Accessibility links

Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.
Ресейдің Белгород қаласы маңында мұнай қоймасы өртеніп жатыр. 1 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 28 наурыз - 3 сәуір аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

2 сәуір – Украинадағы соғыстың 38-күні. Негізгі оқиғалар:

  • Киев облысында Украина әскері Ресей армиясы тастап кеткен елді мекендерді бақылауына алып жатыр.
  • Жұма, 1 сәуірде Ресейдің Белгород қаласы маңындағы мұнай қоймасы атқылауға ұшырады. Ешкім зардап шекпеген. Ресей тарабының айтуынша, қойманы Ресей аумағына кірген украиналық екі тікұшақ атқылаған. Украина қорғаныс министрлігі оқиғаға қатысы жоғын айтты.
  • Бішкекте милиция Ресей басқыншылығын айыптаған наразыларды ұстады.
  • Украина бас прокуратурасы соғыс басталғалы бері елде 158 бала қаза болғанын, 254 бала жаралғанын айтты.
  • АҚШ әкімшілігі НАТО бойынша одақтастарымен Украинаға совет танкілерін жіберу мәселесін талқылап жатыр.
  • Ресей әскері Чернобыль АЭС аумағынан шығып, Ресейдің Белгород облысына жол тартты. Украина күштері орыс әскері қайта шабуылға дайындалу үшін топтасып жатыр деп санайды.
  • Запорожье облысында тараптар тұтқындармен алмасты.
  • Украина Жоғарғы радасы басқыншылықты қолдаған ресейліктердің мүлкін мемлекет меншігіне қайтаруды көздейтін заң қабылдады.
  • АҚШ сауда министрлігі Ресей басқыншылығына байланысты Ресей мен Беларусьтің 120 ұйымына экспорттық санкция салады.
  • ЮНЕСКО Украинадағы соғыста әлем мәдениеті үшін маңызды кемінде 53 мәдени нысан бүлінді не қирады деп мәлімдеді.

БҰҰ Ресей мен Украинаны тұтқындарды қорлау іс-әрекетін тексеруге шақырды

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер.
БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер.

БҰҰ Ресей мен Украина билік орындарын тұтқындарды қорлау оқиғаларын тексеріп, тергеу жүргізуге үндеді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығы ахуалына мониторинг жүргізу жөніндегі миссиясының басшысы Матильда Богнер ұйым өкілдері қарсы екі тарап – Ресей мен Украина қолға түсірген тұтқындар туралы видеоларды көргенін айтты. Ондағы жайттар "алаңдаушылық туғызбай қоймайды" деген Богнердің сөзінше, қазір БҰҰ осы жазбаларды тексеріп жатыр. "Кез-келген қорлау іс-әрекеті дереу доғарылуы керек" деп мәлімдеді БҰҰ өкілі. Ол Украина мен Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқық бойынша міндеттемелері барын еске салды.

Өткен демалыс күндері әлеуметтік желілерде "тұтқынға түскен ресейліктерді азаптап жатқан украин әскерилері" деп сипатталған, қайда, қашан түсірілгені белгісіз видеолар жарияланған. Тұтқындардан жауап алып тұрған адамдар олардың басына қап кигізіп, бірнешеуін аяғынан атады. Украина қөарулы күштері басшылығы бұл видеоларды "құрастырылған жазба" деп атады. Украина президенті кеңсесі жетекшісінің кеңесшісі Алексей Арестович сол күні Киевтің бұл мәселеге "мән беріп қарайтынын" және дереу тергеу жүргізетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Халықаралық Қызыл крест ұйымы президенті Петер Маурер Ресей мен Украинаны тұтқындарға лайықты қарауға үндеген. Ол әскери тұтқындар мен азаматтық тұлғалар бейнеленген фото және видео материалдарды таратпауға шақырған. Дәл сондай үндеуді Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да жасаған.

Украинада соғыс басталғалы бері қолға түскен ресейлік тұтқындардың нақты саны белгісіз. Ресей қорғаныс министрлігі тұтқынға түскендер барын мойындағанымен, олардың тіпті шамамен болсын, қанша адам екенін айтпай отыр. Бұған дейін Украина премьер-министрінің орынбасары Ирина Верещук ТСН телеарнасына берген сұхбатында Украина 562 ресейлікті тұтқындағанын мәлімдеген. Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Татьяна Москалькова Ресей 500-ден астам украиндық тұтқынды алмастыруға әзір деп мәлімдеген.

Министр Тілеуберді Қазақстанды "денацификациялауға" үндеген Мәскеу думасы депутатына жауап қатпайтынын айтты

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеу қалалық дума депутатының "Қазақстанды да денацификациялау керек" деген мәлімдемесіне пікірін айтты.

"Депутаттың мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Ресейге ресми түрде нота жібере ме?" деген сұраққа Тілеуберді министрлік тек "федералдық деңгейдегі мәлімдемелерге" ғана реакция білдіреді деді.

– Айтылған әрбір мәлімдемені жеке-жеке қарастыру керек және сол деңгейде жауап беру керек. Мысалы, бұған дейін Зюгановтың айтқанына (Ресей мемлекеттік думасының депутаты - ред.) біздің депутаттар бағасын берді. Ал мына мәлімдеме Мәскеу қалалық кеңесінің депутатынікі. Ол – федералдық деңгей емес, – деді министр Мұхтар Тілеуберді.

Оның сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігі "федералдық деңгейде айтылған мәлімдемелерге бұған дейін жауап берген".

Бірнеше күн бұрын Мәскеу қалалық думасы депутаты Сергей Савостьянов Украинадағы сияқты Қазақстанды да "денацификациялау" және "демилитаризациялауға" шақырған.

"Украинаны демилитаризациялау мен денацификациялау Украина, Ресей және тұтас Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Процесс толымды болу үшін денацификация мен демилитаризациялау аймағына Украинадан бөлек, Балтық елдері, Польша, Молдова мен Қазақстанды да қосқан жөн болады деп ойлаймын" деп жазылған Савостьянов қол қойған құжатта. Оның жазбаша ұсынысынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтірген.

Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірді. Путин Украинаны "денацификациялау" және "демилитаризациялау" мақсатында көрші елге "арнаулы әскери операция" бастағанын мәлімдеген. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден Украинадан әскерін әкетуін талап еткен.

Ресей шабуылынан Харьков қаласындағы тарихи ескерткіш бүлінді

Украина мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі Ресей қарулы күштері Харьков қаласын атқылап, салдарынан Харьков облысындағы сәулет ескерткіші – 1887 жылы салынған бұрынғы өрт сөндіру бөлімінің ғимараты бүлінгенін хабарлады. Ол қала мен құтқарушылар үшін тарихи маңызы бар құнды ескерткіш болатын.

Байден: АҚШ-тың Ресей басшылығын ауыстырайын деген жоспары жоқ

АҚШ президенті Джо Байден. Варшава, Польша, 26 наурыз 2022 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден. Варшава, Польша, 26 наурыз 2022 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден "Путин билікте қала алмайды" деген сөзіне түсініктеме берді. Байден ол сөзі АҚШ-тың ресми саяси позициясын білдірмейтінін, жеке өзінің пікірі екенін айтты.

"Еш сөзімді қайтып алмаймын. Путиннің қылығы мен іс-әрекетіне деген моральдық ашуымды білдірдім. Мен ол кезде де, қазір де саясаттағы өзгеріс туралы айтқан жоқпын. Ол сөзім үшін кешірім сұрамаймын" деді Байден.

26 наурызда Варшавада сөйлеген кезде Джо Байден Путин билікте қала алмайды деп мәлімдеген. Одан кейін Ақ үй президент Байден Ресейдегі режимді ауыстыруды емес, Путиннің көрші елдерді бақылауын меңзеді деп түсіндірді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ-тың ресми саясаты өзгермейтінін, Вашингтонның Ресейдегі я кез-келген басқа елдегі режимді өзгерту стратегиясы жоғын мәлімдеген.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG