Accessibility links

Той шығынын азайтуға бола ма?


Бішкектегі үйлену тойы. (Көрнекі сурет).
Бішкектегі үйлену тойы. (Көрнекі сурет).

Қырғызстан Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі түрлі салтанатты шараларды өткізудің ең үздің сценариіне байқау жариялап отыр. Жүлде қоры 200 мың сомды құрайтын конкурс мамырдың 1-інен қыркүйектің 15-іне дейін өтеді.

Бұндай бастаманы біреулер қолдаса, енді бірі қажетсіз санайды. Бастама аяқсыз қалады деушілер де бар. Жаңа сценарий артық шығыннан құтылуға септігін тигізеді деп үміттенетіндер де бар. Министрлік салтанатты шара сценарийі міндеттеме емес, ұсыныс ретінде жүреді дейді.

Соңғы уақытта той-домалаққа тым көп қаржы жұмсалатыны жиі айтылып жүр. Парламент тіпті шығынды азайту туралы бастама көтерді. Кей жерлерде шектеу шараларын енгізуге тырысты. Мысалы, 2010 жылы Үзген аудандық кеңесі арнайы қаулы қабылдады. Сол кезде аудан әкімі қызметін атқарған Әлішер Бақышевтан қаулыны жүзеге асыру туралы сұрағанда ол шектеуге бағынбайтындардың да бар екенін айтты

- Ауқатты адамдар тойды өздері қалағандай етіп өткізгісі келеді. Сондықтан шектеуді жоғарыдан енгізу керек. Әйтпесе ол уақытша құбылыс болып қалады. Әкім болған кезімде бұндай шектеуді енгіздік. Қазір ондай қатаң шара жоқ, - дейді ол.

Қырғызстандағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)
Қырғызстандағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)

Бақышевтің айтуынша, шығынды азайту әрекетін бір аудан көлемінде жүзеге асыру мүмкін емес, оны заң жүзінде бекітіп, республикалық деңгейде тарату керек. Жогорку Кенеш депутаты Эмиль Тоқтошев той шығындарын азайтуға заң керек екеніне сенімді. Оның айтуынша, жаңа заңды қабылдаған кезде тойды өткізудің жаңа үлгісін негізге алады. Депутат - конкурстың әділқазы мүшелерінің бірі.

​ - 2016 жылы Аида Салянова бастаған депутаттар тобы заң жобасын да әзірлеген. Бірақ оны парламент қолдамады. Ол кезде расымен өте қатты талаптар қойдық. Бұндай заңдар жарамайды екен. Егер байқау кезінде той өткізудің жеңілдетілген нұсқасы түссе, соның негізінде жаңа заң жазуға болады. Басты мақсат – артық шығынды азайту. Шынымен де, біздің халықтың салт-дәстүрі мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Конкурсты сол үшін жарияладық, осындай жағдайлардың алдын алу керек немесе шектеу керек, - дейді ол.

Тоқтошевтың айтуынша, Тәжікстанда, Өзбекстанда және Түркіменстанда салтанатты шараның шығынын азайтып, тойға келетін қонақтар санын шектейтін арнайы заң бар. Мысалы, Тәжікстанда тойға шақырылатындардың саны 50 адамнан аспау керек, кортеж саны үш автокөліктен аспауға тиіс. Сарапшылар осындай шараның арқасында елдегі шығынды 50-60 пайызға азайттық дейді.

Ал танымал той жүргізуші Бақай Шүкіров тойды күшпен шектеу мүмкін емес дейді:

Бақай Шүкіров, асаба.
Бақай Шүкіров, асаба.

- Тойды арнайы сценариймен өткізу мүмкін емес. Бұрын той өткізуді реттеу мәселесін министрлер Ибрагим Жүнісов пен Сұлтан Раев көтерген. Енді Сұлтан Жұмағұлов айтып жатыр. Тойға жиі қатысатын адам ретінде айтарым, соңғы бес жылда өзгеріс болды. Мысалы, той ұзақ өтпейтін болды. Бұрын алты сағаттан сегіз сағатқа созылса, қазір ары кетсе бес сағат болады. Кейде тіпті төрт жарым сағат. Ол қалыпты үрдіске айналды, - дейді Бақай Шүкіров.

Мамандар мәселе қонақтың уақытын үнемдеу емес, шығынды азайтуға келіп тіреледі дейді. Экономистердің зерттеуі бойынша, қырғыздар жылына тойға 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Кейбір деректер бойынша, Қырғызстанда жыл сайын жарты миллион отбасы түрлі той өткізеді.

Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің баспасөз хатшысы Жиде Зоотбекова конкурстың мақсаты – салтанатты шараны жаңаша өткізу үлгісін міндеттеу емес, азаматтарға оны балама ретінде ұсыну дейді:

Жиде Зоотбекова, Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің баспасөз хатшысы.
Жиде Зоотбекова, Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің баспасөз хатшысы.

- Егер халық той өткізудің үлгісін ұсынса, күзде тойды сол үлгі бойынша жасаймыз. Ақпаратты БАҚ арқылы таратамыз. Азаматтар біз ұсынған нұсқаны қолдана ма, әлде сегіз сағаттық той өткізе ме, ол жағын өздері шешеді. Министрлік той өткізуге тыйым салмайды. Тойды осылай өткізсе де болады деп үлгі көрсеткіміз келеді, дейді ол.

Зоотбекованың айтуынша, бірінші орынға – 100 мың сом, екінші орынға – 50 мың сом, ал үшінші орынға – 30 мың сом жүлде тағайындалмақ. Қаржыны Мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі бөледі. Үйлену тойы, тұсау кесу, сүндет тойы мен басқа тойларға қатысты үздік сценарий байқауы қыркүйектің 15-іне дейін жалғасады.

XS
SM
MD
LG