Афин Олимпиадасының ашылуы аса салтанатты жағдайда өтпек

Сонымен, жұма күні – тамыздың 13-де Грекия астанасы Афин қаласында Олимпиада ойындары басталады. Олимпиада ойындары әлемнің ең биік спорт додасының отаны – көне Афинға сан-алуын ғасырлардан кейін оралып отыр. Олимпиаданың ашылуы аса салтанатты жағдайда өтпек. Грекия үкіметі Олимпиада ойындары кезеңінде аса үлкен сақтық шараларында қолға алды. Жұма күнгі салтанатқа 202 елден келген он жарым мыңдай спортшы қатысады.
Біздің заманымызға дейінге 776-шы жылы көне Грекияда алғашқы Олимпиада ойындары орын алғанда бұл тек қане жүгіру жарыстары болатын. Олимпиада ойындары Афин қаласында 1896 жылы қайта жаңғыртылғанда спортшылар 43 сайыста күш сынасты. Жұма күні тағы осы Афинде ашылатын ойындарға он жарым мың спортшы қатысады, олар 301 алтын медал үшін бәсеке құрады. Ойындардың ұйымдастыру комитетінің төрайымы Гианна Ангелопоулос-Даскалаки ашылу салтанатын дүниежүзі қаумы теледидар арқылы тамашалай алады, Олимпиада стадионына жеткен мыңдаған халық ғаламат көрініске тап болады дейді:

- Ашылу салтанаты көне Грекияның тарихын және ойындардың дүниеге келген тарихын музыка, би және ғаламат салтанат арқылы баяндайды. Бұл ғаламдық аудиторияға ләззат әкеледі және оларды баулап алады, біз оларға талай сюрприз жасаймыз.

Ашылу салтанатының егжей-тегжейлі тұстары құпия сақталып келседе, грекиялық журналистер олардың біразын жарыққа шығарды. Екідүркін олимпиада чемпионы, танымал күресші Пиррос Димас Грекия туын алып шығады. Стадионның табаны суға толып, үлкен теңізге айналады. Суға құйрықты жұлдыз құлап, олимпиада белгілері от боп жанады. Бұдан соң ең үлкен сюрприздың уақыты келмек.

Олимпиаданың толыққанды сайыстары сенбі күні басталады. Дегенмен, футбол сайыстары осы аптаның басында ашылған-ды. Афин ойындары 11 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарына жасалған террорлық шабуылдардан кейінгі тұңғыш жаз олимпиадасы болып тұр. Сондықтан қауіпсіздік шараларына аса үлкен мән берілді. Афин ойындары мекеніне жеті мыңдай сарбаз, полиция және қауіпсіздік қызметтерінің өкілдері жиналды. Грекия үкіметі көмекке НАТО әскери одағын шақырды. Ойындар аймағы әуеден қадағаланып жатыр, тиісті жерлерге "Пэтриот" әуе қорғаныс зымырандары қойылды.

Кейбір елдер өз спортшыларын қорғауға жеке шараларды атқарып жатыр. Израил білім және спорт министрі Лимор Ливнат былай дейді:

- Мюнхенде 1972 жылы болған Олимпиада ойындары кезінде 11 израилдік спортшы өлтірілген соң бұл жарыстар террорлық шабуылдардың қаупіне тап болғанын білеміз. Бұл әсіресе 11 қыркүйектен кейін ерекше назарда. Әлбетте, террорлық шабуылдардың құрбанына айналмаймын деп сенімді болу үшін Израил делегациясы қажет шараларды іске асырды.

Олимпиада ойындарына дайындық кезінде ерекше қолға алынған тағы бір нәрсе – ол допинг бақылауы. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасынан кейін 11 атлетке қатысты допинг зерттеуі әлі анығына жетпей тұр. Афин Олимпиадасының қожайындары допинг қолдану мәселесімен қазірдің өзінде бірнеше спортшыны жарыстардан алып тастады.