Accessibility links

Қорғаныс министрлігі кешіктірген зейнетақы дауы


Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері Гүлнәр Қасымова. Астана, 31 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері Гүлнәр Қасымова. Астана, 31 қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері былтырғы бес айдың жалақысы деп жарты миллион теңгеден аса ақша төлеуді сотпен талап етіп жүр. Гүлнәр Қасымова «елде мен сияқты бір мыңнан көп адам бар» дейді. Тағы бір зейнеткер Міргүл Жаңабаева да осындай шағым түсірген. Қорғаныс министрлігі зейнеткерлердің шағымын мойындамайды.

553 213 ТЕҢГЕ

Қазақстан қарулы күштерінің запастағы капитаны Гүлнәр Қасымова зейнет жасына жетуіне байланысты 47 жасында - 2015 жылғы желтоқсанның аяғында зейнет демалысына шыққан. Әскери қызметшілер мен азаматтық зейнеткерлер арасында зейнетке шығу айырмашылығы бар. «Зейнетақымен қамту туралы» заңға 2013 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, қорғаныс министрлігі зейнеткерлері үш санатқа бөлінеді. Гүлнәр Қасымова әскери қызметке 1998 жылғы қаңтардың 1-інен кейін кіріп, бірақ 2016 жылғы қаңтардың 1-іне дейін босағандар қатарында.

Қорғаныс министрлігіндегі зейнетақы дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:38 0:00
Жүктеп алу

Екі жыл бұрын Қазақстанда Қасымова санатындағы әскери қызметшілер зейнетақыны 2016 жылғы қаңтардың 1-іне дейін бюджет есебінен олардың пайдасына аударылған міндетті зейнетақы жарнасының 50 пайызын қайтарғаннан кейін алатыны туралы үкімет қаулысы шыққан.

Гүлнәр Қасымованың айтуынша, тиісті процедуралардың бәрін орындағанымен, зейнетақының бір бөлігін сол күйі алмаған. Ол Астананың Сарыарқа аудандық қорғаныс департаментіне (бұрын «әскери комиссариат» деп аталатын) бірден есепке тұрып, зейнетақы тағайындау және міндетті зейнетақы аударымдарының 50 пайызын қайтару туралы өтініш жазғанын айтады.

Бірақ зейнетақы аударымдарының 50 пайызы қайтарылғаны туралы анықтама зейнетақымен қамту орталығына ертерек жолданбағандықтан, әлгі соманы былтырғы мамырдың аяғында ғана ұстап қалған. Сондықтан оның айтуынша, зейнетақысын зейнет демалысына нақты шыққан мерзімнен бес ай кешіктіріп есептеген.

Сонда маған бес ай үшін 553 мың теңгеден көп зейнетақы төлемеген болып тұр.

- 50 пайызын ұстап қалуды сұраған өтінішті 2015 жылғы желтоқсанның 30-ы күні жазғанмын. Ал олар оны 2016 жылғы мамырдың 31-інен бастап ұстапты да, маған анықтаманы маусымның 2-сі ғана берді. Зейнетақымды да маусымның 3-інен бастап есептеген. Сонда маған бес ай үшін 553 мың теңгеден көп зейнетақы төлемеген болып тұр, - дейді Гүлнәр Қасымова Азаттыққа.

Қорғаныс министрлігі өкілдері «бәрін ереже бойынша жасадық» деген уәж айтады

ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ КЕСТЕ

Былтырғы қарашада Гүлнәр Қасымова толық төленбеген зейнетақысы мен 100 мың теңге көлеміндегі моральдық шығынды өндіріп беруді сұрап өтінішпен жүгінген алғашқы сотта жеңілген болатын. Астананың Есіл аудандық соты шешімінде зейнеткер «ақшасын мемлекет кірісіне қашан алуына тәуелді» деп көрсетіп, оның талабын орындаудан бас тартқан.

Кейінірек Есіл аудандық прокуратурасы сот шешіміне апелляциялық қарсылық білдіріп, оны осы айда Астананың қалалық соты қарай бастаған. Прокуратура Гүлнәр Қасымованың «50 пайызын ұстап қалу туралы тиісті арыз берген күннен бастап бюджет қаражаты есебінен зейнетақы алуға құқығы бар, өйткені ол әлгі ақшаны ұстап қалу процесіне өздігінен ықпал ете алмайды, ал соманы ұстап қалу процедурасын келісу ұзақтығы оның құқығы мен заңды мүддесіне әсер етпеуі тиіс» деп санайды.

Біз зейнетақы тағайындадық, іс бізде жатыр, зейнетақы төлеу туралы шешімді ресімдейміз. Біздің кінәміз не? Әлгі кесте-жоспарды біз ойлап тапқан жоқпыз, оны әуелі денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық банк, БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) бекітіп, бізбен содан кейін келіскен.

Бұған қоса, Есіл аудандық прокуратурасы әлгі қарсылығында зейнетақы тағайындау мен 50 пайызын қайтару туралы өтінішті зейнеткер 2015 жылғы желтоқсанның 30-ында берген, сондықтан «Зейнетақымен қамту туралы» заңға сәйкес, қызмет еткен жылдары үшін зейнетақы қызмет еткен жылдары бойынша зейнетақы есептеуін сұрап жүгінген күннен бастап төленуі тиіс деп көрсетілген.

Қорғаныс министрлігі зейнеткерінің талабын мойындамайды. Гүлнәр Қасымованың апелляциялық шағымын қараған сотта ведомство заңгері Алмас Баймұқанов «Біз зейнетақы тағайындадық, іс бізде жатыр, зейнетақы төлеу туралы шешімді ресімдейміз. Біздің кінәміз не? Әлгі кесте-жоспарды біз ойлап тапқан жоқпыз, оны әуелі денсаулық сақтау министрлігі, ұлттық банк, БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) бекітіп, бізбен содан кейін келіскен. Қайтару шарты бойынша өтініш жазады, бірақ ол кезде есеп-шотта ақша болған жоқ» деп мәлімдеген.

Оның сөзінше, «Зейнетақымен қамту туралы » заңға сәйкес, әскери қызметшілерге қызмет еткен жылдары үшін зейнетақы міндетті зейнетақы жарнасының 50 пайызын қайтарған жағдайда төленеді.

470 МЫҢ ТЕҢГЕ

Қорғаныс министрлігінің тағы бір зейнеткері Міргүл Жаңабаева да зейнетақысы бойынша қосымша төлем күтіп жүр. Ол Азаттыққа әскери қызметке 2000 жылы кіріп, ал зейнет демалысына 2013 жылғы маусымда запастағы аға лейтенант шенінде шыққанын, бірақ оған үш жыл зейнетақы төлемегенін айтады. Оның сөзінше, әскери қызметке дейін еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істеген, стажы жеткілікті болған, сондықтан зейнет демалысына 50 де 50 бойынша есептелетін аралас стажы, яғни азаматтық және әскери стажы бойынша шыққан.

Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері Міргүл Жаңабаева. Астана, 31 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері Міргүл Жаңабаева. Астана, 31 қаңтар 2017 жыл.

Міргүл Жаңабаева зейнетақыны өзі аударған зейнетақы жарналарынан жиналған сомадан алатынын 1998 жылы естіген, бірақ кейінірек заңдар талай мәрте өзгерген, сондықтан қазір оның да зейнетақы дауы Гүлнәр Қасымованың ісіне ұқсайды.

- ... 2013 жылғы маусымда жұмыстан шықтым, ал зейнетақымды 2016 жылы, маусымда алдым. Кәмелетке толмаған балам бар болса да, үш жыл төлеген жоқ. Әскери шенім үшін маған бір жыл ғана төледі, бірақ заңға сәйкес, бізді 47 жасымызда жұмысқа орналастыруы тиіс екен, бірақ оны да істеген жоқ, зейнетақыны үш жылдан кейін ғана ала бастадым, - дейді Міргүл Жаңабаева.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жолдаған жауапқа қарағанда, үкіметтің №974 қаулысына сәйкес, былтырғы қаңтардың 1-іне дейін бюджет қаржысы есебінен әскери қызметшілердің пайдасына аударылған зейнетақы жарналарынан жиналған соманың 50 пайызын қайтару ережелері түзіліп, өкілетті органдар оларға қызметкерлерінің тізімін береді.

Қорғаныс министрлігі ішінде Гүлнәр Қасымова бар ондай тізімді 2016 жылғы мамырдың 30-ы күні берген. Қазіргі зейнеткер әлгі тізімдегі 1 021 әскери қызметкердің арасында болған. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының БЗЖҚ-ға (Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры) зейнетақы аударымдарының 50 пайызын қайтару жайлы ескерту қағаз жолдағанын хабарлайды. Бұған қоса, хатта қызмет еткен жылдары үшін зейнетақыны қайта есептеу өкілетті органның құзырында деп көрсетілген. Әлгі орган қорғаныс министрлігі болуы тиіс сияқты, бірақ министрлік қызметкерлері әлгі шағым-талаптарды мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG