Accessibility links

Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь. 17 наурыз 2022 жыл.

Соғыстың үшінші аптасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

19 наурыз. Украинадағы соғыста қазірге дейін болған оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз.

  • Ресей әскері Украинаның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызды портты қала Мариупольге кіргенін хабарлады.
  • Киев Мариуполь түбіндегі "Азовсталь" металлургия комбинатында шайқас жүріп жатқанын мәлімдеді.
  • Украина билігі 19 наурызда атқылауға ұшыраған қалалардан тұрғындарды эвакуациялауға арналған он гуманитарлық дәліз ашылатынын айтты.
  • Еуроодақ билігі санкцияға ілінген ірі ресейлік кәсіпкерлердің активтерін соғыс аяқталған соң Украинаны қалпына келтіруге жұмсау мүмкіндігін талқылап жатыр деп хабарлады Bloomberg.
  • Сенбі күні Ресейде соғысқа қарсы акциялар өтіп, Санкт-Петербургте кемінде бес адам ұсталған. Полиция тәуелсіз басылым тілшілерінің үйіне барған.
  • Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей газынан бас тартады.
  • АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Ресейдің Украинаға басқыншылығын талқылады. Байден Сиге Қытай Ресейге көмектессе, салдары ауыр болатынын ескертті.
  • БҰҰ: Соғыс басталғалы Украинада кемі 816 бейбіт тұрғын қаза болды. Ұйым құрбандар саны бұдан да көп деп есептейді.
  • Литва, Латвия, Эстония және Болгария ресейлік дипломаттарды елден шығарады.
  • Киев билігі соғыс басталғалы қалада 222 адам қаза тауып, 889 адам жараланды деп мәлімдеді.
  • Мариуполь қаласындағы драма театрға шабуылдан 1300 адам зардап шеккен. Құтқарушылар бүлінген театрда қалып қойған 130 адамды құтқарды.
  • Ресей билігі "Қырымның Ресей құрамына қосылғанын" атап өтті. Мәскеудегі "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқаны айтылды. Бұл шараға Путин келіп, сөз сөйледі.
13:43 14.3.2022

Ұлыбритания Украинаға электр энергиясын өндіретін генераторлар берді

Ұлыбритания Украинаға 500-ден астам тасымалдауға жеңіл генератор берді. Бұл туралы дүйсенбі, 14 наурызда Ұлыбританияның бизнес, энергетика және өнеркәсіп стратегиясы жөніндегі мемлекеттік хатшысы Кваси Квартенг хабарлады.

Хатшының сөзінше, Украинаға берілетін генераторлар 20 мың үйді жарықпен қамтамасыз ете алады.

14:10 14.3.2022

Германия канцлері Анкарада Түркия президентімен кездеседі

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған дүйсенбі, 14 наурыз күні Анкарада Германия Канцлері Олаф Шольцпен кездесіп, келіссөз жүргізеді. Бұл туралы Түркия президентінің әкімшілігі хабарлады. Екі ел де Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырып келеді.

НАТО-ға мүше Түркия Ресеймен құрлықта да, Қара теңіз арқылы суда да шектеседі. Екі ел арасында сауда қатынасы да жолға қойылған. Анкара Ресейдің басқыншылық соғысын сынап, Украинаға қолдау білдірген, бірақ Мәскеуге қарсы санкцияларға қарсылық танытқан. Сөйте отырып, араағайындық қызметін ұсынған.

Украина билігі Түркия және Израиль елдерімен бітімгерлік ісі бойынша сөйлесіп жатқанын айтқан. 10 наурыз күні Анкарада Украина мен Ресей сыртқы істер министрлері Дмитрий Кулеба мен Сергей Лавров кездескен.

14:12 14.3.2022

Санаулы минутта Ресей мен Украина арасындағы тағы бір келіссөз өтеді

Бұл туралы Украинаның Ресеймен келіссөзіндегі делегациясының тұрақты мүшесі Михаил Подоляк хабарлады. Келіссөз видео форматында жүреді.

Кейінгі күндері Подоляк пен Ресей делегациясының мүшесі Леонид Слуцкий Ресей мен Украинаға мәмілеге келуге жақындап қалды деп мәлімдеп келеді.

14:25 14.3.2022

14 наурыз күні Украинада 9 гуманитарлық дәліз жұмыс істеуі керек. Оның үшеуі Луганск облысында, алтауы Киев облысында.

Сонымен қатар, Украина билігі құрсаудағы Мариуполь қаласына 100 тонна жүгі бар гуманитарлық жасақ бүгін жетіп қалады деп үміттеніп отыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG