әріқарай жұмыс істейді.

Руслан Меделбек: Менің танысым психолог дейік. Оған сеансқа бара аламын ба?

Жұлдыз Төлеу: Жоқ, бұл психологияның басты ережесі – өзінің танысы, дос-жарандарымен жұмыс істеуге болмайды. Өйткені жаңа айттық қой, перенос, трансфер деген бар. Бұл өте кері әсерін тигізуі мүмкін. Егер өз танысына барса ол болашақта екеуінің достығы ажырауы мүмкін. Өйткені бейсанадағы құбылыс, бейсанадағы әрекеттер өте қауіпті.

Руслан Меделбек: Психологқа барғысы кеп жүрген, барайын деп жүрген адамға берер кеңесіңіз

Жұлдыз Төлеу: Қазір психологқа бару мүлде ұят емес. Керісінше көп создырмай бару керек. Себебі бұл бейсанадағы процестер асқынып кетсе, психологиялық патологиялық ауруларға әкелуі мүмкін. Сол себепті қазір мүлде ұят емес, менің клиенттерімнің арасында діни қызметкерлер де бар, соның арқасында діни қызметкерлер өзінің дін саласындағы жұмысында ілгерілеу болды деп айтады. Еш нәрсе ешуақытта кеш емес барам десеңіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG