Accessibility links

Аула сыпыратын арулар


Көше сыпырушылар Әзипа Асанқызы (сол жақта) және Эльмира Байдәулетова. Алматы, 23 қыркүйек 2011 жыл.
Көше сыпырушылар Әзипа Асанқызы (сол жақта) және Эльмира Байдәулетова. Алматы, 23 қыркүйек 2011 жыл.

«Арнайы мамандығы жоқ жандар үшін Алматыдағы ең тиімді жұмыс – аула сыпыру» дейді біздің бүгінгі кейіпкерлер. Азаттық радиосына сұқбат берген қос арудың бірі – Шымкент қаласындағы медициналық коллеждің үшінші курс студенті, екіншісі – Ташкент қаласында білім алған фельдшер.


Сыпыртқысын сүйреткен қос ару Абылайхан даңғылын бойлап, түскі астарын ішуге кетіп барады екен. Жеделдете басып, қуып жеткен Азаттық радиосының тілшілеріне: «Бізді автобус күтіп тұр. Түскі астан қалып қоямыз. Қарсы болмасаңыз, сұрақтарыңызды жүріп келе жатып қоя беріңіз» деді.

«ОҚУ АҚЫМДЫ ТӨЛЕУ ҮШІН ІСТЕП ЖҮРМІН»

Өзін Әзипа Асанқызы деп таныстырған әуелгі кейіпкеріміз «1990 жылы туғанмын. Алматыға келгеніме бес ай болды. Айына 90 мың төлеп медколлежде сырттай оқимын. Оқу ақысын өтеу үшін осы жерде істеп жүрмін» дейді.

Әзипа бұған дейін ыдыс жуушы, аспаз болып жұмыс істеген екен. Оның айтуынша «Алматы тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының арнайы автобусы жұмысшыларды үйлеріне апарып, алып қайтатын болса керек.
Қашанғы өзгеге қарап аузымды ашып отыра беремін. Өз күнімді өзім көрейін деп осы жұмысқа кірдім.

- Мен басқа да жұмыстарды істедім. Бірақ тапқанымның тең жартысы жол ақысына кетіп қалатын. Ал мына жерде жолға шығын шықпайды, - дейді Әзипа.

Әзипа үйінің кішісі екен. Екі ағасы мен екі әпкесі бар. Әкесі дүние салған.

- Екі жылғы оқу ақымды ағаларым төлеп берді. Қашанғы өзгеге қарап аузымды ашып отыра беремін. Өз күнімді өзім көрейін деп осы жұмысқа кірдім. Әйтпесе көше сыпырып жүруге ағаларым қарсы болған еді, - дейді Әзипа Асанқызы.

«ОСЫ ЖҰМЫСҚА ҮЙРЕНІП КЕТТІМ»

– Біз осыдан үш жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келген едік. Мамандығым – фельдшер. Қарақалпақстанда мамандығым бойынша жұмыс істедім де. Мына жаққа келгеннен кейін алты ай оқып, сертификат алу керек болды. Оған мүмкіндігім болмады, – дейді біздің екінші кейіпкер.

Оның аты-жөні – Эльмира Байдәулетова. Эльмираның жұбайы да осы «Алматы тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс істейді екен.

- Үш балам бар. Үлкені мектеп алды даярлық тобына барды. Кішісі бір жас бір айда. Күйеуім түнгі ауысымда істейді. Жалақымыз – 45-50 мың аралығында. Әр айда әрқалай шығады, - деген Эльмира «Мен үйге барғанда күйеуім жұмысқа кетеді. Бір жағынан балаларды қарауға ыңғайлы» деп қосып қойды.

Азаттық радиосының тілшілері Эльмирадан «Әйел адам үшін аула сыпыру оңай жұмыс емес қой. Мамандығыңыз бойынша жұмыс іздеп көрмедіңіз бе?» деп сұрады.

- Әрине, іздеуге болар еді. Бірақ мен осы жұмысқа үйреніп кеттім. Енді басқа жұмыс іздегім де келмейді, - дейді ол.
Шындығын айтсақ, ауыр. Мұндай дене жұмысы ер адамдарға тән ғой. Бірақ мына заманда жұмыс таңдап жүру мүмкін емес.

Әзипа мен Эльмира Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Үшқоңыр ауылында тұрады. Екеуі де бұл жұмыстың тиімділігі – «Алматы тазалық» КМК арнайы автобус бөледі, жолға шығын шықпайды» дейді.

- Таңертеңнен кешке дейін, әсіресе күз айында көше сыпырып жүру әйел адамға оңай емес. Шындығын айтсақ, ауыр. Мұндай дене жұмысы ер адамдарға тән ғой. Бірақ мына заманда жұмыс таңдап жүру мүмкін емес, - дейді олар.

Әзипа мен Эльвира Азаттық радиосының тілшілеріне сұқбат беруге келіскенімен, фотоаппарат алдында қарсы қарап тұрып суретке түсуге қарсы болды.

- Көше сыпыру ерлік емес қой. Суретімізді көрген таныстар жаман ойлап қалса ыңғайсыз болар. Елдің бәрі түсіне бермейді ғой, - дейді аула сыпырушы арулар.

«Алматы тазалық» 2011 жылдың сәуір айынан бастап мемлекеттік кәсіпорын ретінде қызмет көрсете бастады.

- Азиялық қысқы олимпиада қарсаңында «Алматы пәтер қызметі» деген атпен құрылып, алғашқы жұмысшыларды қабылдаған болатынбыз. Сәуір айының 15-інен бастап бүгінгі атаумен қайта тіркеліп, жұмыс істеп келеміз, - дейді кәсіпорынның өкілі Сәлім Қашағанұлы. Оның айтуынша «Алматы тазалық» кәсіпорнында 638 адам жұмыс істейді. Оның 186-сы - әйел адамдар.
XS
SM
MD
LG