Accessibility links

Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.
Мариуполь қаласының спутниктен түсірілген көрінісі. 12 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Киев маңында жараланды

Азаттықтың Украин редакциясының тілшісі Марьян Кушнир 11 наурызда таңертең Ресей шабуылы кезінде жарақаттанып, миы шайқалған. Тілшінің есту қабілеті жоғалған. Оқиғадан кейін таратқан видеосында тілші "Қайда екенімді білмеймін. Киев түбіндегі жағдай осылай. Бұл жақтан кетуге тырысамыз" деді ол. Ол денсаулығы қалпына келгеннен кейін қайта соғыстан ақпарат тарататынын айтты.

АҚШ Дмитрий Песковтың әйелі мен ересек балаларына санкция салды

АҚШ Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың әйелі мен оның ересек балаларына санкция салды. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс хабарлады.

Ол Ресей президенті Владимир Путин агрессиясын тоқтатпайынша шектеу шаралары үдей беретінін айтты.

"Ресей мемлекеттік думасының 12 мүшесіне санкция салып отырмыз. Олар Донецк және Луганск халық республикалары деп аталатын [сепаратистік құрылымдарды] мойындау процесіне жетекшілік еткен. Бұған қоса, Кремль өкілі Дмитрий Песковтың әйелі мен ересек балаларына санкция салынады" деді ол.

Песковтың өзі бұған дейін АҚШ пен Еуроодақтың санкциясына ілінген.

Дмитрий Песков.
Дмитрий Песков.

Песков ресейлік спортшы, мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Навкаға үйленген. Песковтың бес баласы бар: бұрынғы әйелі Екатерина Солоцинскаядан ұлы Николай (1990 жылы туған), Елизавета (1998 жылы туған), Мика (2004 жылы туған) және Дени (2008 жылы туған) туған. Ал Татьяна Навкадан Надежда атты қызы бар.

Forbes мәліметі бойынша, Татьяна Навка 2018 жылы 218 млн рубль ақша тапқан. Ал отбасының кірісі 231 млн рубльді құрайды.

Песковтың қызының компаниясы "Сперанса ДС" 2020 жылы шілдеде Visit Moscow тауар белгісін патенттеуге өтініш берген. Аталған компания 2017 жылы құрылған, бастапқыда "Артмак" деп аталған. 2020 жылы 30 сәуірде Елизавета Пескова "Артмактың" жалғыз иесі атанып, бірден компанияның атын өзгертті. Заңды тұлғалардың мемлекеттік реестріндегі ақпаратқа сәйкес, компания туризм, жарнама және қоғамдық пікірді зерттеумен айналысты.

BBC "Вагнер" тобының Украинамен соғысуға жалдамалы әскер жинап жатқанын хабарлады

"Вагнер" деп аталатын жеке әскери компания Украинамен соғысуға баратын жалдамалы қызметкерлерді жаппай жинай бастады. Бұл жөнінде британдық BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Бірнеше ай бұрын аталған әскери топ Ресейде туған азаматтардан бөлек ешкімді қабылдамаған. Тек азаматтардың сотталғаны, қарызы болуы немесе шетел паспортының болмауы қабылдауға кедергі келтірген. Ал қазір оған Қырым, Донбастағы жікшіл республика тұрғындары мен қарызы барларды да, бұрын топта жазаланған адамдарды да алуға даяр.

Жалдамалы әскер құрамына кірген бір солдат BBC-дің Орыс қызметіне ардагерлер чатында тараған хабарламаны жіберген. Ондағы ақпаратқа қарағанда чаттағыларды "серуенге шығып, шошқа майын жеуге" шақырған.

"Жұмыс таба алмай жүргендер болса – хабарласыңдар. Қандай да бір себеппен жұмыстан шығып қалғандар болса– хабарласыңдар" деп жазылған хабарламада. Азаттықтың Орыс қызметі көрген соған ұқсас тағы бір жазбада "фильтрдің алынып тасталғаны" жазылған.

BBC-дің дереккөзі, жуырда Украинамен шекарада болған жалдамалы қызметкер "Вагнердің" негізгі құрамы соғысқа әлі кіріспейтінін айтқан.

11 наурызда Ресей басшысы Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қорғаныс министрлігі Украинамен соғысқа "еріктілерді" тарта алады деп мәлімдеген. Қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір ғана Таяу Шығыстан Ресей жағында соғысу үшін 16 мың өтініш келіп түскенін хабарлаған.

Украинадағы соғыс. 11 наурызда не болды? Негізгі оқиғаларды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • АҚШ президенті Джо Байден Ресейге доллар банкноттарын жеткізуге шектеу қойды. Бұған дейін Еуропа одағы Ресейге еуро банкноттарын жіберуді шектеген.
  • АҚШ Ресейден араққа, бриллиант, икра алуға шектеу салды.
  • Пентагон есебінше, Ресей әскері Киевтен 15 шақырымда тұр. Олар Украина астанасына солтүстік-батыстан және шығыстан кіруі мүмкін.
  • Ресей әскерилері Донецк пен Мариуполь арасындағы Волноваха қаласын алдық деп мәлімдеді. Бұл Мариупольдегі жағдайды қиындатады.
  • БҰҰ дерегінше, соғыс басталғалы Украинадан 2,5 млн адам кеткен. 549 бейбіт адам қаза болған.
  • Ресей әскері Украинаның батысындағы Луцк, Ивано-Франковск, және Винница қаласын атқылады. Луцкте төрт адам қаза болғаны хабарланды.
  • Ресей президенті Владимир Путин Беларусь режимінің лидері Александр Лукашенкомен кездесуде Украинамен келіссөзде "алға жылжу бар" деді.
  • Мариуполь қаласының кеңесі телеграм каналында қалада 1582 адам қаза болғанын жазды. Қала әкімшілігінің мәліметінше, Мариуполь ресейлік әскерилердің қоршауында және бірнеше күннен бері шабуылға ұшырап жатыр. Қалаға гуманитарлық жүк, су, дәрі-дәрмек кіргізу мүмкін болмай тұр. Халық қаладан шыға алмай отыр.
  • Украина ресейлік RT телеарнасының және "Россия сегодня" ақпарат агенттігінің бас редакторы Маргарита Симоньянды сырттай қамауға алды. Енді Киев Симоньянға халықаралық іздеу жариялауға тырысады.
  • Ресей бас прокуратурасы соттан Meta компаниясын экстремистік деп тануды және осы компания иелік ететін Фейсбук және Инстаграм желісін Ресейде бұғаттауды сұрады. Ресей тарабы Meta иелік ететін WhatsApp бұғатталмайды дейді.
  • Инстаграм 14 наурыздан бастап Ресейде бұғатталады. Осы уақытқа дейін Ресейдегі қолданушылар фото-видеоларын басқа платформаға көшіріп үлгеруі тиіс. Ал ютуб Ресей билігі қаржыландыратын телеарналар мен сайттардың каналдарын бұғаттайды.
  • Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа Таяу Шығыстан "еріктілерді" қатыстыруға келісті. Ал Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Таяу Шығыстан Украинадағы соғысқа барғысы келетін 16 мың еріктіден өтініш түсті деп отыр. Бұл еріктілердің көбі – Сириядан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG