Accessibility links

Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.
Харьковта қираған ресейлік әскери техника. 28 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт күннен асты. Елдің солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде Украина қарулы күштері мен Ресей әскері арасында шайқас жүріп жатыр.

Украина жағы Ресейдің үш мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапты дейді. Ресей 27 ақпан күні сарбаздарының опат болғанын алғаш рет мойындады, бірақ нақты санын айтпады. Украина сарбаздары арасында жүздеген адам опат болған, қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да бар.

АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбритания және көптеген өзге ел Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтіп жатыр. Еуроодақ елдері Украинаға шабуылдаушы ұшақтар беретін болды. Ресей президенті Владимир Путин Ресей ядролық қаруын арнайы тәртіпке көшіруді бұйырды.

Еуроодақ Ресей ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, Кремльге жақын Sputnik және Russia Today бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропа елдеріндегі жұмысына тыйым салмақ.

12:18 25.2.2022

Украина президенті Владимир Зеленскийдің твиті:

"Біз өз еркіндігіміз бен жерімізді қорғап жатырмыз. Бірақ бізге қауқарлы халықаралық көмек керек. Мұны [Польша президенті] Анджей Дудамен талқыладым. Бухарест тоғыздығына қорғаныстағы көмек, санкция, агрессорға қысым жөнінде жүгіндім. Біріге отырып Ресейді келіссөз үстеліне отырғызу керек. Антиәскери коалицияға зәруміз".

13:38 25.2.2022

Украина ақпарат құралдары Киевтің солтүстігіндегі Оболонь ауданында шайқас жүріп жатқанын хабарлады.

Тұрғын үйлер мен көшелерде Ресей әскери техникасы жүр.

Ақпаратты Украина қорғаныс министрлігі растады. Ведомство тұрғындарға әскери техниканың бағыты туралы хабар беріп, қарсылас жақтың "көзін жою үшін" жанғыш заты бар құтыларды дайындауға үндеді.

13:52 25.2.2022

Чернобыль қаласында радиация деңгейі артқан

Украинаның ядролық реттеу жөніндегі мемлекеттік инспекциясы Чернобыль қаласында радиация деңгейі артқанын хабарлады.

Инспекцияның сөзінше, радиация деңгейінің не себепті өзгергенін мүмкін емес, себебі ол аймақта әскери қимылдар жүріп жатыр.

24 ақпан күні кешке Украина премьер-министрі Денис Шмигаль Ресей әскерінің Чернобыль атом электр станциясын басып алғанын хабарлаған.

14:12 25.2.2022

Қарымта санкция. Кремль Ұлыбритания ұшақтарына Ресей әуе кеңістігінде ұшуға тыйым салды

Мәскеу бұл қадамға Ұлыбританияның Ресейге қарсы санкциясына жауап ретінде барды. 24 ақпан күні Ұлыбритания ресейлік "Аэрофлот" әуе компаниясына санкция салып, оның Ұлыбритания аумағындағы қызметіне тыйым салған.

Росавиацияның хабарлауынша, Ресей жариялаған шектеу Ұлыбританияда тіркелген немесе сол елге қатысы бар тұлғаға тиесілі немесе сол тұлға жалға алған әуе кемелерін қамтиды.

Енді Ұлыбритания әуе компанияларының Азия елдеріне ұшуы қиындайды. Осыған дейін ол компаниялардың ұшақтары Ресей әуе кеңістігінен өтетін.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG