Accessibility links

«Набукко» тағы да күн тәртібінде немесе "Петро-мемлекеттер" феномені


Ресей мен Украина арасындағы газ жанжалы тереңдеген сайын ЕуроОдақ елдері көгілдір отынға жетудің балама жолдарын қарастыруын күшейтеді. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, осындай жолдардың бірі – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы ұзындығы шамамен 3 жарым мың шақырымдық газ құбырының жобасы.

Қазақстандық сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы газ мәселесі аймақтағы, одан қалды, құрлықтағы көмірсутек рыногына тікелей әсер етеді деп есептейді. Әсіресе, энергетикалық ресурстың тапшылығын көріп отырған кәрі құрлық елдері көмірсутек шикізатына жетудің жаңа жолдарын қарастыратын болады. Сондай-ақ, ЕурoОдақ елдерінің бұл талпынысы жаңа заманда «Американы ашқанмен» пара-пар болмақ деп есептейді сарапшылар. Олардың пікірінше, бұл жердегі әңгіме Каспий шельфінің қара алтыны, яғни «Набукко» секілді жүзеге аспаған ірі жобалар туралы болып отыр. Ал «Набукко» құбыры Орталық Азия газын, Ресей және Украинаны айналып өтіп, Еуропа елдеріне жеткізуді қарастырады.

«Мир Евразий» журналының бас редакторы Эдуард Полетаевтың пікірінше, «Набукко» газ құбыры жобасының мәселесі бұрынғы жылдарға қарағанда биыл салмақтырақ болмақ.

- Қазіргі таңда, яғни, 2009 жылы «Набукко» жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі өткен жылмен салыстырғанда жоғарырақ. Бірақ қаржы дағдарысы өзінің шыңына жете қойған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда көп қаржыны қажетсінетін «Набукко» құбырын салудың саяси болашағы арта түскенімен, экономикалық мүмкіндігі кеміп отыр. Соған байланысты мүдделі мемлекеттердің құбыр құрылысына қажетті ақшаны табу-таппауы үлкен сұрақ болып отыр, - деді Эдуард Полетаев.

Оның пікірінше, көгілдір отынның бағасы нарықта қымбат болып тұрған уақытта жаңа құбыр жолдарын қарастыру өзектілігін жоймайды. Соңғы уақыттары нарықта мұнай бағасының күрт арзандау үрдісі байқалып отыр. Сарапшылар газға деген сұраныс азаятын жаз уақытында оның құны одан да төмендеуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Мұндай жағдайда тұтынушыға қыруар қаржының құбырын салғаннан көрі көгілдір отынды арзан бағаға сатып алған тиімдірек болмақ. Яғни, «Набукко» секілді балама құбырлар жобасы тағы да кейінге қалдырылуы мүмкін.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанның «Набукко» жобасына қатысты қызығушылығы бір қарағанда айқын болып көрінгенімен де басқаға қарай алаңдаушылық бары білініп бұрады.

- Астана үнемі жобаның экономикалық жағына көңіл бөле отырып, сол тұрғыда қолдауға дайын екендігін білдіріп келеді. Солай бола тұрса да Астана бірқатар мәселелердің Ресейдің қатысуымен шешілуі керектігін ескертіп отырады, - деді Досым Сәтпаев.

Оның пікірінше, кәрі құрлық елдерінің елесіне айналған «Набукко» жобасының идея түрінде өмір сүруге мүмкіндігі бар. Бірақ іс жүзінде жүзеге асыру жағы әлі жетіспейді. Соған қарамастан ЕуроОдақ елдері «Набукко» секілді жобалардың мәселесін қарау арқылы энергетикалық «монополист» - Ресейге сес көрсетуден бас тартпайды деп есептейді саяси сарапшы.

Сонымен қатар, қазақстандық сарапшылар Батыс елдерінің энергетикалық қажеттілігінің жыл өткен сайын артуынан Қазақстанға келіп- кетер бір кемшілікті атап көрсетіп отыр. Бұл жердегі әңгіме Батыс елдерінің демократиялық құндылықтарына қатысты болып отыр. Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болуының өзін кәрі құрлықтың өз құндылықтарынан кері шегінуінің бір көрінісі ретінде бағалау керек.

- «Петро-мемлекеттер» феномені пайда болып отыр. Яғни, шикізат ресурсына негізделген экономикасы бар мемлекеттер. Осы тұрғыдан алғанда мұнай Қазақстанның «қарғысына» айналып отыр. Және оны әзірге көпшілік жұрт түсіне бермейді. Ал «Набукко» секілді ірі жобалар үшін мүдделі мемлекеттер қандай құндылықтан бас тартуы мүмкін?! - деп атап көрсетті Досым Сәтпаев.

Орталық Азия мен ЕуроОдақ елдерінің арасын жалғастыруы тиіс 3,3 мың шақырымдық газ құбырының құны - €7,9 млрд.

XS
SM
MD
LG