Accessibility links

Қазақстандық бес картина Sotheby’s-те сатылады


Фрэнсис Бэконның "Айнадағы бейне" картинасы Sotheby’s үйінің Нью-Йорктегі бөлімінде сатылды. 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Фрэнсис Бэконның "Айнадағы бейне" картинасы Sotheby’s үйінің Нью-Йорктегі бөлімінде сатылды. 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық бес суретшінің туындылары наурыз айында Лондондағы Sotheby’s аукцион үйінің көрмесіне қойылмақ. Қазақстандық суретшілердің еңбектері бұл аукционға тұңғыш рет шығады.

Әлемдегі ең көне аукцион үйлерінің бірі Sotheby’s 2013 жылы наурыздың 4-і мен 12-і күндері аралығында Лондонда Орталық Азия мен Кавказ елдерінің қазіргі өнер туындыларының «At The Crossroads» («Жолайрықта») деп аталатын көрме-сатылымын өткізеді.

Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан суретшілерінің 50-ге жуық картинасы қойылатын көрмені ұйымдастырушылардың хабарлауынша, «бұл аймақтың бейнелеу өнері тұңғыш рет кең ауқымда таныстырылмақ».

Шара туралы құлақтандыруда «СССР күйрегеннен кейін тәуелсіздік алған бұл елдер өз дәстүрлерін және советтік тарихын қазіргі жаңа тәжірибесімен ұштастыра отырып, Батысқа қарай батыл қадам жасап келеді» деп жазылған.

САЛАХИТДИН АЙТБАЕВ. «ТЫҢ ИГЕРУ. ТҮСКІ АС»

Көрменің каталогына қазақстандық бес суретшінің туындысы енген. Олардың екеуі - Қазақстанның советтік кезеңіндегі кескіндемесі. Бұл - Салихитдин Айтбаевтың «Тың игеру. Түскі ас» және Бахтияр Табиевтің «Каспий жағасындағы ауыл» картиналары. Оларды Sotheby’s көрмесіне Алматыдағы Рысбек Ахметов атындағы галерея ұсынды.

Рысбек Ахметов атындағы галерея директоры Эльмира Ахметова. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.
Рысбек Ахметов атындағы галерея директоры Эльмира Ахметова. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.
Галерея директоры Эльмира Ахметованың айтуынша, Салихитдин Айтбаевтың «Тың игеру. Түскі ас» картинасы - 1960-жылдары жазылған «Түскі ас. Бригада жиналысы» картинасының бір нұсқасы.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында сақтаулы тұрған бұл картинаны суретші кезінде сынға ұшыраған соң қайта салып шыққан.

Сыншылар картинада «Құпия кездесудегі» сюжетпен ұқсастық, «пикацизм», «буржуазиялық сарын бар» деген еді.

БАХТИЯР ТАБИЕВ. «КАСПИЙ ЖАҒАСЫНДАҒЫ АУЫЛ»

Эльмира Ахметова аукционға «Каспий жағасындағы ауыл» картинасы ұсынылған суретші Бахтияр Табиевті халықтың дәстүрлі тұрмысы тақырыбынан ауытқымайтын суретші ретінде сипаттайды.

Рысбек Аметов атындағы галерея әлемдік арт-нарық алыптарымен осымен екінші мәрте әріптес болып отыр. Осыден бірер жыл бұрын галерея ұсынған жұмыстар Christies аукционында (Sotheby’s-тің басты бәсекелесі) сатылған.

СЕРГЕЙ МАСЛОВ. «ДАЛАНЫҢ АҚ ТҮНІ»

Көрмеге қойылатын үшінші еңбек - Сергей Масловтың «Даланың ақ түні» («Белые ночи в степи») картинасы (1995 жылы салынған). Суретшіні жақсы білетін әріптестерінің пікірінше, Сергей Маслов – бағасын әлі толық алмаған суретші-авангардист.

1990 жылдары «Шығыс – нәзік дүние» («Восток – дело тонкое») перформансы үшін Сергей Масловты көркем академиядан оқытушылық қызметтен шығарған. Оның соңғы жұмыс орны – «Вояджер» галереясының қарауыл-күзетшісі. Сергей Масловтың картиналары қайтыс боларынан бір ай бұрын Қазақстанның көрнекті суретшілерінің бірі ретінде Берлинде қойылды.

АЛМАГҮЛ МЕҢЛІБАЕВА. «АРАЛ. ЖАҒАЖАЙ. 2»

Лондонда көрсетілетін тағы екі туынды - қазір көзі тірі суретшілердің картиналары. Соның бірі - Алмагүл Меңлібаеваның «Арал. Жағажай.2» (2011 жыл) картинасы. Суретте иен далада қараусыз қалған баржа қасында жерде жатқан жалаңаш қыз бейнеленген.

Қазір Берлинде тұратын Алмагүл Меңлібаеваны Қазақстанда ғана емес, шетелде де көрмелері арқылы жақсы таниды. Өнердегі жолын кескіндемеші ретінде бастаған Меңлібаева кейін видеоарт пен фотосурет жанрына көшті.

Сұлулық пен сұрықсыздықты қатар бейнелу – Алмагүл Меңлібаева өнері ерекшелігінің бірі. Көрмеге қойылатын фотосурет - суретшінің Арал теңізі маңындағы тіршілікті зерттеу жобасының бір бөлігі.

ГЕОРГИЙ ТРЯКИН-БУХАРОВ. «АЛТЫН ҚИМА»

Аталған көрмеге Георгий Трякин-Бухаровтың «Алтын қима» («Золотое сечение») картинасы (1991 жыл) да қойылады.

Поп-арт шебері Геогрий Трякин-Бухаров. Алматы, 9 қазан 2011 жыл.
Поп-арт шебері Геогрий Трякин-Бухаров. Алматы, 9 қазан 2011 жыл.
Поп-арт өнері мен инсталляция жанрын қолданатын суретші шығармаларында сталиндік репрессия тақырыбын қамтиды. Әдетте оның жұмыстарының материалдары - шойын ванна, құбыр, кастрюльдер сияқты қоқысқа тасталған заттар.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Георгий Трякин-Бухаров бұл картинаны салу идеясы автобуста келе жатып, терезеден байқап қалған, көлік жүрісімен бірте-бірте алыстап бара жатқан кішкентай қақпадан туғанын айтады. Осы картинаны салу үшін ол үйін қоршаған ағаш дуалды бұзыпты (Sotheby’s сайтында «орындықты бұзған» деп қате жазылған). Оған қоса жабылып қалған өрт сөндіру депосының терезе рамасын пайдаланған. Композицияның ортасында кішкентай икона орналасқан.

Георгий Трякин-Бухаров бірнеше рет Италия, Германия және Үндістанда өткен ұжымдық көрмелерге қатысқан. Суретші «Sotheby’s көрмесіне қатысу мәртебемді көтерді» дейді.

Сұхбат барысында оның қаржы жағынан қысылып жүргені байқалды. Үйінде телефон жоқ екенін айтқан суретші: «Орнына ұялы телефон сатып алуға ақша жинағаным дұрыс» дейді. Ол шетелдік және алматылық көрмелерге демеушілердің көмегімен қатысып жүр.

SOTHEBY’S КӨРМЕСІНЕ ҚАЛАЙ ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ?

Sotheby’s үйінің әлемнің түрлі елдерінде көптеген өкілдігі бар. Мәселен Мәскеу, Стамбул, Тель-Авив, Доха, Пекин, Бангкокта ашылған. Ал өкілдігі жоқ елдерге аукцион үйінің қызметкерлері өздері келіп, танымал авторлардың туындыларын іздейді. 2012 жылдың күзінде олар Алматыға келген.

Рысбек Ахметов атындағы галерея директоры Эльмира Ахметованың айтуынша, Sotheby’s өкілдері алдымен бұл жұмыстармен галереяның өзінде танысқан. Содан кейін суретшілердің шеберханаларын аралап, өмірден озған суретшілердің отбасыларымен кездесіпті. Сөйтіп, Салихитдин Айтбаев пен Бахтияр Табиевтің картиналарын таңдаған.

Рой Лихтенштейннің «Ұйықтап жатқан ару», картинасы Sotheby’s көрме-аукционында тұр. 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Рой Лихтенштейннің «Ұйықтап жатқан ару», картинасы Sotheby’s көрме-аукционында тұр. 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сергей Масловтың туындысын Sotheby’s көрмесіне суретшінің туыстары ұсынған.

Sotheby’s-тен келген қызметкерлер барған суретшілердің бірі - Георгий Трякин-Бухаров. Өзі айтқандай, олар каталогты шолып шығып, Пермь қаласында көрмеде тұрған «Алтын қима» картинасын таңдап алған.

Sotheby’s үйі картиналарды Лондонға жөнелту ақысын және суретшінің ол жаққа барып-қайтатын жол шығындарын төлемейді.

Қазақстандық суретшілер туындылары Sotheby’s үйінің назарына Қазақстанда туған, қазір Лондонда тұратын пианист Элеонора Бекованың көмегімен ілінгені айтылады. Ақпарат құралдарының жазуынша, 2009 жылы Англияға Қазақстаннан барған музыканттардың өнеріне тәнті болған Sotheby’s департаменттерінің бірінің басшысы лорд Марк Полтимер музыкантқа "Лондонда қазақстандық суретшілердің көрмесін ұйымдастырайық" деген ұсыныс айтқан.

Ол жолы Ұлыбританияға Андрей Нода, Бақыт Бәпішев, Асқар Есдәулетов, Марат Бекеев және Владимир Григорян сияқты авторлардың 30 картинасы жіберілген. Бірақ 2009 жылы көрме ғана болып, картиналар сатылмай, иелеріне қайтарылған.

КАРТИНАНЫҢ БАҒАСЫ

Алда өтетін көрме-сатылымға шығатын туындылардың бағасы Sotheby’s сайтында көрсетілмеген. Тек арнайы сұрау жіберген тарапқа хабарланатыны жазылған. Картиналар жеке адамдарға сатылады. Шетелдік аукцион үйлері туындыны сатып алған адамның аты-жөнін жарияламайды. Сондықтан Christie’s көрмесінде әкесі мен Евгений Сидоркиннің картиналарын кімнің сатып алғанын Эльмира Ахметова білмейді.

2009 жылы қазақстандық авторлардың 30 картинасы Sotheby’s-те алғаш рет көрсетілген кезде Элеонора Бекова «Авторлар миллион табамыз деп үміт күтпесін. Батыста суретшінің есімі белгілі болмаса, ешкім ақша шашпайды» деген еді.

Георгий Трякин-Бухаровтың айтуынша, сатылмаған картиналарды иелеріне қайтарып береді. «Жолайрықта» көрмесінің каталогы коллекционерлерге таратылады. Сондықтан әйтеуір біреу көрме аяқталған соң сатып ала ма деген үміт бар.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Азаттық тілшісі Sotheby’s үйінде қазақстандық авторлардың қатысуымен өтетін көрме туралы Алматыдағы «Ұмай» галереясының директоры Юрий Марковичтің пікірін сұрады.

«Ұмай» галереясының директоры Юрий Маркович. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.
«Ұмай» галереясының директоры Юрий Маркович. Алматы, 13 ақпан 2013 жыл.
- Бұл - Қазақстан өнері үшін аса қажетті және тиімді шара. Біздің өнеріміз де шетке шығып, бағасын алуы тиіс. Мұны таяу жылдары орындала қоймайтын арман деп ойлайтын едік. Бірақ алғашқы қадам жасалды, - дейді Юрий Маркович.

Юрий Марковичтің ойынша, Sotheby’s аукцион үйі Қазақстан немесе тұтас Орталық Азияға көптен «көз тігіп» жүр. Ол осыдан бес-алты жыл бұрын Вильнюсте өткен жәрмеңкеде Sotheby’s өкілі қазақстандық галереяны мақтағанын айтты.

Юрий Марковичтен аукцион үйлерінің өкілдері Қазақстанға жиі келетінін естідік.

«Қазақстандық авторлардың картина, мүсіндерін шетелге сату мәдени құндылықтарымызды шетелге асыру емес пе?» деген сауалға:

- Мен олай демес едім. Ең қастерлі деген жәдігерлеріміз Қастеев атындағы мұражайда бәрібір сақтаулы ғой, - деді ол.

Маркович Қазақстанда пайда болған мәнді деген мәдени құндылықтарды есепке алып, оларды таныстырып отыратын мәдени қор сияқты бір ұйымның жоқтығына қынжылды.

Әлжан Шомаевтың Forbes Kazakhstan журналына жарияланған пікірі басқашалау. Ол «Кенептегі көлеңке» деген мақалада «коллекционердің картиналарды шетке бақылаусыз жөнелтуі үлкен проблемаға айналды» деген.

«Қалтасы қалыңдар үшін картинаны біздің елден алып кету оп-оңай. Ұшақты мұқият тексеріп жатқан ешкім жоқ. Құнды коллекцияны шетке әкетсе, демек оның құнын түсірген сарапшы немесе шекарадан өткізіп жіберген кеденші кінәлі» деп жазады ол.
XS
SM
MD
LG