Қазақстандық дәрiгерлер жаңа емдеу әдiстерiн тауып отыр

Қазақстан дәрiгерлерi әлемде тұңғыш рет жұлынның нерв клеткаларын трансплантациялау әдiсi арқылы операция жасады.
Оны шiлденiң 31-күнi Астанадағы республикалық клиникалық ауруханада Қазақстанның денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев бастаған дәрiгерлер тобы сәттi жасап шыққан. Бұл туралы дүйсенбi күнi осы аурухананың директоры Абай Байгенжин журналистер үшiн арнайы өткiзiлген баспасөз маслихатында көпшiлiкке жария еттi.

- Соңғы екi жылдан берi қол-аяғы сал болып қалған бiр сырқат әйелге жасалған осындай операциядан соң екi күн өткенде әлгi әйелдiң аяқ-қолына жан бiттi. Қазiр бiз сырқаттардың жаңа тобын осы әдiспен емдеуге әзiрлеп отырмыз, - дедi Абай Байгенжин.

Қазақстандық дәрiгерлер өздерi алғаш жасап отырған осы медициналық емдеу түрiн бiрнеше жыл зерттеген екен. Алдағы уақытта бұл жаңа емдеу әдiсi осы кезге дейiн медицинада дауасы жоқ деп саналып келген Паркинсон мен Альцгеймер ауруларын, балаларда кездесетiн сал ауруын, сол секiлдi адам омыртқасында кездесетiн кейбiр ауру түрлерiн емдеп шығаруға мүмкiндiк бередi дейдi Абай Байгенжин.

Сондай-ақ, Астанадағы республикалық клиникалық ауруханада адам бауырындағы клеткалар – гепатоциттердi трансплантациялау жөнiндегi клиникалық сынақтар жүргiзiлгенi мәлiм болып отыр. Қазақстандық ғалым-дәрiгерлер тапқан бұл емдеу әдiсi бiр жарым жылдан берi тәжiрибеден өтiптi.

Қазiрге дейiн бауыр циррозы дертiне ұшыраған 200 адам осындай әдiспен жасалған операциядан кейiн сырқатынан жазылыпты. Гепатоциттердi трансплантациялау арқылы жасалатын жаңа емдеу әдiсi бүгiнде республиканың басқа да емдеу мекемелерiне жiберiлдi деп мәлiмдедi Қазақстан астанасындағы республикалық клиникалық аурухананың жетекшiсi Абай Байгенжин.