Баспасөзге шолу. 08.23.2005 жыл

Қазақстанда сейсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдарда президент сайлауының мерзіміне қатысты Конституциялық кеңестің сөзінен соң республиканың саяси өмірінде жақын болашақта қандай өзгерістер болуы мүмкін екені жайлы болжамдар жасалыпты. Сондай-ақ, осыдан 12 жыл бұрын тамыздың 22-күні дүниеден өткен кеңестік дәуірдегі Қазақстан басшысы Дінмұхаммед Қонаев туралы мақалалар жарияланыпты.
«Жас Алаш» басылымы президент сайлауының өтетінін мерзіміне байланысты Конституциялық кеңестің сөзінен кейін биліктің ендігі қадамы қандай болмақ деген сауалмен саясаттанушылар Ерлан Қарин мен Әзімбай Ғалидың пікірін басыпты.

Ерлан Қарин дәл қазіргі уақытта елдегі билік Үкіметі ауыстырса да, саяси реформалар төңірегінде жаңа бастама көтеріп жатса да, оған назар аударудың, оны тіпті таразылап-талдап жату да артық керегі жоқ деп біледі. «Себебі, 1999 жылғы президенттік сайлау кезіне де осындай іс-әрекеттер жасалған. Естеріңізде болса, қоғамдық демократияландыру, коррупциямен күрес туралы ұран көтерілгенімен, ештеңе өзгермей, елдің үміті жасанды, уақытша ұрандардың астында қалды. Ал сол 1999 жылғы сайлау мен бұл жолғы сайаудың арасында белгілі бір ұқсастықтар бар. Солардың ең бастысы – жоғарғы билік өзін қанша жерден мықты көрсетіп, өз позициясын мызғымас етіп жариялағанымен, ол өзінің сескеніп отырғанын байқатып қалды» дей келе, Ерлан Қарин болашақта: «Билік өз қарсыластарын, оппозициялық топтарды былай қойғанда, қарапйым тәуелсіз ұйымдарды, тәуелсіз ақпарат құралдары мен тәелсіз журналистерді қуғындап, түрлі наразылық акияларын күш қодлану арқылы басып-жаныштаудан тайынбайтын сияқты» деген болжам жасайды. Әйткенмен де, бұл жолы өте қалса Назарбаевтың билік дәуіріндегі ақырғы президенттік мерзім болатындықтан, ол постназарбаевтық кезеңді қалыптастырумен де айналысуы, тіпті елдегі саяси процестерді қайтадан жаңадан бастауға да мүмкіншілігі бар дейді сарапшы. Бірақ, бұл әрекет сайлау алдындағы белгілі бір қадамдарға, мәселен, Ғалымжан Жақияновты түрмеден босату секілді нақты істерге байланысты болмақ. Сонда ғана билік өзінің белгілі бір қателіктерін мойндағанын және оны түзетуге әрекет етіп отырғанын білдіреді деп түйеді Ерлан Қарин. Ал қазақстандық тағы бір саясатанушы Әзімбай Ғали болса, бұл жолғы сайлау науқаны барысында әлеуметтік популизм етек алып, жоғарғы сатыдағы бірнеше жемқор көпе-көрнеу жазалануы мүмкін, ал сайлау кезінде пайда болған жанама кандидаттар нақты саяси бәсекелестерді тұқырту, абыройын арзандату, олардың сайлаушыларының санын азайтуға жұмыс істейтін болады, «жалпы, әкімдер бұл жолы үлкен бір жандайшаптық жасайды» дейді. Әзімбай Ғалидың пікірінше, елдегі саяси жүйені өзгерту туралы бастама «Отан» партиясының 7-съезінде көтерілуі мүмкін. Онда мысалы, жартылай парламенттік, жартылай президенттік республика болу туралы қарар қабылдануы мүмкін деген болжам айтады Әзімбай Ғали.

Ал, Қазақстан қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев «Литер» газетіне берген сұхбатында, дәл қазіргі кезеңде, ары дегенде орта мерзімді болашақта, Қазақстанға парламенттік басқаруға көшу қажет емес деген ойын білдіріпті. Сонымен бірге, ол аудан және облыс басшыларын маслихат депутаттары сайлағаны жөн деп санайды екен. Бұл орайда маслихаттардың ролін арттырып, олар әкімінің қызметіне бақылау жасай алатындай дәрежеде құқықтарын күшейту керек дейді қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.

Сондай-ақ, тамыздың 23-інде шыққан қазақстандық мерзімді басылымдарда осыдан 12 жыл бұрын тамыздың 22-күні дүниеден өткен кеңестік дәуірдегі Қазақстан басшысы Дінмұхаммед Қонаев туралы мақалалар жарияланыпты.

«Экспресс К» басылымында жарияланған естелік әңгімесінде Геннадий Толмачев Дінмұхаммед Ахметұлының өмірінің соңғы жылдары оған кітабын жазуға қолқабыс етіп, жиі кездесіп тұрғанын жазады. Автор республикада билік басына Колбин келіп, елде қайта құру саясаты жүріп жатқан кезде Қонаевты өзге жұрттан оқшау ұсталғаны туралы американдық журналистің жазғанынан дерек келтіріп баяндапты. Кейіннен «Вашингтон пост» газетінде басылған әлгі американдық журналистің мақаласында «аумағы Батыс Еуропаның жеріндей республиканы 34 жыл басқарған, 20 жылғы жуық Кңес одағындағы ең құдіретті орган – Орталық комитеттің Саяси бюросына мүше болған» Қонаевты зейнетке шыққаннан кейін КГБ-ның күзетшілері елдің барлығымен бірдей жолықтыра бермегенін жазады. Шетелдік азаматты өз үйінде қабылдауға алдын-ала келісім берсе де, КГБ қызметкерлері шетелдік журналистің Қонаевқа жолығуына тиым салғаны айтылады. Ал американдық қаламгер Қонаевқа өзінің қойғысы келген сұрақтарын жазбаша түрде жергілікті әріптестерінен беріп, оларға толық жауап алыпты. Оның серіктері шетелдікпен кездесе алмағанына қапаланған Қонаевтың: «сірә, мен енді өз үйімнің де қожасы емес тәріздімін» деп айтқанын жетікізіпті.

Д.Қонаев туралы «Литер» газетінде жарияланған «Ол адал еді» атты мақалада қазақстандықтар Қонаевтың есімін құрметтеп-қастерлейтіні жазылған. Ол дүниеден өткен тамыздың 22-күні Қонаевтың бейнесін еске түсіріп, Алматыдағы ескерткішінің басына, балалары мен немерелерімен бірге құшақ тола гүл әкелген жұртшылық кеңес дәуіріндегі Қазақ елі экономикасының, өндірісі мен ауыл шаруашылығының дамуын Қонаевпен байланыстырады деп жазады. Ұзақ жылдар Қонаевтың жеке күзетін басқарған полиция полковнигі Мырза Акуев Қонаев туралы сөзінде: «Ол адал болған еді. Ал, саясаткер мен адам үшін бұл қасиеттің мәні зор. Қонаевтың әлсіз, мойыған күйін ешкім де көрген емес» деп еске алады.