Accessibility links

Лұқпан Ахмедьяровтың мақаласына орай сот отырысы өтті


Сотқа келген екі тарап. Орал, 23 сәуір 2012 жыл. («Уральская неделя» сайтынан uralskweek.kz алынған сурет)
Сотқа келген екі тарап. Орал, 23 сәуір 2012 жыл. («Уральская неделя» сайтынан uralskweek.kz алынған сурет)

Бүгін Орал қалалық №2 сотында «Уральская неделя» басылымының тілшісі Лұқпан Ахмедьяров пен осы газеттің құрылтайшысының үстінен түскен шағым бойынша алдын-ала сот отырысы өтті. Шағым иесі – Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілекқабыл Имашев.


Шағымға ақпанның 2-сі күні «Уральская неделя» басылымында жарық көрген журналист Лұқпан Ахмедьяровтың «Брат, сват, блат» атты мақаласы себеп болған.

Шағым иесі Тілекқабыл Имашев «редакция мақаланы терістеп, моральдық өтемақы ретінде бес миллион теңге төлеуін» талап етеді.

«ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА КЕРЕК»

Алғашқы сот отырысына «ар-намысыма нұқсан келді» деген шағым иесі Тілекқабыл Имашев, жауапкер жақтан «Уральская неделя» басылымының бас редакторы Тамара Еслямова мен газет құрылтайшысы – «Журналисткая инициатива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілі Павел Кочетков қатысты.

Павел Кочетковтың айтуынша, судья Шалқаров алғашқы отырысқа ауруханада жатқан Лұқпан Ахмедьяровтың келе алмауының қисынды себебі бар екенін деп айтқанымен, сотты бастай беруді ұйғарған.

Бүгінгі сотта екі тарап та мәмілеге келе алмады.

– Сот та «филологиялық сараптама жасау қажет» деген шешімге келді. Бұл сараптамаға сұрақтар дайындауымыз үшін біздің өтінішіміз бойынша келесі сот отырысы сәуірдің 27-сіне қалдырылды, – дейді Павел Кочетков.

«СҰРАМАЙ ЖАЗА САЛАДЫ»

Жергілікті билік өкілдерінің туыстық қарым-қатынастары жөнінде жазған мақалада Тілекқабыл Имашевке қатысты үш сөйлем бар. Онда туыстық байланыстың арқасында «бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашевтің карьералық тұрғыда өскені», оның «активінде» бұрынғы премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов те бар» екені айтылған.

Шағым иесі Тілекқабыл Имашев «мақаланы терістеу туралы газетке бір ай уақыт бергенін, алайда газеттің одан бас тартқанын, сондықтан сотқа жүгінуге тура келгенін» айтады.
Сіз қалайша мынадай лауазымды жұмысқа жеттіңіз? Қалайша көтерілдіңіз?» деп менен сұрамай ма?

– Менің суретімді газеттің бетіне шығарады. Газеттің ортасына шыққан картаның ішіне салып қояды. Сонда менің өмірлік тәжірибем қайда қалады? «Сіз қалайша мынадай лауазымды жұмысқа жеттіңіз? Қалайша көтерілдіңіз?» деп менен сұрамай ма? Оны сұрамайды ғой. Сұрамай жаза салады. Сол дұрыс па, дұрыс емес пе? – деді Тілекқабыл Имашев дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне.

«ТАСМАҒАМБЕТОВ ТУЫСЫМ ЕМЕС» ДЕП ОТЫРҒАН ЖОҚ ҚОЙ»

Ал жауапкер «Журналисткая инициатива» ұйымының өкілі Павел Кочетков шағым иесінің арызы негізсіз екенін айтады. Оның айтуынша, «Тілекқабыл Имашевтің арызында ойынан қосып алған нәрселері көп».

– Сөздің мағынасын әркім әрқалай түсінеді. Мысалы, шағым иесі арызында «лобби» сөзін қолданады. Ал мақалада ондай сөз мүлдем жоқ. Мақалада сонымен
Құқық қорғаушы Павел Кочетков Евгений Жовтисті қолдау шарасында. Орал, 12 қазан 2009 жыл.
Құқық қорғаушы Павел Кочетков Евгений Жовтисті қолдау шарасында. Орал, 12 қазан 2009 жыл.
бірге «Тасмағамбетовтың арқасында қызметтік жағынан сатылай көтерілді» деген сөз мүлде жоқ. Сондықтан мұнда оның (Тілекқабыл Имашевтің – ред.) ар-намысына нұқсан келді деуге негіз бар деп айта алмаймын. Бұған қоса мақалада жазылған жайттар рас болмай шықса ғана, «нұқсан келді» деп айтуға болады. Ал егер бұл жайттар рас болса... Ал деректер шынымен де рас. Ол «Тасмағамбетов туысым емес» деп отырған жоқ қой, – дейді Павел Кочетков.

Павел Кочетков шағым иесі Тілекқабыл Имашевтің «суретімді рұқсатсыз қолданды» деген арызы да орынсыз екенін айтады.

– Ол – қоғамдық тұлға. Мақалада оның ресми суреті қолданылған. Ол – ресми шара кезінде редакцияның тапсырмасымен түсірілген сурет. Сондықтан оның талабы негізсіз деп санаймыз, – дейді Павел Кочетков.

«ЛҰҚПАННАН ДА БАСҚА ЖҰМЫСТАРЫМ ЖЕТЕДІ»

«Әділ сөз» баспасөз бостандығын қорғау қорының жазуынша, 22 сәуірде есін жиған Лұқпан Ахмедьяровтан тергеушілер «Сізге қандай мақала үшін қастандық жасалуы мүмкін?» деп сұрағанда журналист бүгінгі сотқа себеп болған мақаласын атаған.

«Ахмедьяровтың әріптестерінің айтуынша, Имашев жақында ғана құқық қорғау органдарынан Лұқпанның отбасы мен жақындары туралы барлық мәліметті сұраған» деп жазады «Әділ сөз» ұйымы.

– Менің Лұқпаннан да басқа жұмыстарым жетеді. Бұл – өтірік. Оған қандай қатынасым бар? Өзіңіз ойлап қараңызшы! Бұлар қазір не болса, соны жаза береді.
Журналист Лұқпан Ахмедьяров Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде. Орал, 24 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Журналист Лұқпан Ахмедьяров Жаңаөзен оқиғасының 100 күндігіне орай өткен қарсылық митингісінде. Орал, 24 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мына жазған мақалаларынан-ақ көруге болады. Жартысы – өтірік. Оқырманды өзіне тарту үшін не болса, соны жаза береді. Олай етуге болмайды ғой. Бірінші рет газетті оқыған күні сол үшін ауруханаға түстім, – деп жауап берді Тілекқабыл Имашев бұл мәліметке қатысты 23 сәуір күні Азаттық тілшісіне.

«Уральская неделя» басылымының тілшісі Лұқпан Ахмедьяров өткен аптада үйінің алдында ауыр соққыға жығылып, ауруханаға түскен еді. Операция жасаған дәрігерлер журналиске сегіз рет пышақ салынғанын, басына ауыр соққы тигенін, травматикалық қарудан жарақат алғанын айтқан.

Сәуірдің 23-і күні журналистің әріптестері «Лұқпанның жағдайы жақсарып келе жатыр, оны реанимациядан палатаға ауыстыруы тиіс» деді.

Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандыққа байланысты қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлімі, 96-бабының 1-бөлімі (қасақана адам өлтіруге оқталу) бойынша іс қозғалды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG