Accessibility links

Кличконың Киев мэрі болуы мүмкін бе?


Виталий Кличко "Еуромайдан" шерушілерімен амандасып тұр. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 15 желтоқсан 2013 жыл.
Виталий Кличко "Еуромайдан" шерушілерімен амандасып тұр. Киев, Тәуелсіздік алаңы, 15 желтоқсан 2013 жыл.

Украинада жүргізілген сауалнама нәтижесі бокстан әлем чемпионы және УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличконың Киев мэрі сайлауында жеңіске жетуі мүмкін екенін көрсетті.

Украинадағы сайлауға бір айдан аз уақыт қалды. Мамырдың 25-і күні бұл елде президент және Киев мэрі сайлауы өтеді.

САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІ

Бокстан ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, УДАР партиясының жетекшісі Виталий Кличко Киев мэрі сайлауына тіркелген кандидаттар арасында сайлаушылар алдындағы беделі жағынан топ бастап келеді.

«Разумков қоғамдық-саяси орталығы» үкіметтік емес ұйымының сәуірдің 26-сы күні жүргізген сауалнамасының нәтижесі бойынша, Киевтегі респонденттердің жартысынан астамы УДАР партиясының жетекшісі Кличконы қолдаған.

Наурыздың 7-сінен бастап Киевтің уақытша мэрі қызметін Владимир Бондаренко («Батькивщина» партиясы) атқарып отыр. Мэр сайлауына кандидат болып тіркелген ол сауалнама қорытындысы бойынша, Кличкодан кейінгі 2-орында тұр. Сауалнамаға жауап берген Киев тұрғындарының 10 пайызы оған оң ниет білдірген.

Өзге кандидаттар – Николай Катеринчук («Батькивщина» партиясы) – 9 пайыздан астам, Андрей Ильенко («Свобода» партиясы) – 4 пайыздан астам, Леся Оробец (партияда жоқ) 4 пайыз «дауыс» жинаған.

«Разумков» орталығының директоры Андрей Биченконың пікірінше, Кличко көпшілікке «Еуромайдан» шерулері кезіндегі белсенділігімен ұнаған. Ол осы шерулер кезінде «Свобода» партиясының жетекшісі Олег Тягнибокпен және қазіргі премьер-министр Арсений Яценюкпен бірігіп, оппозициялық үштік құрған еді.

Олар үш айға созылған қарсылық шерулері кезінде топ алдына жиі шыққан, соның ішінде Кличко шерушілер мен титушкалар арасындағы шайқасты басуға да күш салған.

«МАЙДАНҒА ШЫҚҚАН КЛИЧКОНЫҢ БЕДЕЛІ ӨСТІ»

«Кличконың Майдандағы әрекеті халықтың көңілінен шықты. Оның рейтінгіне нұсқан келмеді. Тіпті одан сайын беделі артты. Бұл - Киев тұрғындарына танымал болудың ең баяу әдісі, бірақ ең сенімді әдісі» дейді Биченко.

Кличконың мэр сайлауына қатысуы спортшының саясаттағы алғашқы қадамына қайта оралғандай әсер қалдырады. Ол 2006 жылы мэр сайлауына түсіп, Леонид Черновецкийден жеңіліп қалған еді. Черновецкий 2012 жылы Киев әкімшілігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау шыққан соң орнынан кетті.
Виталий Кличко (сол жақта) Петр Порошенкомен әңгімелесіп отыр. Киев, 8 сәуір 2014 жыл.
Виталий Кличко (сол жақта) Петр Порошенкомен әңгімелесіп отыр. Киев, 8 сәуір 2014 жыл.


Кличко «Еуромайданда» жинаған беделін президенттік сайлауда сынамақ болған. Бірақ аяғында президент сайлауына түсуден бас тартып, миллиардер Петр Порошенконың саяси одақтасына айналды. Порошенко сайлауда сарғылт-қызыл төңкерістің өкілі Юлия Тимошенкомен күш сынаспақ.

«Солидарность» партиясының жетекшісі Порошенконы да киевтіктер қолдайтын сияқты. «Сауалнамаға қатысқандар оған сенімді саяси қайраткер ретінде қарайтындарын білдірді» дейді Биченко. Ал Аймақтар партиясының өкілі – президент сайлауына кандидат болып отырған Сергей Тигипкоға Киев тұрғындары сенбейді. Биліктен қуылған бұрынғы президент Виктор Янукович Аймақтар партиясының жетекшісі болған еді.

Сауалнама «Еуромайдандағы» қанды қақтығысқа киевтіктердің әртүрлі қарайтынын көрсетті. Респонденттердің 42 пайызы астананың «даму бағыты дұрыс» десе, 17 пайызы Киевті «бейбіт әрі гүлденген қала» санайды.

«Разумков» орталығы директорының орынбасары Михаил Мищенко «Олар (респонденттер) тек астанадағы жағдайды емес, бүкіл елдегі ахуалды есепке алып отырған шығар. Астананы елдің басқа бөлігінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан респонденттер өздерінің әлеуметтік және психологиялық күйін сипаттауы мүмкін. Олардың жауабына елдің шығысындағы оқиғалар да әсер етеді» дейді.

(Яна Полянскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG