Accessibility links

Мұғалім жалақы өсіруді сұраса, ата-ана ақша жинауға наразы


Мектеп алдында тұрған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Мектеп алдында тұрған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Теміртау педагогтары кәсіподағы мұғалімдердің айлығын көбейтуді талап етеді. Ұстаздар жалақысы соңғы рет 2011 жылы өскен. Ал кей ата-ана мектептегі ақша жинауға наразы.

Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны, математика пәнінен сабақ беретін жас мұғалім Галинаның жалақысы – 32 мың теңге. Бұл - аптасына 18 сағат жүктемесі бар ұстаздың айлығы. Ал кіріс салығы мен зейнетақы салығын, кәсіподақ жарнасын алып тастағанда қолына тиетіні - шамамен 25 мың теңге (160 доллар шамасында).

- Сынып жетекшілігі мен дәптер тексеруге қосымша төленеді. Бірақ мұндай қосымша жүктеме мұғалімдердің бәрінде жоқ. Әсіресе мен сияқты күйеуі жоқ, балалары бар адам мұндай мардымсыз жалақыға қалай күн көреді? Жалғызбасты әйел мұғалімдер көп. Қыруар ақша төлеп алған жоғары білімің болса да, жұмыста тиын-тебен алатының қынжылтады, - дейді жас ұстаз Галина Азаттық тілшісіне.

Кішкентай баласын жалғыз асырап отырған әйел осы мардымсыз жалақыға күнелтеді. «Басшылықтың қырына ұшырап қалармын» деген қауіппен ол толық аты-жөнін атамауды өтінді.

Оның үстіне, қазір мұғалімдерге сансыз тапсырма, қоғамдық жұмыс сияқты артық міндеттерді жүктеп қойған. Балаларды оқытуға берілген уақытты алатын мұндай қосымша жұмыстарға ақы төленбейді

ЖАЛАҚЫ ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН ӨСКЕН

Теміртау қаласы мектептерінде екі жарым мыңнан аса мұғалім сабақ береді. Оның 750-ге жуығы - жас мұғалім (35 жасқа дейін). Жас мұғалімнің жалақысы - 32 мың теңге. Ал аптасына 18 сағат сабақ беретін, 20 жылдық стажы бар мұғалімнің жалақысы – 54 мың теңге (сынып жетекшілігін қоспағанда). Бұл ақшадан қолына тиетіні 40 мың теңгеден (260 доллар шамасында) сәл асады.

Бастауыш сынып оқушылары. (Көрнекі сурет)
Бастауыш сынып оқушылары. (Көрнекі сурет)
Сыныпқа жетекшілік ету міндетін қосымша атқаратын, сабақ сағаты көп мұғалімнің жалақысы да көбірек. Бірақ Теміртау мектептерінде пән мұғалімдеріне деген тапшылық жоқ. Бастауыш мектеп мұғалімдері ғана жетіспейді. Кейбір мектептерде бастауыштың бір мұғалімі екі сыныпты қатар алып жүреді.

Ұстаздар кәсіподағы "соңғы рет жалақыны 2011 жылы көтерген, тағы бәр мәрте көбейтетін уақыт жетті" деп есептейді. Одан бері тауар, қызмет ақысы бірталай қымбаттады.

- Егер мұғалімдердің жалақысы ең төменгі жалақы негізінде есептелсе, баға мен тарифтің қымбаттауына қарай жалақымыз да қайта есептеліп, индекс қосылар еді. Бірақ өкінішке орай біз мұғалімдер базалық лауазымдық жалақыға тәуелдіміз, - дейді Теміртау қаласы білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Нина Попова.

Білім беру саласы қызметкерлері кәсіподағы мұғалім жалақысын есептеудің өзі құрастырған нұсқасын ұсынады.

- Базалық лауазымдық жалақыны алып тастап, ең төменгі жалақы деңгейін 50 мың теңге жасап, кейін оны мұғалімнің категориясына қарай өсіріп отыру керек. Немесе апталық жүктемені 12 сағатқа қысқартып, ал жалақыны сол күйінде қалдырса да жақсы болар еді, - дейді Нина Попова.

Оның айтуынша, жалақыны өсіру мәселесі кәсіподақ съездерінде, білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподағы федерациясында және республикалық үш жақты комиссия отырыстарында жиі көтеріледі. Бірақ бұл мәселе әзірше талқылаудан аспай келеді.

Қазақстандық мұғалімдердің жалақысын көтеру қажеттігі халықаралық ұйымдар мен отандық және шетелдік жоғары оқу орындары орындары сарапшылары мен ғалымдарының ресми ұйғарымында да айтылады. Жуырда Назарбаев университетінде өткен конференцияда осындай зерттеу қорытындылары жарияланды.

МЕКТЕПТЕГІ АҚША ЖИНАУ ПРОБЛЕМАСЫ

Кейбір сарапшылар мұғалімдердің жалақысы көтерілсе, мектептің басқа проблемалары да шешілер еді деп есептейді. Мұғалімдер «жүктемеміз ауыр, ал жалақымыз аз» деп шағымданса, ата-аналар «ақша жинайды» деп мұғалімдерді айыптайды. Ата-аналардың айтуынша, мектептің керек-жарағына оқушылардың әке-шешелерінен ақша жинайды.

Теміртау мұғалімдері. (Көрнекі сурет)
Теміртау мұғалімдері. (Көрнекі сурет)
Биыл прокурорлар Теміртау мектептерінде түсіндіру жұмысын жүргізді. Ата-аналар комитеті, мұғалімдер, мектеп директорларына ата-аналардан ақша жинауға болмайтыны ескертілді. Ал ата-аналарға мұндай жағдайда шағымдануға кеңес берілді.

Бұл шарадан кейін прокурорларға ондаған ата-анадан арыз түсті. Олар "мектеп қызметкерлері мен ата-аналар комитеті мектепті жөндеуге ақша жинауды талап етеді" деп шағымданған. Тексеру жүргізіліп, бірнеше факті анықталды. Қызметкерлері ата-аналардан заңсыз ақша жинаған 4-балабақша, 11-мектеп және 16-мектеп басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

2009 жылы Теміртау қалалық соты 27-мектеп директорына қатысты үкім шығарды. Заңсыз ақша жинау фактісі бойынша айыпталған мектеп директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ата-аналар ай сайын мектеп қорына 1 мың 200 теңгеден өткізгенін мәлімдеді. Қаржы полициясы төрт жыл бойы ата-аналардан екі миллиондай теңге жиналғанын анықтаған. Сотталушы директор өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Сот оны «қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасады, қызметтік өкілеттігін асырды» деген айыппен үш жылға шартты жазаға кесіп, екі жыл сынақ мерзімін тағайындады.
XS
SM
MD
LG