Accessibility links

Қазақстан билігі интернет пайдаланушылардан «шағым» жинамақ


Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сайтынан жасалған скриншот.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сайтынан жасалған скриншот.

Әлеуметтік желілердің дұрыс қолданылмай, зорлық-зомбылықты насихаттайтын сәттері де бар. Ешқандай мемлекеттің мұндай құбылысқа толық тойтарыс беретін қауқары жоқ.

Қазақстан да интернеттегі зорлық-зомбылық насихатымен күресіп жатыр, атап айтқанда билік экстремистік пиғылдағы жазбалардың иелерін анықтауға тырысады. Қазақ билігі бұған дейін жүздеген сайтты құлыптады, бірақ үкіметтің ондай ақпараттармен күресуге шамасы жетпей жатқан тәрізді. Сондықтан ел үкіметі тұрғындардың бұл іске араласуын сұрайды.

Тамыздың 12-сі күні қазақстандық БАҚ ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жаңа вебсайт ашқанын хабарлады. Министрлік хабарламасында «Құрметті достар, біздің министрліктің сайтында соңғы күндері шағымдар бөлімі ашылды, ол жерде кез келген азамат интернеттегі Қазақстан заңына қайшы ақпарат туралы хабарлай алады» деп жазылған.

Министрліктің вебсайтындағы жаңа бөлім «өзіне қол жұмсау, есірткілер, террорлық әрекет, экстремизм, қатыгездік әрекеттері, ұлтаралық алауыздық, т.б. насихаттайтын әлеуметтік желілердегі топтар мен сайттарды» анықтауға арналған. Сайтқа кірген адам санаттар тізімінен өз «шағымына» қатысты санатты таңдай алады.

Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Сайт дерегіне қарағанда, министрлік азаматтардың шағымын тексеріп, аталған сайт немесе әлеуметтік желіде заң бұзушылықтың бар-жоғын тексереді. Министрлік Қазақстан тұрғындарына белгілі бір сайттарды құлыптау туралы шешімнің неліктен қабылданғанын да түсіндіріп отырмақ.

Шағым жасауға арналған беттің жетістіктері жоқ емес. Азаттықтың қазақ қызметінің дерегі бойынша, елдегі экономикалық жағдайдың күрт төмендеуіне байланысты өзіне қол салу оқиғалары көбейген. Қазақстанда экстремистік немесе әсіредіншіл идеяларды насихаттаған сайттар да болды.

Екінші жағынан алғанда, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәлімдемесінде шағымданушыны да тексеру туралы айтылмаған. Сондықтан шағым иесі анықталып, жалған ақпарат берген болса, ол үшін жазалана ма, жоқ па – белгісіз.

Әйтпесе Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сайтына кейбіреулер шағым жіберіп, оны өз мүддесіне асыра пайдалануы да мүмкін. 2015 жылы қылмыстық кодекстің 174-бабын бұзды, «әлеуметтік, ұлттық, рушылдық, нәсілдік, таптық немесе діни араздық тудырды, азаматтардың ұлттық намысы мен діни сенімін қорлады» деген айыппен біраз блогерлер тұтқындалып, сотталды.

«Олардың шынымен біреуді қорлап, мазақтағысы келді ме?», «заң бұзды ма?» деген сауалдар жауапсыз қалды. Кейбіреулер билік бұл бапты үкіметті сынаушыларды сөйлетпеу мақсатында пайдаланып отыр дейді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі іске қосқан жаңа сайт дұрыс қолданылмай, жаңағыдай мақсатқа қолданылып кету қаупі бар.

Шағым түсіру мүмкіндігі жеке бастың кегін алу үшін қолданылуы мүмкін бе? Ол жағы да белгісіз. Әлемде адамдардың жалған аккаунт ашып, басқа біреудің атынан ақпарат таратқан оқиғалары аз емес. Тағы бір сұрақ: Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің осы қадамы Қазақстанда биыл болған жағдайлар тағы қайталанса оның алдын ала ма?

Терактіден кейін қаза тапқан адамдарға арнап гүл шоқтарын қойып жатқан жұрт. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.
Терактіден кейін қаза тапқан адамдарға арнап гүл шоқтарын қойып жатқан жұрт. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл.

Маусым айының басында жастар тобы Ақтөбе қаласында қару дүкенін тонап, бейбіт тұрғындар мен полиция қызметкерлерін өлтірді, қала сыртында полициямен атысты. Олардың не үшін олай әрекет еткені әлі белгісіз.

Шілде айында бұрын сотталған адам өш алу мақсатында бірнеше полицияны өлтірді. Қазақстан билігі екі жағдайды да терроризмге жатқызды, бұған күмәнданатындар да бар. Бірақ олар расымен де террорлық әрекет болса, ақпарат және коммуникация министрлігі ашқан сайт көмектеспейді. Интернетте ол оқиғалардың болатынын ешкім алдын ала ескертпеді.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG