Accessibility links

Диаспора басшысының жоғалуы Душанбеге күдікті күшейтті


Тәжікстанның Хатлон облысындағы өзбек диаспорасының басшысы Салим Шамсиддинов. Душанбе, 7 мамыр 2012 жыл.
Тәжікстанның Хатлон облысындағы өзбек диаспорасының басшысы Салим Шамсиддинов. Душанбе, 7 мамыр 2012 жыл.

Тәжікстанда өзбек диаспорасының басшысы Салим Шамсиддиновтың жоғалып кеткеніне бір айдан асты. Сарапшылар "бұның астарында саяси себеп жатуы мүмкін" дейді.

Тәжікстанның Хатлон аймағындағы өзбек диаспорасының жетекшісі Салим Шамсиддиновты наурыздың 16-сынан бері ешкім көрмеген. Amnesty International («Амнести интернэшнл») халықаралық ұйымы мен бірқатар жергілікті сарапшылар оның жоғалуына саяси пікірлері себеп болуы мүмкін дейді.

Jamestown.org басылымының авторы Игорь Ротар оқиғаның астарына үңіліп, «мұның қандай салдары болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздейді.

САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ МӘЛІМДЕМЕЛЕР

Салим Шамсиддиновті былтыр мамыр айында белгісіз біреулер ауыр соққыға жыққан еді. Мұның алдында берген бірнеше сұхбатында Шамсиддинов «Тәжікстан үкіметіндегі кейбір тұлғалар ұлтшыл саясат жүргізіп
2012 жылы мамырда Cалим Шамсиддинов өзін белгісіз біреулердің соққыға жыққанын айтқан еді.
2012 жылы мамырда Cалим Шамсиддинов өзін белгісіз біреулердің соққыға жыққанын айтқан еді.
отыр, өзбек ұлты өкілдерінің ана тілінде білім алуына мүмкіндік жоқ» деп мәлімдеген. Сонымен бірге ол «тәжік президенті Эмомали Рахмон сыртқы саясатын өзгертіп, Өзбекстанмен байланысты нығайтуы керек» деген.

2013 жылы қараша айында Тәжікстанда президент сайлауы өтуі тиіс. «Саяси белсендінің жоғалуының бір себебі осы болуы да мүмкін» деп топшылайды автор.

Шамсиддинов сайлау заңын өзгерту туралы талап қойып жүрген топтың құрамында болған. Оппозициядағы социал-демократиялық партия жетекшісі Рахматилло Зоиров те белгілі тұлғаның жоғалуының астарында саяси себеп бар деп ойлайды. Басылым «Шамсиддинов халықты алда болатын сайлауда Зоировтың кандидатурасын қолдауға шақырып келген» деп жазады.

ІРІ ДИАСПОРА

Өзбектер – Тәжікстандағы ең ірі диаспора, елдегі 8 миллион халықтың 15 пайызын құрайды. Ташкент көрші елдегі өзбектермен тығыз байланыста болғандықтан, өзбек диаспорасы Тәжікстанның жаңа саяси тарихында әрдайым үлкен рөл атқарады. Ташкент Тәжікстандағы азаматтық соғыс басталардан бұрын-ақ жергілікті қандастарына ықпал етіп келген.

Мақалада 1991 жылы Тәжістанда өткен алғашқы президент сайлауында өзбек президенті Ислам Каримов Рахмон Нәбиевтің кандидатурасын қолдап, оның жеңіске жетуіне көмектескенін айтылады. «Өзбекстаннан келген, адамға толы автобустар Нәбиевтің жеңіс тұғырына көтерілуіне септігін тигізді» деп жазады Eurasia Daily Monitor.

Кейін азамат соғысы кезінде діни партияны қолдайтындарға қарсы топтың жеңіске жетуіне этникалық өзбектердің ықпалы зор болған. «Мәселен, 1992-1994 жылдары Тәжікстанның Турсунзаде ауданын ұлты өзбек дала командирі Ибод Бойматов қадағалаған. Бойматов Өзбекстаннан қару алып отырғанын мақала авторына 1994 жылы айтқан» деп жазады басылым.

ДАЛА КОМАНДИРЛЕРІ

Автордың жазуынша, «Тәжікстандағы азамат соғысында шешуші рөл атқарған тағы бір маңызды тұлға – жартылай өзбек, жартылай тәжік Махмуд Худойбердиев. Ресейдің 201-атқыштар дивизиясының майоры Худойбердиев 1992 жылдың қыркүйек айында Тәжікстанның исламистерге қарсы коалициясына көмектесу үшін әскери басшылықтың пәрменін күтпестен, танкілерді алып кеткен».

«Осының арқасында исламистерге қарсы коалиция елдің оңтүстігін бақылауға
Бұрынғы тәжік офицері Махмуд Худойбердиев.
Бұрынғы тәжік офицері Махмуд Худойбердиев.
алды. Содан кейін Худойбердиев Ресей армиясы қатарынан шығып, исламистерге қарсы коалиция құрамындағы ең ықпалды дала командирлерінің біріне айналды».

Автордың жазуынша, Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде өзбектердің ықпалды болғаны сондай, кейбір оппозиция өкілдері бұл қақтығысты «өзбектер мен тәжіктер арасындағы соғыс» деп атаған.

Алайда 1996-1997 жылдары Худойбердиев те, Бойматов та Тәжікстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс аймақтарындағы үкіметке қарсы топтарға басшылық етті. 1996 жылы мақала авторына берген сұхбатында олар үкіметте аймақтар мен топтар арасындағы күш тепе-теңдігі сақталмағандықтан осындай қадамға барып отырғандарын айтқан. «17 министрліктің сегізін Куляб аймағынан шыққандар басқарады. Әскери құрылымдардың барлығы солардың қолында. Біз барлық этностық топтар мен саяси күштердің өкілдері қатысқан коалициялық үкімет құруымыз керек» деген Бойматов.

Автор «Бұлардың пікірі Ташкенттің ресми көзқарасымен сәйкес келді. Азаматтық соғыс кезінде Өзбекстан президенті Каримов Тәжікстанның бұрыннан Ташкентке бүйрегі бұрып тұратын Ленинабад аймағы өкілдерін Душанбеде билік басына әкелуге күш салды. Бірақ Ленинабад саясаткерлерінің үкіметке барар жолы жабық болғандықтан, өзбек басшысының бұл ойы жүзеге аспады» деп жазады.

ДУШАНБЕНІ МАЗАЛАЙТЫН МӘСЕЛЕ

1997 жылы Тәжікстан басшылығы қарулы бүлікшілерді тыныштандырған соң Бойматов пен Худойбердиев Өзбекстанға қашып кетті. Олар кейіннен тағы да бүлік шығаруға талпыныс жасады. Сол кезде ресми Душанбе «бүлікшілерді қолдап отыр» деп Ташкентті айыптады.

Кейін Өзбекстанға қайта қашқан Махмуд Худобердиевтің одан соңғы тағдыры беймәлім. 2001 жылы Иранның «Хорасан» телеарнасы және Ресейдің «Независимая газета» басылымы «Худойбердиев Өзбекстанда өлтірілген» деп хабарлады, алайда тәжік басшылығы бұл ақпарды жоққа шығарды. 2010 жылы ресми Душанбе «Худойбердиев Өзбекстандағы арнайы әскери бөлімді басқарып, Тәжікстанға қарсы террорлық шабуыл жасауға әзірленіп жүр» деген мәлімдеме жасады.

Сол кезден бері тәжік басшылығы жергілікті өзбек диаспорасының саяси белсенділігіне сақтықпен қарайды. «Осындай жағдайда жоғалған Шамсиддиновтың әрекеті тым күдікті. Себебі ол тек оппозициямен байланысып қана қоймай, тәжік үкіметін Өзбекстанмен қарым-қатынасты жақсартуға үндеп келді. Қазіргі Тәжікстан қоғамында мұндай пікір айтқан адамдардың басына бұлт үйірілуі таңсық емес» деп жазады Jamestown.
XS
SM
MD
LG