Accessibility links

Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.
Львов қаласына жасалған шабуыл. 26 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 21-27 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

18:27 23.3.2022

Ресей әскерінің тығырыққа тірелгені жайлы жиі айтыла бастады

Германия канцлері Олаф Шольц Ресейдің Украинадағы басқыншылығы тығырыққа тап болды деп мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін, 23 наурызда Бундестагтағы мәлімдемесінде айтты.

Шольц Ресей президенті Путин "шындықты мойындап, соғысты тоқтатып, қақтығысты бейбіт жолмен шешуі тиіс" деді. Германия канцлері соғыс Украинаны ғана емес Ресейдің "болашағын" да жояды деп мәлімдеді.

Ал АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Джон Кирби 22 наурыздағы брифингте "Украиналықтар өте мықты қорғанып жатыр. Орыстар алдарына қойған стратегиялық мақсаттарына жете алмады, жетсе де өте көп шығынға ұшырап, жетті" деді. Оның сөзінше, қазір Украина әскерилері шабуылға көшкен.

Украина әскери штабы кеше, 22 наурызда "Ресей әскерінің үш күнге жететін тамағы, қаруы, жанармайы қалды" деп мәлімдеген.

Ал Украина президенті Зеленский Украина әскері Ресей басқыншылығын бәсеңдетті дей келе "Ресейдің ешқандай ультиматумын қабылдамаймыз" деген еді.

Ресей президенті Путин осыған дейін Украинадағы "арнайы операцияда" алға қойған мақсат орындалып жатыр деп бірнеше рет айтқан. Кремль Украинадағы соғысты соғыс деп атаудан бас тартып, "арнайы операция" деп келеді. Елде "соғыс" сөзін айтқандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

18:47 23.3.2022

Журналистер Шойгудың 12 күннен бері көрінбей кеткенін байқаған

Журналистер Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың 12 күннен бері жұрт көзіне көрінбей кеткенін аңғарған. Бұған алдымен "Медиазона" журналисі Дмитрий Трещанин назар аударды.

Осыдан соң "Агентство" сайты Шойгуды "іздеп", оның ресейлік ақпарат агенттіктерінде соңғы рет 11 наурызда шыққанын жазды. Осы күні Шойгу Түркия сыртқы істер министрі Зулуси Акмармен сөйлескен және әскери госпитальға барып, Украинадағы қақтығыста жараланғандарға наградалар тапсырған еді.

18 наурызда Кремль сайты Шойгудың Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің жиынына қатысқанын жазды, бірақ жиыннан сурет я видео жарияланбады. Осы күні "Первый каналда" Шойгудың жараланғандарға награда тапсырғаны жайлы сюжет шыққан, бірақ видео кадрлары 11 наурыздағы видеомен сәйкес келеді.

11 наурыздан бастап Шойгу мен Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы қатысқан жиындар жайлы хабарланбады.

19:58 23.3.2022

Ресей президентінің тұрақты даму үшін халықаралық байланыстар жүргізу бойынша арнайы өкілі Анатолий Чубайс қызметінен бас тартып, Ресейден кетіп қалған. Бұл туралы тәуелсіз дереккөздеріне сілтеме жасап, Bloomberg сайты хабарлады. Дереккөздер "Чубайс Ресейдегі соғысты қолдамайтындықтан елден кетті" деген.

08:30 24.3.2022

Ұлыбритания Украинаға 6 мыңнан астам зымыран береді

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 23 наурызда Украинаға 6 мыңнан астам зымыран жіберетінін, оған қоса 33 млн доллар көлемінде қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді. НАТО мен "Үлкен жетіліктің" Брюссельдегі саммиті қарсаңында Джонсон Украинаға жіберетін зымырандардың арасында танк шабуылдарына төтеп беретін және бомбалайтын зымырандар барын айтты.

"Ұлыбритания одақтастарымен бірге Украинаның қорғанысын нығайтып, әскери және экономикалық тұрғыда қолдау мәселесін қарастырады. Ресей Украина қалалары мен елді мекендерін қиратып жатқанда қол қусырып отыра алмаймыз" деп жазылған мәлімдемеде.

Премьер-министр кеңсесінің мәліметіне қарағанда, Джонсон Брюссельдегі саммитте одақтастарын Мәскеу әрекетіне ширақ жауап беруге үндейді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG