Әндіжан мен Қарасуда наразылық жалғасып жатыр

Сенбі күні Қарасу қаласында жүздеген адам шеруді жалғастырып, жергілікті қауымдастықтың басшысы Бақтиор Рақымовты қамаудан шығаруды талап етті. Қарасу халқы көтеріліп, жергілікті мемлекет басшыларын кеңселерінен қуып шыққанда, Бақтиор Рақымов халық әкімі болып сайланған еді.
Мамырдың 13-де Әндіжанда болған қырғыннан кейін жағдай басылатын емес. Өзбекстан үкіметі тәртіпті қалпына келтіре білдік деп, халықаралық көмектен бас тартса да, сенбі күні Өзбекстан шығысында текетірес жалғасып жатқаны жайында тағы мәлімет түсті.

Сенбі күні таңертең Әндіжанда ондаған адам облыстық полиция кеңсесінің алдына жиналып, қанды қақтығыста жоғалып кеткен туысқандары жайында мәлімет беруді талап етті. Бұл туралы Азаттық радиосы Өзбек редакциясының тілшісі Ғафұр Юлдашев былай деп хабарлады:

- Сенбі күні таңертеңгі сағат жеті жарымнан соң 150 шақты адам Әндіжанда ішкі істер министрлігі бөлімшесінің алдында жиналды. Бұлар – көтеріліс кезінде жоғалып кеткендердің туған-туыстары. Бұлар күнде таңертең келіп, табылған адамдардың тізімдердің оқылуын тыңдайды. Жұрт сағат он екіге дейін күтті де, тарады. Жоғалған туысқандарының есімдері аталмағанына бұлардың көпшілігі қапа болып кетті.

Сенбі күні кешке дейін түскен мәліметтерге қарағанда, Қарасуда екі күн қатарынан халық демонстрациясы жалғаса түсті. Қырғызстанмен шекаралас Қарасу қаласының халқы Әндіжаннан соң көтеріліп, халық билігін орнатқан болатын. Өзбек әскері бейсенбі күні Қарасуда үкімет билігін қалпына келтіріп, ереуіл басшыларын қамауға алды. Жұрт халық әкімі Бақтиор Рақымовтың азат етілуін талап етеді. Бұл туралы тілшіміз Ғафұр Юлдашев былай хабарлады:

- Кеше басталған наразылық сенбі күні жалғаса түсті. Халық Рақымов және онымен қоса сол күні тұтқындалған 7-8 адам босатылсын деп талап айтады. Бұл – олардың бас талабы.

Тілшіміз, сол сияқты, Әндіжанда полиция мен әскер саны өте көп, көптеген сақшы қарапайым киім киіп алған, мені де ұстап алып, тінткіледі, барлық журналистік құралдарымды тексеріп, қатты бөгет жасады дейді.

Өзбекстан үкіметі елде болған қанды қырғын туралы нақты мәлімет бермей отырғанда, халықаралық ұйымдардың өкілдерін жолатпай отырғанда, босқындардың әңгімелері көтерілістің деректеріне айналды. Әндіжандағы көтеріліске түрткі болған жағдай – жергілікті 23 кәсіпкерге түрлі айып тағылып, олардың сотын халық қудалау деп тапты.

Наразылық танытушылар түрмеге кіріп, сотталып жатқандарды босатып алған болатын. Сол 23 кәсіпкердің арасында Атаматов және Нұриддинов деген азаматтар болды. Олар тасы өрге домалап келе жатқан компанияларынан айырылып, былтыр түрмеге қамалған екен.

Өзбек үкіметі "Акрамия" исламшыл тобына қатысасың деп оларды сотқа тартқан. Енді міне осы екі азамат Қырғызстанның Жалалабад облысы Қарадария ауылында орналасқан босқындар қосында жан сауғалап отыр. Бұл қоста 540 астам өзбек азаматы бар. Көтеріліс басталғанын Атаматов былай еске алады:

- Сол кеште біз сыртта аздаған атысты естідік. Дәліздегі сақшылар қашып кетті. Соғыс басталған шығар деп ойлап қалдық. Бұдан соң жұрт келіп, есікті бұзып кірді. Түрмедегілердің барлығы сыртқа ұмтылды. Біз бұлай болады деп ойламаған едік, не болып жатқанын білмедік.

Бұдан соң түрме тұтқындары далада жиналыпты, қас қарайып, түк көрінбейді. Нұриддиновтың айтуынша, біреу қаласаңдар әкімшілікке барайық, құқықтарымыздың сақталуын талап етейік депті. Халық әкімшілікке қарай ағылып жатты. Бұдан соң не болғаны аян.

Өзбек әскері демонстрацияға шыққан халыққа оқ жаудырды. Өзбекстан үкіметінің ең соңғы мәліметтері қақтығыстарда 169 адам өлді дегенге тірелді. Халықаралық құқұқ қорғаушы ұйымдар және өзбек оппозициялық ұйымдары Әндіжанда және Пахтаобод елді мекендерінде кемінде бір мың бейбіт адам қаза тапты дейді. Әндіжаннан шамамен үш мың адам босып, Қырғызстанға жан сауғалап кетті.

Азаттық радиосына сұхбат берген Атаматов және Нұриддинов деген екі бұрынғы ірі кәсіпкер түрмеде азаптау мен қысымның барлық түрін көргендерін айтты.

- Қудалауымыздың басты себебі – экономикалық деп білеміз, Өзбекстан үкімет жүйесі еркін кәсіпкерлікті бірден тұншықтырады, бюджет дағдарысын бизнесмендерді тонау арқылы шешкісі келеді дейді. Өзбекстанда кез-келген сала монополияланған, егерде үкімет басындағылардан тәуелсіз болсаң, экономикалық еркіндігің асып кетсе – саған барлық пәлені жабады, қаржы айыптарын таба алмаса – ислам экстремизмі айыбын салады да тіршілігіңді тұншықтырады, - дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Нұриддинов деген азамат.

Бұл азаматтар халық қолында ешқандай қару болған жоқ. Көтерілісті үкімет өзі арандатуы мүмкін, әйтпесе наразылық танытушыларды кім бастағанын, түрмені ашып алуды, демонстрацияны кім ұйымдастырғанын білмейміз дейді бұл азаматтар.

- Қантөгіс кімге керек болған екен, халыққа мұның қажеті жоқ, - дейді Нұриддинов. Бұл екеуі Қырғызстан үкіметінен енді саяси баспана сұрамақ.