Accessibility links

25 жыл толған мәртебе. Түркіменстан "бейтараптықтан" пайда көрді ме?


 Түркіменстанның бірінші президент Сапармұрат Ниязовтың тұсында салынған 95 метрлік Бейтараптық аркасы. Ашғабад.
Түркіменстанның бірінші президент Сапармұрат Ниязовтың тұсында салынған 95 метрлік Бейтараптық аркасы. Ашғабад.

12 желтоқсанда БҰҰ-ның Түркіменстанға бейтараптық мәртебесін бергеніне 25 жыл толды. БҰҰ үшін әдеттегі ресми шараның бірі саналған шешімді Түркіменстан билігі әлі күнге "маңызды жетістік" деп бағалайды. Одан бері ширек ғасыр өтсе де, Түркіменстанның бейтараптық мәртебесінен қандай пайда көргені белгісіз.

12 желтоқсан Түркіменстанда бейтараптық күні деп белгіленген. Биыл БҰҰ Орталық Азиядағы авторитар елді нейтрал мемлекет деп танығанына 25 жыл толды.

Түркіменстанның ресми тұлғалары, әсіресе президент Гурбангулы Бердымұхамедов "позитивті бейтараптық" деген терминді қолданғанды ұнатады және бұл ұғымның Түркіменстан үшін маңызы зор.

Бейтараптық ұғымы заңды түрде бекітілген: Конституцияның 2-бабында "Түркіменстанның тұрақты бейтараптығы елдің ұлттық және сыртқы саясатының негізі саналады" деп жазылған. Ал 68-бапта "Түркіменстан президенті – мемлекет пен атқарушы биліктің басшысы, мемлекеттік тәуелсіздік пен тұрақты бейтараптық мәртебесінің кепілі саналатын құзыреті жоғары тұлға …" деп көрсетілген.

Ел астанасы Ашхабадта бірінші президент Сапармұрат Ниязовтың тұсында салынған 95 метрлік Бейтараптық аркасы бар. Арканың төбесіне Ниязовтың күнге қарап қозғалып тұратын, алтыннан жасалған мүсіні қойылған.

Ниязов тіпті ай атауларын өзгертіп, желтоқсанды "битараплык" (түрікмен тілінен аударғанда "бейтараптық" деген мағынаны береді) деп атауды ұсынған.

"БЕЙТАРАПТЫҚ" МӘРТЕБЕСІ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

Ел үкіметі БҰҰ-ның Түркіменстанға бейтараптық мәртебесін беру туралы шешімін жоғары бағалауды әдетке айналдырғанымен, бүкіләлемдік ұйымға мұндай шешім қабылдау соншалық қиын болған жоқ.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1995 жылы 12 желтоқсанда өткен 50-сессиясының (90-пленарлық отырысы) ресми хаттамасына сәйкес, жиында қарусыздану туралы келісім, ядролық қарудың кей түрін өндіруге және сынақтан өткізуге тыйым салу, биологиялық қару өндіру және сақтау тақырыптарын қосқанда 81 мәселе қаралған.

Күн тәртібіндегі ең соңғы тақырып Түркіменстанның өзін бейтарап мемлекет деп тану туралы өтініші болған.

Бас Ассамблея президенті оқыған мәтінде "Ассамблея қазір екі резолюция жобасы бойынша (екіншісі Балқан мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қатысты) шешім қабылдайды. [Бейтараптық туралы] A резолюциясының жобасын Бірінші комитет дауыс бермей қабылдаған. Ассамблея да осы шешімге қосыла ма? A резолюциясының жобасы қабылданды [жобаны жиынға қатысып отырған 80 мемлекеттің 50-і қолдаған]" делінген.

Бар болғаны – осы.

Кейінгі 25 жылда БҰҰ-ның бейтараптық туралы асығыс қабылдаған шешімі Түркіменстанның ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі элементке айналды.

БҰЛ ШЫН МӘНІНДЕ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Дөп басып айту қиын, бірақ қысқа жауабы мынадай: мұның аса үлкен мәні жоқ.

Ниязов бейтараптық мәртебесі Түркіменстанды өзара жауласқан тараптардың кездесіп, ортақ келісімге келетін орынға айналдырады деп үміттенді.

Бейтараптықтың алғашқы бес жылында Түркіменстан шынымен осындай диалог алаңы болды. Тәжікстан мен Ауғанстандағы азаматтық соғысқа қатысып жатқан тараптар Түркіменстанда бас қосып, келіссөз жүргізді.

Бейтараптық аркасы.
Бейтараптық аркасы.

Бірақ Түркіменстанның Ниязов айтқандай "бейбітшілік палауын" ұсынатын орынға айналу туралы ұсынысы кейінгі жиырма жылда елеусіз қалды.

Түркіменстанның ресми тұлғалары әртүрлі мемлекет өкілдеріне бірнеше рет шақырту да жіберген. Кейінгі кезде Ауғанстан мәселесі бойынша бейбіт келіссөздер Түркіменстанда өтеді деп күтілген. Бірақ бұл келіссөздер қазір Дохада өтіп жатыр.

ОҚШАУЛАНУҒА ӘКЕЛГЕН БЕЙТАРАПТЫҚ

Ел үкіметі бейтараптықты пайдаланып, көпжақты ұйымдарға, оның ішінде қауіпсіздік одақтарына кірмей, Түркіменстанды сыртқы әлемнен оқшаулап тастаған.

Ашхабад билігінің оқшаулау саясатының салдарынан халық әлемде болып жатқан оқиғалар туралы толық ақпарат ала алмайды. Ішкі саясат туралы жаңалықтар халыққа оптимистік сипатта, әбден сұрыптаудан өткеннен кейін бір-ақ жетеді. Ел азаматтары күнделікті өмірде мемлекеттің өтірігіне куә болып жүрсе де, биліктің бақылауындағы басылымдардан "ғажайыптар елі" туралы материалдар оқиды.

Бейтараптық Түркіменстанды шынайы өмірден қорғап қала алған жоқ. Үкімет БҰҰ-ның Түркіменстанға бейтараптық мәртебесін беру туралы шешіміне 25 жыл толғанын тойлауға дайындалып жатқанда, ел экономикасы тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері болмаған қиын жағдайға түсіп отыр.

Елде азық-түлік пен ақша жетіспейді. Коронавирус пандемиясына байланысты денсаулық сақтау саласында күрделі дағдарыс басталған. Ал үкімет елде коронавирус жұққан бір ғана науқас тіркелгенін айтудан жалықпайды.

Түркіменстанның Ауғанстанмен шекарасы бұрынғыдай қауіпсіз емес. Кейінгі жылдары Ауғанстанның солтүстігіндегі әскери топтардың шабуылы кезінде ондаған түрікмен жауынгері қаза тапқан.

Мемлекеттік субъектіге жатпайтын әскери топтар Түркіменстанның бейтараптық мәртебесін құрметтемейді. Кей деректерде олардың түрікмен жауынгерлерін қару-жарағын алу үшін өлтіргені айтылады.

Аталған мәселелердің ешқайсысы жақын уақытта шешілмейтін сияқты. Шын мәнінде, бұл мәселелер алдағы уақытта одан әрі ушығуы мүмкін. Өйткені "позитивті бейтараптықтың" арқасында қазір Түркіменстанның қиын шақта қол ұшын созатын бірде-бір одақтасы жоқ.

Қазір, ширек ғасыр өткеннен кейін, Түркіменстанға қарап, мемлекет пен оның халқы бейтараптықтан қандай пайда тапқанын көру өте қиын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG