Accessibility links

"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.
"Z" таңбасы бар әскери техника. Мариуполь қаласы, 16 сәуір 2022 жыл.

Украинадағы соғыста 11-17 сәуір арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

17 сәуір - Украинадағы соғыстың 53-күні. Негізгі ақпараттар:

  • Ресей әскері Украина қалаларын атқылауды доғармады. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей Харьков маңындағы әскерін көбейтуге тырысып жатыр. Жаңадан түсірілген спутник суреттері әскери техникалардың Харьков облысы Липчановка елді мекенінде шоғарланғанын көрсеткен. Техниканың біраз бөлігі Изюм қаласына қарай жол тартқан.
  • Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Ресей Украинадағы соғыста тактикасын өзгерткенмен мақсатын өзгерткен жоқ деп мәлімдеді.
  • Қоршауда қалған "Мариупольдегі украин күштерінің қазасы Ресеймен келіссөзге нүкте қоюы мүмкін". Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
  • Ресей Мариупольдегі украин күштеріне берілуді ұсынды.
  • Журналистер "Москва" крейсерінде қаза болған теңізшінің аты-жөнін анықтады.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 5 млн адам Украинадан босып кеткен. ​
  • Украина президенті Владимир Зеленский CNN арнасына берген сұхбатында Ресей басқыншылығы басталғалы бері шамамен үш мың украин жауынгері опат болып, он мыңы жараланғанын айтты.
  • Ресей Ұлыбританияның бірқатар саясаткерлеріне елге кіруге тыйым салды.
  • Пентагонның айтуынша, ресейлік "Мәскеу" крейсері Украинаның екі зымыраны түскеннен кейін суға батқан.

Украинада "Путинге жақын" депутат Виктор Медведчук ұсталды. Саясаткер ақпанда үйқамақтан қашып кеткен

Украинада "Путинге жақын" депутат Виктор Медведчук арнайы операция барысында ұсталды. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады. Ақпанның соңында ресейшіл саясаткер үйқамақтан қашып кеткен.

Виктор Медведчук.
Виктор Медведчук.

"Украина қауіпсіздік күштері арнайы операция өткізді! Жарайсыңдар" деп жазды Зеленский. Украина президенті саясаткерді қалай ұстағаны туралы мәлімет кейінірек жарияланатынын ескертті.

Кремль спикері Дмитрий Песков Медведчуктің ұсталғанына қатысты суретті көргенін, бірақ оның қаншалықты рас екенін айта алмайтынын ТАСС агенттігіне мәлімдеді. Песков суретті тексеру керек деп есептейді.

"Оппозиционная платформа – За жизнь" партиясы саяси кеңесінің төрағасы Виктор Медведчук – Ресей президенті Владимир Путинмен тығыз байланыс орнатқан украин саясаткері. 2004 жылы Владимир Путин Медведчуктің кіші қызы Дарияға өкіл әке атанған.

19 ақпанда Медведчук пен оның әйелі Оксана Марченконың мүлкіне санкция жарияланды.

Медведчук Украинада мемлекеттік сатты деген айыппен тәулік бойы үйқамақта отырған, алайда кейін оны бақылауда ұстау әдісі өзгерген. 26 ақпанда Бас прокуратура Ұлттық полицияға Медведчуктің үймақта бар-жоғын тексеруді тапсырған, алайда саясаткер орнында болмай шыққан.

Лукашенко "Бучадағы қырғынды ағылшындар ұйымдастырды" дейді

Бүгін, Амур облысында Владимир Путин мен Александр Лукашенко кездесу өткізген еді. Кездесуден соң екеуі брифинг өткізді. Путин мен Лукашенко не айтты?

Путиннің сөзі:

  • Украина, Беларусь және Ресей – бір-біріне ұқсас үш халық. Қазір Украинада болып жатқан оқиға – трагедия, бірақ Ресейдің таңдауы болмады.
  • Батыс елдері арқа сүйеген блицкриг (көзілеспес соғыс) іске аспады. Экономикамыз бен қаржы жүйеміз аяғында нық тұр. Бірақ алдағы уақытта қауіп артуы мүмкін.
  • Украинамен келіссөз Александр Лукашенконың арқасында басталды.
  • Қазіргі жағдайға байланысты Ресей мен Беларусьтің интеграциясын нығайту керек.
  • Украинадағы "арнайы операция" (Кремль Украинадағы жағдайды "соғыс" деп атағандарды қудалайды) мақсатына жеткенше жалғасады.

Лукашенконың сөзі:

  • Беларусь пен Ресей тарихында Батыспен қатынас дәл осындай қауіпті болмаған.
  • Егер Ресей Украинаға арнайы операциядан сәл кешіккенде бұл елдің аумағына жойқын шабуыл жасалар еді.
  • Ешқандай санкция бізді жолдан тайдырмайды.
  • Бучадағы жағдай – ағылшындар жүргізген психологиялық арнайы операция.

Украинаның Киев облысындағы Буча қаласында кемі 400 бейбіт тұрғын қаза тапқан еді. Олардың көбінің мәйіті Ресей әскері Бучадан кеткен соң қала көшелерінен, аулалардан табылған. Украина мен Батыс елдері Бучадағы қырғынды Ресей әскерилері жасады деп мәлімдеді. Халықаралық ақпарат құралдары бұған көп дәлелдер келтіріп, куәгерлермен сөйлесті. Ресей Бучадағы қырғынды мойындамай, оқиғаны "қолдан ұйымдастырылған" деп отыр.

Путинның бұйрығымен Ресей әскері Украинада 24 ақпанда басып кірген. Ресей басшысы бұл басқыншылықтың мақсаты Украинаны "денацификациялау" және "демилитиризациялау" деген еді.

Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

Бір жарым айдан бері Украинада ауыр шайқас жүріп жатыр. БҰҰ есебінше, соғыстан екі мыңдай бейбіт тұрғын қаза болған. Ал Украина билігі Мариуполь қаласының өзінде ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.

Ресей 24 ақпаннан бері Украинаның оңтүстігінде Херсон қаласының, Харьков және Донбасс облыстарының бір бөлігіне бақылау орнатты, бірақ Киев пен Украинаның солтүстігінен шегінді. Халықаралық сарапшылар Ресей әскері бұл соғыста көп шығынға ұшырағанын айтады. Путиннің баспасөз хатшысы Песков та "Украинадағы шығынымыз көп" деп мойындаған. Кремль Украинаға соғыс ашқан соң Батыс елдері Ресейге бұрын соңды болмаған санкциялар салды.

Путин "арнайы операциядағы мақсатымыз Донбасс халқына көмектесу" дейді

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" "қажет болғанын" мәлімдеді. Ол бұл сөзін Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының жұмысшыларымен кездесуде айтты.

"Біз, бір жағынан, адамдарға көмектесіп, оларды құтқарып жатырмыз. Екінші жағынан Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасадық. Бізде басқа таңдау болмағаны сөзсіз. Бұл – дұрыс шешім" деді Путин.

Путин Украинада "антиресейлік плацдарм" мен "неонацизм қалыптаса бастады" деп санайды. Ол "Украинадағы "арнайы операцияның" мақсаты анық, бұл – Донбасс халқына көмектесу" деді. Ресей басшысы "мақсатымызға қол жеткіземіз" деп сенеді.

Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

Киев облысы әскери әкімшілігінің басшысы Александр Павлюк Ресей әскерилері Бучада 400-ден аса бейбіт тұрғынын өлтірді деп мәлімдеді. Бұған дейін Буча мэрі Анатолий Федорук 320 адам қаза тапқанын айтқан еді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG