Accessibility links

«Қазақстаннан шетелге көшкендер көбейген»


Көшу мәселесі бойынша кезекте тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)
Көшу мәселесі бойынша кезекте тұрған адамдар. (Көрнекі сурет)

«Қазақстаннан шетелге тұрақты өмір сүру үшін көшетін халық саны көбейіп барады» дейді мамандар. Әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасы қызметкерлерінің сөзінше қоныс аударушылардың көбі Ресей, Германия және Беларуське кетеді.

11 шілде - бүкіләлемдік халық санағы күні. Биылғы жылы бұл күн "Отбасыны жоспарлау: адамдардың потенциалын нығайту, дамуды қамтамасыз ету" тақырыбында атап өтілмек.

КЕТКІСІ КЕЛЕТІН, КЕТКЕН ЖӘНЕ ҚАЙТЫП ОРАЛҒАН АЗАМАТТАР

Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Величкина биыл оқуын аяқтап, қолына диплом алған. Ол Петропавлда жұмыс табылмаса, көрші Ресейге «Отандастар» бағдарламасы арқылы кетуді жоспарлап отыр.

Татьяна Величкинаның сөзіне қарағанда, «бұл бағдарлама оған өте тиімді». «Ресейге көшсе, баспана және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек».

- Мен биыл Манаш Қозыбаев атындағы университетті бітірдім. Петропавлда мамандық бойынша жұмысқа орналасамын деп жоспарладым. Соңғы курста оқып жүргенімде жұмысқа тұрудың жолдарын ойластыра бастадым. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс таппадым. Сондықтан «Отандастар» бағдарламасы бойынша Ресейге көшуді жоспарлап отырмын. Ол жақта жұмыс, баспана ұсынады және бұл маған қолайлы, - деді Татьяна Величкина.

Ал төрт ай бұрын Петропавл қаласының тұрғыны болған Александра Малкова Қазақстаннан Ресейдің Новосибирск қаласына көшіп кеткенін айтады. Оның айтуынша, «Қазақстаннан кеткеніне еш өкінбейді, барған жерінде жалақысы жоғары жұмыс тапқан».

- Біз пәтер сатып алдық. Мен жұмысқа да орналастым, баспанамыз да бар. Қазақстанға қарағанда жалақым да көп. Қоныс аударғаныма өкінбеймін. Ресейге көшкісі келетін адамдар алдымен өздерінің күші мен мүмкіндіктеріне қарап көргені, сосын қорықпағаны дұрыс болар еді, - дейді Новосибирск қаласының тұрғынына айналған Александра Малкова.

ВИДЕО: Қазақстан солтүстігінен Ресейге көшушілер.

Солтүстіктен көшуші көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

Бірақ Петропавл қаласының тұрғыны Михаил Лапшиннің пікірі басқа. Ол да бастапқыда оқуын бітірген соң көрші Ресейге жұмыс іздеп барып қайтып келіпті. Айтуынша, Қазақстанға қайта оралуына «үйренген ортасы» әсер еткен.

- Мен Ресейге барып, ондағы халықтың қалай өмір сүріп жатқанын көріп келдім. Сол кезде өзіме лайықты жұмыс таппағандықтан, Қазақстанға қайта оралдым. Қалай болғанда да мен осында, Қазақстанда білім алдым, таныстарым да көп. Қазір жұмысқа тұрдым, әзірге бәрі жақсы, - дейді Михаил Лапшин.

РЕСМИ МӘЛІМЕТ

Қазақстан ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік- демографиялық статистика басқармасы мамандарының сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысынан өзге елге қоныс аударушы азаматтардың саны Қазақстанға көшіп келушілер санынан көп. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік-демографиялық статистика басқармасының сарапшысы Гүлжихан Айгозинаның Азаттыққа айтуынша, «2016 жылы облысқа 743 адам көшіп келсе, кеткендер саны 3276 адам болған». Яғни,көшіп кетушілер төрт есе артық.

- Оның ішінде Петропавл қаласының өзіне 476 адам көшіп келсе, 1798 адам қаладан көшіп кеткен. 2016 жылы адамдардың көбі Ресейге, Германияға және Беларуссияға қоныс аударды, - дейді министрлік өкілі.

Қазақстанның өз ішінде де басқа өңірлерден солтүстікке жұмысқа, оқуға шақыру шаралары өткізіліп тұрады. Сондай шаралардың бірі кеше Қызылордада өтті. Онда «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша өткен еңбек жәрмеңкесінде солтүстіктен келген жүздеген мекеме жұмыс ұсынды.

ВИДЕО: Солтүстікке жұмысқа шақырған еңбек жәрмеңкесі.

Солтүстікке шақырған еңбек жәрмеңкесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Ресей ішкі істер министрлігі сайтындағы дерекке сәйкес, 2016 жылы Қазақстаннан кеткен 37 837 адам Ресей азаматтығын алған. Мамандар «Ресейге көшушілер баяу да болса көбейіп барады» дейді. Мәселен 2015 жылы Қазақстаннан Ресейге шамамен 32 мың адам кеткен, олардың негізгі бөлігі – этникалық орыстар немесе орыс тілді халық. Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің дерегінше 2014 жылы Ресейге 24 мың адам көшкен.

Орыс тілді азаматтардың Қазақстанда қалғысы келмеуінің көп себептері бар екені айтылып жүр. Сарапшылар ондай себептің бірі ретінде «Ресейдің отандастарын өз территориясына көшіруге арналған бағдарламасын» атайды. Бұл бағдарламада Ресейге көшкен «отандастарды» жұмысқа орналастыру, жол шығынын, мүлкін төлеп беру мәселелері қарастырылған. Мамандар орыс тілді халықты Ресейге көшуге ынталандыратын тағы бір фактор ретінде бұл елде жақсы білім алу, қомақтырақ табыс табу мүмкіндігі көбірек екенін айтады. Азаттық бұған дейін Ресейге көшушілер көбейіп, Ресейдің Қазақстандағы кейбір консулдықтарында кезектер пайда болғанын жазған еді.

Ресей федералдық көші-қон (ФМС) қызметі дерегінше, соңғы кезде «Отандастар» мемлекттік бағдарламасы бойынша бұрынғы одақтас республикалардан Ресейге жыл сайын 100 мыңнан көп адам көшеді. Оның 29,7 пайызы әрі бұл бағдарлама бойынша «ең көп өтініш беретіндер» - Қазақстан азаматтары.

XS
SM
MD
LG