Accessibility links

Путиннің кеңесшісінің ұлы - «жыл банкирі»


2015 жылды 67,9 миллиард рубль шығынмен нашар қорытындылаған «Россельхозбанк» басқарма төрағасы Дмитрий Патрушев «жыл банкирі» атанды.
2015 жылды 67,9 миллиард рубль шығынмен нашар қорытындылаған «Россельхозбанк» басқарма төрағасы Дмитрий Патрушев «жыл банкирі» атанды.

Ресей президенті Владимир Путиннің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Николай Патрушевтің баласы «жыл банкирі» атанды.

Ресей президенті Владимир Путиннің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Николай Патрушевтің ұлы Ресейде «жыл банкирі» деген атаққа ие болды. Бірақ банктің былтырғы көрсеткіштері нашар болған еді.

Мұнай арзандап, рубль құлдырап, Батыс елдері санкциялары кесірінен экономикасы тоқырап тұрғанына қарамастан, Ресейдің мемлекеттік «Россельхозбанкі» несие көлемін арттыруды көздеп отыр. Осы жоспарын ескерді ме, Ресей банктері қауымдастығы «Россельхозбанк» басқарма төрағасын, 38 жастағы Дмитрий Патрушевті «жыл банкирі» деп жариялады.

Ресейдегі агробизнес саласын қорғау мақсатында 2000 жылы президент Владимир Путиннің жарлығымен құрылған бұл банк 2015 жылды нашар қорытындылады.

«Жыл банкирінің» әкесі Николай Патрушев Ресейдегі консультативтік орган – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарады, әрі ол Украинаға қатысты Батыспен арадағы кикілжіңдегі Кремльдің басты идеологы саналады. Николай Патрушев Путиннің алғашқы екі президенттік мерзімі кезінде (1999-2008) бұрынғы КГБ-ның орнын басқан федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы болған.

«ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ»

«Россельхозбанк» «бұл сыйлық Дмитрий Патрушевке ел экономикасын, соның ішінде Ресейдегі ауыл шаруашылығы бизнесін дамытуға қосқан үлесі үшін берілді» деген мәлімдеме таратты.

Банк мәлімдемесінде: «Макроэкономикалық қиындықтарға; АҚШ, ЕО (Еуропа Одағы – ред.) және басқа да елдердің банкке салған санкцияларына қарамастан, «Россельхозбанк» 2015 жылы несие портфелін арттырып, көбірек несие беру арқылы ауыл шаруашылығы бизнесіне қаржылай көмек көлемін нарықтағы орта көрсеткіштен едәуір ұлғайтты» делінген.

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.

Мәскеу Қырымды өзіне қосып алғаннан кейін басталған халықаралық қысымға жауап ретінде Ресей үкіметі импорттың орнын басатын отандық өндірісті қолдау шараларын қолға алған. Кремль импорт тауардың біразына тыйым салғандықтан халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету ісінде қаржы институттары негізгі рөл ойнайды деген үміт болған.

ЖЫЛДЫ НАШАР ҚОРЫТЫНДЫЛАҒАН БАНК

2015 жылдың алғашқы қорытындыларын жариялаған «Россельхозбанк» несие беру көлемі 25 пайызға артқанымен, жалпы табысы 12 пайызға төмендегенін хабарлады.

Moody's and Fitch сияқты рейтинг агенттіктері «Россельхозбанкті» «спекулятивтік деңгейдегі» (ортадан төмен) қаржылық институт қатарына қосқан.

Дмитрий Патрушевке «жыл банкирі» атағын беру туралы шешім желтоқсанның 23-і күні шыққанымен, банк бұл жайтты кеше ғана жария етті.

Банкирлер қауымдастығы Патрушевті қолпаштап жатқанымен, «Росбалт» сияқты жергілікті ақпарат құралдары ол басқаратын мекеменің 2015 жылды 67,9 миллиард рубль шығынмен нашар қорытындылағанын хабарлады.

Мәскеудің Қырым түбегін аннексиялап, Шығыс Украинадағы сепаратистерге қолдау көрсеткені үшін АҚШ пен ЕО 2014 жылы шілдеде Ресейдегі қаржы институттарының біразына экономикалық санкция салған. Сол тізімде «Россельхозбанк» те бар. АҚШ пен ЕО аумағында Ресейдің санкцияға іліккен ірі банктері мен олардың бөлімшелерінің қаржылық операциялар жүргізуіне шектеу қойылған.

2015 жылғы наурызда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев үкіметтің «халықаралық қаржы нарығынан шет қалған» «Россельхозбанкке» дағдарысқа қарсы жоспар аясында 10 миллиард рубль (сол кездегі бағаммен 177 миллион АҚШ доллары) көмек беретінін жариялаған.

Дмитрий Патрушев «Россельхозбанктің» басқарма төрағасы болып 2010 жылдың мамыр айында, 33 жасында сайланған.

Том Бэлмфорттың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG