Accessibility links

"Арқанкерген оқиғасының жалғыз куәсі". Челах не айтқысы келеді? Істі қайта қарау мүмкін бе?


Арқанкерген оқиғасы бойынша айып тағылған шекарашы сарбаз Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл
Арқанкерген оқиғасы бойынша айып тағылған шекарашы сарбаз Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл

Қостанай облысында өмірлік түрме жазасын өтеп жатқан Владислав Челах өз ісін қайта қарауды өтініп президентке хат жазды. Ол 2012 жылы мамырда 15 адамды өлтірмегенін, шекара бекетіне шабуыл жасалғанын айтады. Құқық қорғаушы Қазақстан билігі Челахтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адвокат беріп, хаты бойынша тексеріс жүргізуі керек деп есептейді. Бас прокуратура Челахтан жауап алатынын мәлімдеді.

ЧЕЛАХ: "ҮМІТ АЗ, БІРАҚ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРУГЕ ӘЗІРМІН"

"Мені азаптау, алдау және психотроп заттар көмегімен алынған түсініктемеге сүйеніп соттады. Судья қылмыстық процесті әділдік орнатуға ұқсамайтын әскери-сот тақырыбындағы көркемдік қызметке айналдырып жіберді". Өмір бойына түрме жазасына кесілген бұрынғы шекарашы, 30 жастағы Владислав Челах өзіне шығарылған үкімді осылай сипаттайды.

15 адамды өлтірген деген айыппен өмірлік түрме жазасына кесілген Владислав Челах он жылдан кейін президентке хат жазып, Арқанкерген шекара бекетінде не болғанын айтуға дайын екенін мәлімдеген. Челахтың 2022 жылы желтоқсанда жазған хаты
15 адамды өлтірген деген айыппен өмірлік түрме жазасына кесілген Владислав Челах он жылдан кейін президентке хат жазып, Арқанкерген шекара бекетінде не болғанын айтуға дайын екенін мәлімдеген. Челахтың 2022 жылы желтоқсанда жазған хаты

Челах 20 жасында шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен түрмеге жабылған. Ол жазасын Қостанай облысындағы №39 мекемеде өтеп жатыр.

Челахтың туыстары түрмеден келген хатты Азаттық тілшісіне көрсетіп, жариялауды өтінді. Тұтқын хатында өтініш-шағымын сот немесе прокуратура қарайды дегеннен әлдеқашан күдер үзгенін жазады. Бірақ оқиғаның жалғыз куәсі ретінде түсініктеме беруге дайын екенін, бұрын шекараға шабуыл жасалды деп, айғақ-дәлел ұсынғаны үшін азапталып, үндемеуге мәжбүр болғанын айтады.

Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хатында "Тергеуші мені және жақындарымды өлтіремін деп қорқытты, психотроп заттар қолданды. Түсініктемемді тіркемей, мені шындықты жасыруға мәжбүрледі. Қайғылы жайттың жай-жапсары сол күйі ашылмай қалды. Сізден көп нәрсе сұрамаймын, бар болғаны сөзіме құлақ асып, болған оқиғаны баяндауға мүмкіндік беріңіз. Бұл үшін адал әрі тәуелсіз тергеушілер керек. Іс материалдарымен танысуыма мүмкіндік берсе, жалған дәлелдерді көрсетер едім. Бәрі қалай болғанын айтып бергім келеді, түсініктеме беруге дайынмын" деп жазған.

Владислав Челахтың атасы мен әжесі. Қарағанды, 2022 жылдың желтоқсан айы
Владислав Челахтың атасы мен әжесі. Қарағанды, 2022 жылдың желтоқсан айы

Челах әрқайсысы 250 беттен тұратын 56 томдық қылмыстық іс материалдарымен толық таныса алмаған. Ол сот қорытындысы шындыққа сай келмейтінін айтып, "Арқанкерген ісі" бойынша тергеу процесі қайта басталғанын қалайды.

"Адамдар істемеген қылмысы үшін түрмеде отырған мемлекетте әділдік болуы мүмкін бе? Бәрі құпия қалды. Маған іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермеді. Қоқан-лоқы көрсетіп, құжаттарға қол қойғызды. Арада қанша жыл өтсе де, қайғылы оқиғаның жай-жапсарын баяндап, шындықты ашуға дайынмын. Кінәлілер жауапқа тартылуы керек" деп жазады Владислав Челах.

Оның айтуынша, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті шағымын қарап, Қазақстан билігінен тұтқынды тиімді құқықтық қорғау құралдарымен қамтамасыз етуді талап еткен. Бірақ Челахқа құқықтық қолдау көрсетілмеген.

ЧЕЛАХТЫҢ ТУЫСТАРЫ: "НЕ БОЛҒАНЫН ХАТҚА ЖАЗА АЛМАЙДЫ"

Тұтқынның атасы Владимир Челах Азаттық тілшісіне немересі шындықты айтуға неге дәл қазір бел буғанын былай түсіндірді:

– 10 жыл бойы мемлекеттік органдардың бәріне хат жазып шықты. Бірақ үкімет пен прокуратурадан еш көмек болмады. Олар тек хатыңызды алдық деген құрғақ жауап жіберумен ғана шектеледі. Сондықтан хат жазып, қоғам назарын аударуға бел буды. Бұрын бұлай жасауға қорқатын. Өйткені камерада "алдыңғы түсініктемеңді жоққа шығарсаң, қорлық көресің, жақындарыңа кесірің тиеді" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Қазір сөйлейтін уақыт келді. Әйтпесе бұл іс алға баспайды. Билік ауысып, бұрынғы президент орнынан кеткеннен кейін түрмедегі қысым азайып, үміт пайда болды, – дейді Владимир Челах.

Челахтың туыстары заңсыз айыптау үкіміне назар аудару үшін кез келген мүмкіндікті пайдалануға тырысып жатқанын айтады.

– Неге өзінен түсініктеме алуды өтініп отыр? Өйткені не болғанын хатқа жаза алмайды, алдын-ала айтса, бұл деректер өзіне қарсы қолданылады деп қорқады. Немерем бәрін айтуға, барлық орынды көрсетуге дайын, – дейді Челахтың атасы.

Владимир Челахтың айтуынша, 19 жастағы Владиславқа қоқан-лоқы көрсетіп, психотроп заттар беріп, кінәні өз мойнына алуға мәжбүрлеген.

– Оны нағыз қылмыскерлерді табу үшін кінәні өз мойныңа ала тұр деп көндіруге тырысқан. Бірақ бұл 10 жылға созылып кетті. Оқиға орнынан шетелдік қарудан атылған оқ-дәрі табылды. Бұл шекараға жалдамалы жауынгерлер шабуыл жасағанын, нағыз шайқас болғанын көрсетеді. Влад қашқан кезде жартас түбіне тығылып, аман қалған. Жергілікті тұрғындар қайғылы оқиға болғанға дейін ауыл ішінде сақалды адамдар жүргенін, халықтан нан-су сұрағанын айтқан. Шабуылға солардың қатысы болуы мүмкін. "Арқанкерген оқиғасынан" кейін президент Назарбаев теракт жасалды деп мәлімдеді. Влад табылған соң, президент пікірін өзгертті. Олар кінәнің бәрін Владиславтың мойнына арта салды, – дейді Владимир Челах.

Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған алты беттен тұратын хатта 2012 жылы Арқанкерген шекара бекетінде не болғанын айтып беруге дайын екенін жазған. 2022 жылдың желтоқсан айы
Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған алты беттен тұратын хатта 2012 жылы Арқанкерген шекара бекетінде не болғанын айтып беруге дайын екенін жазған. 2022 жылдың желтоқсан айы

Владислав Челахтың анасы (қазір Ресейде тұрады) да Қазақстан мен Ресейдегі органдарға бірнеше рет хат жазған. Редакцияның қолында оның 2022 жылы күзде Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазған хаты бар. Анасына "хатты тұтқынның өзі немесе оның қорғаушысы жазып, осыған дейінгі сот шешімдерін қоса тіркеуі керек" деген жауап келген.

– 11 жылдан бері жазықсыз түрмеде отыр. Өзіміз де, немерем де қанша хат жаздық, бірақ ешкім істің ақ-қарасын ажыратқысы келмейді. Президент пен прокуратура бұл іске назар аударғанын қалаймыз. Ар-ождандары оянсын, – дейді тұтқынның әжесі Елизавета Челах.

Владислав Челахтың әжесі Азаттық тілшісін шығарып салып тұрып, "іс бұрынғы президент толықтай биліктен кеткеннен кейін ғана қайта қаралатын шығар" деді.

БИЛІК ЧЕЛАХТЫҢ ХАТЫНА ҚАНДАЙ РЕАКЦИЯ БІЛДІРДІ?

Қазақстан бас прокуратурасы Владислав Челахтың хатын алғанын растады.

– Бас прокуратураға Челахтың заңсыз қамалғаны туралы хаты түсті. Әскери соттан қылмыстық іс материалдарын сұраттық. Материалдар келгеннен кейін заңмен белгіленген мерзім ішінде тұтқынның сөзін тексереміз, – деді Бас прокуратурадағы 2-қызмет басшысының орынбасары Радымхан Дубаева.

Азаттық Жоғарғы сотқа да сауалхат жолдап, Челахтың мәлімдемесіне байланысты пікір сұраған.

"Жоғарғы сот өз позициясын қылмыстық істі қарағаннан кейін ғана айтады. Тұтқын сот актілерімен келіспеген жағдайда Қылмыстық-процестік кодекстің 484-бабына сәйкес, Бас прокуратураға өтініш беріп, қарсылық білдіре алады" деп жауап берді Жоғарғы сот.

Жоғарғы сот тұтқынның кінәсіздігі туралы тұжырымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті шығарған шешімді қарағанын хабарлады. Челах Жоғарғы сотқа жазған сот актілерін қайта қарау туралы өтінішінде комитеттің шешімін орындауды өтінген еді. Жоғарғы сот Азаттыққа 2013 жылдан бастап Владислав Челах, оның адвокаты мен туыстары жазған шағымдар мен өтініштер хронологиясын жіберді.

Жоғарғы сот дерегінше, әскери соттың апелляциялық инстанциясы 2013 жылы үкімді өзгертпеген, ал кассациялық сот алқасы сот актілерін күшінде қалдырған. Дәл сол жылы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөнінде бақылау жүргізумен айналысатын сот алқасы адвокат Серік Сәрсеновтің үкімді қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Кейінірек Челахтың анасының да өтінішін өзіне қайтарған. Сот алқасы мұны "сіз қылмыстық іс бойынша процестің қатысушысы емессіз" деп түсіндірген. Сот анасының ұлына шығарылған сот үкімі мен апелляциялық қаулыға қарсы шағым беруге құқығы жоқ деп тапқан.

2014 жылы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі бақылаушы сот алқасы тұтқынның тағы бір өтінішін қарап, сот актілерін өзгеріссіз қалдырып, ал Челахтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.

2019 жылы қаңтарда Жоғарғы сот алқасының қаулысымен Челахқа байланысты сот актілері өзгермейтін болды. 2022 жылы наурызда тұтқынның сот актілерімен келіспейтіні жөніндегі шағымы қаралмай, кері қайтарылды. Сот алқасы Жоғарғы соттың Челах ісін бұрын қайта қарап шыққанын себеп қылған.

Сот инстанцияларына жазылған өтініштермен қатар, Челах пен оның жақындары Бас прокуратура мен бұрынғы және қазіргі президент әкімшілігіне кезекпен хат жаудырған. Бірақ барлық мемлекеттік мекеме хатты алғаны жайлы қысқа жауаппен ғана шектелген.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 2022 жылы желтоқсанда Теміртауда өткен брифингте журналистер сұрағына жауап беріп, прокурорлар Челахтың түсініктемесін тексеруі керегін айтқан.

– Шынымен істі жаңа қырынан ашатын тың фактілер анықталса, алдын-ала тергеу бастаймыз, – деген ІІМ министрі.

Челахтың отбасы мүшелерінің суреттері
Челахтың отбасы мүшелерінің суреттері

"БАСТЫ СҰРАҚ: ЧЕЛАХ НЕ АЙТАДЫ? ОЛ НЕГЕ ҰЗАҚ УАҚЫТ ҮНСІЗ БОЛДЫ?"

Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро Владислав Челахтың ісін бақылап, оның адвокаты, бірнеше жыл бұрын қайтыс болған Серік Сәрсеновпен бірге жұмыс істеген. Бюро өкілдері Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, іске қатысы бар жаңа деректер анықталса тергеуді қайта бастауға болатынын, Челахтың барлық құқығы сақталуы керегін айтады.

– Қазір басты мәселе – Челахтың не айтатынында болып отыр. Қоғам шындықты білгісі келеді. Бұл қоғамды дүр сілкіндірген іс болды, қаншама адам қаза тапты. Мүмкін оқиғаның мән-жайы дұрыс анықталмаған шығар? – дейді адам құқықтары жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис.

Жовтистің сөзінше, Челах хатында өзін қайта тергеуді, болған оқиғаның жай-жапсарын айтуға мүмкіндік беруді өтініп отырғандықтан, билік тұтқынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған құқықтық көмек көрсетіп, тергеуге дейінгі тексеріс жүргізуі керек.

– Қазір оған адвокат қажет. Адвокат Челахпен кездесіп, оның не айтқысы келетінін, істі қайта тергеуге ілік болатын қандай жаңа фактілер барын анықтауы тиіс. Құқық қорғау органдары немесе прокуратура қызметкерлері де кездесіп көрсе болады. Тоқаевқа хат жазу – тергеуге дейінгі тексеріс жүргізуге себеп. Челахтың түсініктемесі адвокат Серік Сәрсенов қойған, осыған дейінгі тергеу жауап бере алмаған сұрақтардың сырын ашып, оқиғаның басқа нұсқасын ұсынатын болса, қоғам да, мемлекет те бұған мүдделі болуы керек, – дейді Евгений Жовтис.

Кейінгі 10 жылда қоғамда Арқанкергенде болған қайғылы оқиға жөнінде жауынгерлер арасындағы келіспеушілік, шекара бекетіне шабуыл, контрабандистер мен террористік топтың іс-әрекеті сияқты неше түрлі болжам айтылды. "Арқанкерген оқиғасын" күш құрылымдары арасындағы тартыспен байланыстырғандар да болды. Бейресми деректер бойынша, ол кезде (28 мамыр – шекарашы күні) шекара бекетіне жақын маңдағы аңшылар үйінде жоғары шенді шенеуніктер демалып жатқан. Олардың арасында кикілжің туып, аяғын қантөгіспен аяқталған болуы мүмкін деген долбар да бар.

– Негізгі мәселе шекарашылар қазасымен байланысты. Одан бері көп уақыт өтті. Челах қолында кей деректер, тергеу нұсқасына, тиісінше сот үкіміне күмән келтіретін жанама дәлелдер барын айтса, мемлекет оның сөзін тексеріп, анықталған деректерді қоғамға көрсетуі керек. Челах неге жылдар бойы үндемеді? Бұл "Жаңа Қазақстанмен", Назарбаевтың немесе бұрын оған шындықты айтуға кедергі болған басқа адамның кетуімен байланысты ма? Дәл сол кездегідей сұрақ көп, жауап аз, – дейді құқық қорғаушы.

2012 жылғы 28 мамырда Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекарадағы Арқанкерген бекетінде 15 адам – 14 әскери қызметкер мен жақын маңдағы аңшылық шаруашылығының инспекторы өлтірілді. Қылмысқа Қарағандының тумасы, әскерде міндетті азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгер Владислав Челах кінәлі деп танылды. Ол 2013 жылдың наурызынан бастап өмірлік түрме жазасын өтеп жатыр.

Жауынгер Денис Рей мен Мейірхан Именовтың сүйегі сол күйі табылмаған. Тергеу жауынгерлердің түр-тұлғасын анықтау мүмкін болмағанын айтып, оларды із-түзсіз жоғалды деп жариялаған. Денис Рейдің анасы ақпарат құралдарына ешбір сараптама шекара бекетінен табылған мәйіттер арасында ұлының сүйегі барын анықтай алмағанын айтқан. Екі жылдан кейін сот шешімімен Рей "Арқанкерген оқиғасында" қаза тапқан адамдар тізіміне қосылды.

2014 жылы Рейдің анасы мен марқұмдардың туыстары Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара қызметін, қаржы министрлігін сотқа беріп, моральдық шығын төлеуді талап етті. Бірақ олар сотта жеңіліп қалды.

2016 жылы сот Денис Рейдің анасының ҰҚК мен Бас прокуратурадан моральдық шығын төлемін өндіріп беруді сұраған талабын қанағаттандырмады.

Мақала дайын болған кезде Владислав Челахтың туыстары бас прокуратурадан жауап алғанын хабарлады. Онда "сотталушы Челахтан жаңа жағдайға байланысты жауап алынады" делінген. Владиславтың атасы Азаттық тілшісіне президентке хат жазғаннан кейін түрмедегі немересіне прокурорлар барып сөйлескенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG