Accessibility links

Ресейге азық-түлік экспорттаудан импорттау басым


Азық-түлік дүкені. Қазақстан, 6 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Азық-түлік дүкені. Қазақстан, 6 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық кәсіпкерлер соңғы кездері Қазақстан нарығын Ресей тауарлары «басып алып жатыр» дейді. Ал қазақстандық өндірушілер Ресейде керісінше кедергіге көп ұшырайтындарын айтады.

Алматыдағы азық-түлік сататын шағын дүкендердің бірінің сатушысы Айгүл Мырзатаеваның сөзінше, дүкен сөрелеріндегі сүт және арақ-шарап өнімдерінің көпшілігі – Ресейдікі.

- Жалпы тауарлардың 30-40 пайызы – Ресей өнімдері. Олардың ішінде сүт, қаймақ, йогурт, ірімшік және арақ-шарап бар. Қалғандары - өзіміздікі, Қырғызстан мен алыс-жақын шетелдің тауарлары, - деді Айгүл Азаттық тілшісіне.

Сатушының сөзінше, сатып алушылар жергілікті сүт өнімдерін алуға тырысады.
Дегенмен «Қазақстанның сүт одағы» керісінше, «Қазақстан нарығын Ресей сүті жаулап алу алдында тұр» деп мәлімдеді.

Tengrinews.kz сайтына сұхбат берген одақ өкілі Лидия Михеева қазақстандықтардың сүт өнімдерін көп пайдалана бастағанын айтады. Бірақ маманның сөзінше, бұл сұранысты көбіне Ресей өнімі қанағаттандырып тұр.

Михееваның пікірінше, Кеден Одағының сүт өнімдеріне қатысты техникалық регламенті қазақстандық өндірушілерге қайта қалпына келтірілген сүт сатуға шектеу қойған.

Дүкен сөрелеріндегі сүттер. Қостанай, 20 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Дүкен сөрелеріндегі сүттер. Қостанай, 20 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
​Лидия Михееваның пікірінше, Қазақстандағы маусымдық айырмашылыққа сәйкес жазда табиғи сүт көп өндіріледі де, қыста көбіне қайта қалпына келтірілген сүт, яғни кептіріліп, ұнтаққа айналдырылған өнімнен жасалған түрі сатылады. Дәл осы кезде ресейлік сүт қазақстандық нарықта көбейіп кетеді.

«Қазақстанда жазда сүт артығымен болса, қыста – дефицит. Сондықтан қыста құрғақ шикізатты пайдаланамыз. Егер оған рұқсат болмаса, отандық өндірушілер жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ал Ресей бұл кезде біздің нарықты толығымен жаулап алады» деген Лидия Михеева.

ИМПОРТ ӨСІП, ЭКСПОРТ АЗАЙДЫ

«Қаз Алко»» қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев те осыған ұқсас қауіп айтады. Оның сөзінше, соңғы 5 жылда Қазақстанға келетін Ресей арағының импорты ұлғайып барады.

- Ресейлік спирттік ішімдік 10 есе өсті. Осылайша жалпы Қазақстан нарығының 20-25 пайығын құрайды. Кеден Одағына мүше елдердің арақ-шарап өнімдері дүкен сөрелерінде 50 пайызды, ал ірі супермаркеттерде 60-70 пайызды құрайды. Ал Қазақстан бұл елдерге өз өнімін кіргізе алмай отыр. Беларусьтегі біздің өнім – 0 пайыз десек, Ресейде – 1 пайызға жетер-жетпес, - дейді Әміржан Қалиев.

Ресей арағы. (Көрнекі сурет)
Ресей арағы. (Көрнекі сурет)
Оның сөзінше, Қазақстанның арақ-шарап өнімдерін экспорттауға аталған елдердегі саясат кедергі жасайды.

- Беларусьте мемлекеттік монополия сақталып тұр, соның кесірінен арақ өнімдерін кіргізу мүлдем мүмкін емес. Арнайы квотамен жұмыс істейтін бірнеше арнайы импортері бар. Ал квотаны алу үшін кем дегенде 5 жыл Беларусьте жұмыс істеуің міндетті. Дегенмен, Беларусь арақты шеттен кіргізбейді, тек өздерінде жоқ, өндірілмейтін элиталық алкогольдық өнімдерге ғана рұқсат бар, - деді Қалиев.

Ал Ресей нарығына қазақстандық өнімді кіргізу үшін қамтамасыз ету ақысын (обеспечительный платеж) төлеу талап етіледі. Қалиевтің сөзінше, «бұл төлем өнімнің өз бағасынан 3-3,5 есе көп, қазақстандық өндіруші үшін тиімсіз».

- Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда арақ өнімдерін шығаратын 52 кәсіпорын болса, қазір соның 26-27-сі қалды. Қазақстанда жылдан жылға араққа сұраныс азайып келеді, сондықтан біз Ресейге үміт артқанбыз, - дейді Әміржан Қалиев.

«ЖАРТЫЛАЙ САЯСИ СИПАТ»

Сарапшылар Ресейдің түрлі себептермен шетелдік азық-түлікті өз нарығына кіргізбеуді әдетке айналдырғанын айтады. Мәселен, 2000 жылдың ортасынан бері Латвияның шпротына, Грузия мен Молодаваның шарабына, Польшаның етіне, Беларусьтің сүт өнімдеріне, Тәжікстанның кептірілген жемісі мен Украинаның шоколадтарына тыйым салынды.

Қазақстан-Ресей сауда айналымы

Қазақстан-Ресей сауда айналымы
(2013 жылғы қаңтар-маусым)
Қазақстан экспорты – 3,2 миллиард доллар
Ресей экспорты – 8,6 миллиард доллар
Кері баланс – 5,4 миллиард доллар
Кейде бұл тыйымдар бірнеше аптаға ғана - Ресеймен тиесілі мемлекет арасындағы экономикалық және саяси дау аяқталғанған шейін созылады. Ал кейде Польшаның етін шектеу саясаты сияқты бірнеше жылға жалғасады. Ресей нарығына кіру-кірмеу мәселесін әдетте «Роспотребнадзор» шешеді.

Жуырда дәл осы «Роспотребнадзор» басшысы Геннадий Онищенко, Ресейге келіп жатқан қазақстандық маркалы азық–түлік сапасына қатысты да сенімсіздік танытқан еді.

Қазақстандық экономист Олжас Худайбергенов, «Роспотребнадзор» сынды құрылымдар кез келген елде жартылай саяси сипатқа ие» дейді.

- Осындай құрылымдар арқылы қарым-қатынасы мәз емес елдерді өз нарығына кіргізбей қояға болады. Бұл ретте Ресей емес, Қазақстан реніш білдіруге құқылы. Ресейдің Қазақстан тауарларына қандай да бір санитарлық талаптар қойып, өз нарығына кіргізбеуі – Ресей шенеуніктерінің кемшілігі, - дейді экономист.

Оның сөзінше, қазақстандық өндірушілердің «отандық нарықты Ресей азық-түлігі жаулап алып жатыр» деген мәлімдемелерін «саясатқа қатысы жоқ жанайқай» деп түсіну керек.
XS
SM
MD
LG