Accessibility links

Квотасыз оралманды асханасы асырайды


Оралман Серік Нүсіпбайұлы өз асханасында отыр. Алматы, 9 желтоқсан 2011 жыл.
Оралман Серік Нүсіпбайұлы өз асханасында отыр. Алматы, 9 желтоқсан 2011 жыл.

Шағын асхана ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған оралман "болашақта қытай құндылықтары жайлы сөз ететін қазақ тілінде журнал шығарсам" дейді. Солайша Қытайда көп жазылатын Орталық Азия туралы ақпаратты қазақ оқырмандарына жеткізгісі келеді.


Серік Нүсіпбайұлы - Қытайдан келген оралман. Қырықты қырқалаған отағасының ержеткен екі ұлы мен сексеннің сеңгіріне шыққан анасы бар екен. Қытайдың Құлжа аймағына қарасты Нылқы ауданынан 2005 жылы қоныс аударыпты. Қазір ол Алматыдағы көпшілік "Барахолка" атап кеткен базар маңынан шағын асхана ашып күнелтіп отыр.

ЖАРТЫ ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС

– Мына асхананы осыдан төрт жыл бұрын отыз мың долларға сатып алған едім. Бар жиған-тергенімді осыған салдым. Қазір құдайға шүкір, біртіндеп көтеріліп келемін, - деді Серік әуелгі таныстықтан кейін Азаттық радиосының тілшілеріне.
Оның айтуынша бұл жұмыстың қызығымен қатар қиыншылығы да аз емес.

– Таңғы алтыдан бастап кешкі алтыға дейін осы жердеміз. Өйткені осы жерге тамақтанушылар таңғы оннан келе бастайды. Бәріне үлгеріп дайын тұруымыз керек. Мен - әрі қожайын, әрі даяшымын. Үлкен ұлым мен әйелім - аспаз. Одан басқа сырттан төрт-бес жұмысшы алғанмын. Соның өзінде үлгере алмай жатамыз,- дейді асхана қожайыны.
Серік отбасымен бірге базар маңынан жиырма мыңға пәтер жалдап тұрататын айтты.

– Қытайдан алғаш көшіп келген жылдары қалтамдағы ақшам шамалы болды да Еңбекші қазақ ауданынан үй сатып алған едім. Бірақ базар мен екі орта жетпіс шақырым. Барып-келіп қатынау мүмкін емс. Оның үстіне келген жылдары жергілікті жердің заңын білмейтіндіктен өзіме тиесілі квотаны да ала алмай қалдым, - дейді.

КЕЛІП ТҰРЫП БЕРІЛМЕГЕН КВОТА
Серіктің айтуынша отбасындағы төрт адам құжаттарын рәсімдеп квотаға өткізген. Тіпті Алматы облысының орталығы Талдықорғаннан "квоталарың келді" деген жақсы хабар да келген екен.
– 2006 жылдың қаңтар айында Талдықорғаннан "квоталарың келіп тұр. Бірақ қазір жаңа жыл қарсаңы. Сондықтан сәл кейінірек күн жылынған соң келіп алыңыздар" деген хабарлама алдық. Сонан соң асықпай наурызға тақау барсақ, «міне, сіздерге квотаның келгені рас, бірақ азаматтықтарыңыз да келіп тұр. Сондықтан квотаны бермейміз» деп, бермей қойды. Квотаның келгенінін, компьютерден ашып тұрып көрсетті. Біз енді не істейміз деп едік, «қайта құжат рәсімдеп басқа облыс атынан өткізіңіздер» деп шығарып салды, - дейді Серік Нүсіпбайұлы.

Бүгінде күні өзінің тұрмысын реттеп алған ол квотаны алуға құлықсыз да.

– Қарап отырсам сонда беретіндері екі-үш мың доллар ғана. Ал, оны алу үшін үш-төрт ай салпақтап, құжат жинауың керек. Егер мен кетіп қалсам, мынау асхананың жұмысы да тоқтап қалады. Мен үшін сол квотасынан гөрі маңдай теріммен тапқан осы кәсібім әлдеқайда артық. Квота тек алыстан келген қандастардың алғашқы жылдарында ептеп тірлік қамын жасауына аздап көмек қана. Басқадай жыртығыңды жамай да алмайды, - дейді ол.
Алматыдағы базарлардың бірі. 8 сәуір 2009 жыл
Алматыдағы базарлардың бірі. 8 сәуір 2009 жыл

Сөз арасында Серіктен шыққан шығыныңыз бен тапқан табысыңыздың ара салмағы қандай деп сұраған едік:

– Ауызды қу шөппен сүртіп қайтейін. Елу де елу,- деп жауап берген Серік күндік шығысының елу-алпыс мың теңгеге дейін жетіп жығылатынын айтты.

– Қазір осының ішінде сырттан бес жұмысшы бар. Сондай-ақ, алып кетіп, базар аралап жүріп сататын жұмысшыларымыз бар. Барлығы - он адам. Осылардың күнделікті азық-түлігімен қоса еңбекақысын қосып қойыңыз. Сыртта жүріп сататындарға өткізген дүниелерінің жиырма пайызын төлеймін. Іште істейтіндер күнделікті мың жарым теңге алады, - деді.
Серік Нүсіпбайұлының кәсіби мамандығы аудармашы. Ал әйелі есепші болып қызмет істеген.

– Нылқыда, аудандық мекемеде жиырма жыл іс-қағаздарын аударумен айналыстым. Қазақша-қытайша ілеспе аударманы да жақсы меңгергенмін. Бұл жақта да аудармашылықпен болар еді. Бірақ жалақысы өте аз, - дейді.

КЕТКЕН КВОТАНЫ СОТ АРҚЫЛЫ ҚАЙТАРУҒА БОЛАДЫ

Қытайда Орталық Азия елдері туралы жазатын «Жумияң» деп аталатын журнал бар екенін айтқан Серік «Болашақта осындай журнал ашып, қытай құндылықтары мен құпияларын қазақ оқырмандарына таныстырсам» дейді. Оның айтқанына қарағанда, Қытайда бұдан да басқа Орталық Азия елдері туралы жазатын басылымдар жетерлік.

«Осы арқылы олар біздегі жағдайды бізден жақсы біліп отырады» дейді Серік Нүсіпбайұлы. Ол Қазақстан оқырманы үшін де Қытай туралы оқу қызық болар еді деп пайымдайды.

Азаттық радиосының тілшілері орламанның алынбаған квотасына орай заңгермен де тілдесіп көрген болатын.

– Егер оралманның квота беру туралы өтініші азаматтық алғанға дейін мақұлданып, бұйрық шыққан болса, тиісті мекемені сотқа бере отырып, өзіне тиесілі қаражатты қайтарып алуға болады. Ол үшін ең алдымен квота беру туралы бұйрық пен азаматтық беру туралы жарлықтың шыққан күндерін нақтылау керек, - дейді заңгер Нұра Тынысқызы.

Қытайдан келген оралман Серік Нүсіпбайұлы туралы видео:
Қытайдан келген оралманның кәсібі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00
XS
SM
MD
LG