Accessibility links

"Азовсталь" комбинаты.
"Азовсталь" комбинаты.

Украинадағы соғыста 25 сәуір - 1 мамырда не болды?

БҰҰ бас хатшысы Украинадан гуманитарлық дәліз ашу бойынша арнайы топ құрылатынын мәлімдеді

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш бүгін, 26 сәуірде Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуден соң Украинада гуманитарлық дәліз ашу бойынша келіссөз жүргізетін байланыс тобы құрылатынын мәлімдеді. Гуттериштің сөзінше, бұл топқа БҰҰ, Украина және Ресей өкілдері кіреді, ал топтың жұмысын БҰҰ өкілдері үйлестіреді.

"Гуманитарлық дәліздер қауіпсіз болуы тиіс. Бейбіт тұрғындарды қауіпті аймақтан құтқару үшін барлық тарап гуманитарлық дәліз шартын сақтауы керек. Қақтығыс аймақтарында ашылатын гуманитарлық дәліздер шынымен қауіпсіз болуы үшін гуманитарлық сұрақтар бойынша байланыс тобын құруды ұсындым" деді ол.

БҰҰ бас хатшысы екі тарапты тағы да бейбіт келіссөздерге шақырды.

"Менің басты мақсатым – адамдардың өмірін және оларды қиындықтан құтқару. Ресей СІМ басшысы Лавров мырзамен ашық келіссөз жүргіздік. Ресейдің Украинаға басып кіруі БҰҰ қарарын бұзады. Бұл соғыс жылдам аяқталғаны Украина халқына да, Ресей халқына да және бүкіл әлемге де жақсы. Атысты тоқтатып, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз, бірақ бұл қазірге мүмкін болмай тұр. Қазір Донбасста соғыс жалғасып жатыр, әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Гуманитарлық құқықтар бұзылды деген, әскери қылмыс жасалуы мүмкін деген хабарларға алаңдаймын" деді ол.

Гуттериш брифингте "Бір анығы, Ресей аумағында қазір Украина әскері жоқ, бірақ Украина аумағында Ресей әскері жүр" деді. Ал Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Гуттериштің бұл сөзін "шын" деп растады.

БҰҰ бас хатшысы журналистердің "Ресей Украинада соғыс қылмысын жасап жатыр" деген күдікке қатысты сұрағына "мұны тәуелсіз тергеушілер тексеруі тиіс" деп жауап берді.

Гутерриш бүгін, 26 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин және осы елдің сырты істер министрі Лавровпен кездесу үшін Мәскеуге келген еді. Осы кездесуден соң БҰҰ бас хатшысы Украинаға барады деп жоспарланған.

Путин Гутерришке Ресей Украинамен келісуге бейіл екенін айтты

Ресей президенті Владимир Путин және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Ресей президенті Владимир Путин және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

6 сәуірде Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Шамамен бір сағатқа созылған келіссөздің басты тақырыбы Украинадағы жағдай болды.

Кездесу кезінде Владимир Путин Ресей Украинамен келісуге бейіл екенін және жағдайды дипломатиялық тұрғыда реттеуден бас тартпайтынын жеткізді. Ол Стамбулдағы келіссөздің сәтті өткенін атап өтті.

"Елеулі ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Украиналық әріптестеріміз қауіпсіздікке кепілдікті Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасы деген ұғыммен байланыстырған жоқ" деді Путин.

Стамбулдағы келіссөзден кейін Мәскеудің "арандатуға" ұшырағанын айтқан Ресей президенті бұдан соң бірнеше жүз адам қырылған Украинаның Буча қаласындағы қырғын туралы айтқан.

Путиннің айтуынша, дәл осы жағдай екі ел арасындағы келіссөздерге "бөгет" болған. Ресей басшысының сөзінше, Украина әуелі Донбасс пен Қырым мәселелерін ерекше бөлмей-ақ талқылауға дайын болған, бірақ Бучадағы жағдайдан кейін оларды талқылаудан мүлде бас тартқан.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Түркияның екі ел басшыларының келіссөзін ұйымдастыру ниетін қолдап, сонымен бірге гуманитарлық дәліз бойынша БҰҰ-Ресей-Украина байланыс тобын құруды ұсынды.

Атап айтқанда, Гутерриш Мариупольде "Азовсталь" зауытындағы адамдарды эвакуациялау мәселесін шешуді ұсынды. БҰҰ бас хатшысы кеңсесінің ақпаратына сәйкес, Ресей президенті зауыт аумағында қалған бейбіт азаматтарды эвакуациялау үшін Қызыл крест және БҰҰ-ны тартуға келіскен.

Владимир Путин Мариупольде әскери қимылдар тоқтағанын, 1300-ден астам украин әскері тұтқынға түскенін, Ресейдің араласуымен Мариупольден 140 мың тұрғын эвакуацияланғанын айтқан.

Гутерриш келіссөз кезінде Ресейдің Украинадағы әрекетін суверенді елге басып кіру деп атады. Ал Путин Украинаға басып кіруге "мәжбүр" болғанын, Украина билігінің кесірінен Донбасс тұрғындары "оқшауланып қалғанын" айтқан.

Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бері БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Мәскеуге алғашқы сапары. 26 сәуірде Гутерриш Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавропен де кездескен.

БҰҰ бас хатшысы Мәскеуден Киевке аттанады. Оның сапарын Мәскеуден бастауын Украина президенті Владимир Зеленский сынады. Зеленский БҰҰ бас хатшысы әуелі Ресей әскері қиратқан украин қалаларын көріп, одан кейін Мәскеуге баруы тиіс еді деп санайды.

Нидерланд Ресей азаматтарына туристік виза беруді тоқтатты

Амстердам, Нидерланд
Амстердам, Нидерланд

Нидерландының Ресейдегі консулдығы 27 сәуірден бастап Ресей азаматтарына қысқа мерзімді визаларды бермейтінін мәлімдеді. Оның ішінде туристік визалар да бар.

Бұған консулдық қызметкерлері санының қысқаруы түрткі болған. 19 сәуір күні Ресей сыртқы істер министрлігі Нидерландының 15 дипломатын қайтаратынын мәлімдеген. Бұл Амстердамның наурыз айындағы қадамына жауап еді. Ол кезде Нидерланд Ресейдің 17 дипломатын нон-грата тұлғасы деп жариялаған.

Нидерланд консулдығының айтуынша, енді Ресей азаматтары тек гуманитарлық виза мен ықтияр хатқа ғана құжат тапсыра алады.

Нидерланд Шенген аймағына кіреді. Яғни ол елге барғысы келетіндер Шенген аймағына кіретін өзге мемлекеттердің визасын алып, содан кейін Нидерландыға бара алады. Бірақ дәл осындай тыйымды Украинадағы соғыс басталғалы Эстония, Латвия, Литва және Чехия елдері де қабылдаған.

Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері Еуропа Ресейдің 400-ден дипломатын еліне қайтарған. Ресей мұндай қадамдарға қарымта шарамен жауап беріп жатыр.

Ресейдің Белгород облысында қару-жарақ қоймасы өртке оранды

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков Telegram-каналында таңғы төрт шамасында жарылысқа ұқсас дыбыстан оянғанын, кейін әлеуметтік желіге пост жазып жатқанда тағы үш жарылысты естігенін айтты.

Әзірге белгілі ақпарат бойынша, Старая Нелидовка (Белгород қаласынан оңтүстікке қарай, Украина шекарасына жақын) ауылы жақта қару-жарақ қоймасы өртке оранған деп жазды ол.

Гладковтың сөзінше, бейбіт азаматтар арасында жапа шеккендер жоқ, ал өрт сөндірілген.

Мұның алдында Ресейдің Бердянск қаласында екі мұнай базасы өртенгені хабарланған.

Соғыс уақытында мұндай ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG